Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Екібастұз қаласының жаңа әкімі тағайындалды

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов Екібастұз қаласының жаңа әкімін таныстырды. Қызметке келген – мемлекеттік қызметкер Аян Бейсекин, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Павлодар облысының тумасы Аян Бейсекин 2019 жылдан бері туған жері Ертіс өңірін басқарып келеді. Бұған дейін ол Павлодар қаласы әкімінің орынбасары және Железин ауданы басшысының орынбасары қызметтерін атқарған. Бейсекин 2015-2017 жылдар аралығында Алматы қаласы Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарған.

Бұған дейін әр жылдары Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жүйесінде және жеке секторда қызмет атқарған.

Аян Бейсекин – президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі, "Болашақ" бағдарламасының түлегі.

Бейсекин 2008 жылы Л. Н.Гумилев атындағы ЕҰУ "мемлекеттік және жергілікті басқару" мамандығы бойынша бітіріп, 2013 жылы М. В. Ломоносов атындағы ММУ-дің мемлекеттік әкімшілік магистрі дәрежесін алған.

Аян Бейсекинді таныстыра отыра Әбілқайыр Сқақов Екібастұздың өзіндік экономикалық құрылымы мен еңбек дәстүрі бар ерекше шаһар екеніне тоқталып, қаланың жаңа басшысының міндеттерін атады.

"Қазіргі ең маңызды мәселелердің бірі – алдағы жылыту маусымының жақындауы. Бүгін жылумен қамту мәселесіне қатысты барлық тараптардың қатысуымен бөлек жиын өтеді", – деп атап өткен облыс әкімі.

Екібастұз қаласының әкімі Ардақ Қаңтарбаев тамыздың 8-і күні қарамағындағы қызметкердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін мемлекеттік қызмет туралы заңға сәйкес қызметінен кететінін хабарлаған. 

Атап айтқанда, Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Ахметов пен оның қарамағындағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің екі қызметкері биыл 6 маусымда сыбайлас жемқорлық жасады деген айыппен сотталды. Сот үкімімен Бауыржан Ахметов сегіз жылға, Түсіпбеков жеті және Садықов алты жылға бас бостандығынан айырылды.

 

Талқылау