Елдос Сметов пен Әбиба Әбужақынова Астанадағы “Гранд-Слэм” турниріне қатыспайды
Фото:ҰОК
Дзюдодан ұлттық құраманың көшбасшылар Елдос Сметов пен Әбиба Әбужақынова Астанада өтетін “Гранд-Слэм” турниріне қатыспайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Елдос Сметов жарыстан денсаулығына байланысты шет қалды. Ол жақында операция жасатып, қазір қалпына келу кезеңінде жүр. Белгілі болғандай спортшы татамиге шамамен 3–4 айдан кейін оралады.
Ал Әбиба Әбужақынова да күтпеген жерден операция жасатуға мәжбүр болған. Оның қалпына келуі шамамен екі айға созылады деп күтілуде.
Айта кетейік, Елдос Сметов 2024 жылғы Париж Олимпиадасы чемпионы атанғаннан бері бірде-бір жарысқа қатысқан жоқ. Ол дзюдодан Орталық Азиядан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы . Сонымен қатар, Сметов үш Олимпиадаға қатысып, толық жүлде жиынтығын иеленген.
Өз кезегінде, Әбиба Әбужақынова 2025 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Қазіргі уақытта ол 48 келі салмақта әлемдік рейтингте көш бастап тұр. Бұған қоса, ол жақында Линц Гран-приі турнирінде өнер көрсетіп, қола медаль үшін белдесуде нидерландтық Амбер Гершеспе жол берді.