Экология министрі Атыраудағы қою түтінге қатысты пікір білдірді
Экология министрі Зүлфия Сүлейменова Атырау мұнай зауытындағы қою түтін мен "Ақ жайық" резерватындағы қамыс өртіне қатысты пікір білдірді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Зүлфия Сүлейменова Атырау мұнай өңдеу зауытының түтіндеуі мен "Kazakhstan Petrochemical Industries Inc" ЖШС-да факелде газ жағылғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, қазір екі кәсіпорынға қатысты тексеруді прокуратураға тіркеу жұмыстары жүріп жатыр.
"Бір айта кететін жәйт, кәсіпорындардың, әсіресе Атырау мұнай өңдеу зауытының (АМӨЗ) экологиялық көрсеткіштері көңіл көншітпейді. Табиғатты қорғау заңнамасын бұзу және факелде газды жандыру систематикалық түрде тіркелуде. Өткен жылы тиісті экологиялық заңнаманы систематикалық бұзғаны үшін АМӨЗ-дің экологиялық рұқсатын тоқтата тұру туралы Атырау облыстық экология департаменті материалдарды сотқа жолдаған болатын. Алайда биыл да экологиялық көрсеткіштер сапасының жақсармағанын көріп отырмыз. Осыған байланысты кәсіпорындар экологиялық көрсеткіштерін жақсарту мәселесін бақылауға алып, барлық бұзушылықтарды дереу жоюы қажет. Осы мәселе бойынша министрлік АМӨЗ бен KPI-нің бас компаниясы – ҚазМұнайГазға (KPI бойынша Самұрық Қазына Өңдеуді қоса) хат жолдамақ", – деп жазды ол желідегі парақшасында.
Еске салайық, бұған дейін Каспий жағалауындағы қамыс өртінен кейін Атырау қаласын қалың түтін басқаны туралы хабарлаған едік.