Екі халықты бір-біріне қарсы қоюды көздеген бір күш пайда болды – Қырғызстан президенті Кенесары хан туралы жарияланған видеоға қатысты
Фото: president.kg
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Кенесары хан туралы тараған бейнероликке байланысты желіде жазба жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі қырғыз басшысының Facebook желісіндегі жеке парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қырғыз басшысы ғаламторда қырғыз бен қазақ халқының арасына жік салған видео пайда болғанын жазады.
"...Екі араға от салғысы келетін арандатушылар ақылға келмей жатқаны өкiнiштi. Біраздан бері байқап жүрмін. Екі халықты бір-біріне қарсы қоюды көздеген бір күш пайда болды. Ондайлар екі елдің де ішінде бар. Олар тарихи деректер мен шежіре-аңыздарды қолдарынан келгенше бұрмалап, қырғыздар сыртқы күштермен бірігіп қазақтарға қарсы әрекет етті деген секілді қисынсыз қорытындылар жасап, бүтін бір халыққа тіл тигізіп, отқа май құйғандай, осы тақырыпты өздеріне тиімді жақтан қозғап жүр", – дейді Жапаров.
Оның жазуынша, арандатушылық үшін оңай тақырыптардың бірі – он тоғызыншы ғасырдағы тарихымыздың трагедиялық беттері, әсіресе Кенесары ханның қырғыз жеріне басып кіруі және оның өлімімен аяқталған оқиғалар таңдалған.
Тарихтағы бұл кезеңді жақсы білетінін айта келе, қырғыз басшысы бейнероликте бұрмаланған деп санайтын бірнеше тарихи сәттерге тоқталған.
"Ол (Кенесары – ред.) нағыз батыр болған. Бірақ қырғыз жеріне кіріп келгенін және сол әрекетіне лайықты жауап алғанын жоққа шығаруға болмайды", – деп жазады Жапаров.
Қырғыз басшысы қанды оқиғалардың алдында Кенесары хан мен Ормон ханның арасындағы келіссөздердің мазмұнын, Шу өңіріндегі бірнеше мәрте қазақ-қырғыз шайқастарын, Ормон ханның әскери айлакерлік танытып ("Ормон опуза") Кенесары бастаған қосынды жеңгенін дәлел ретінде келтіреді.
"Ормон хан дала мен таудың нағыз ерлерінің шайқасында бетпе-бет келіп, дұшпанын шынайы жеңген. Қиянат жасаған жоқ", – дейді Жапаров.
Ол Кенесары ханның басы орыстарға қалай берілгені жөнінде бірер дерек келтіреді.
“Бір деректе кейбір қазақ көсемдері басты орыстарға тапсыруды ұсынғаны айтылады. Тағы бір деректе, Кенесарының өліміне сенбей, орыстар арнайы делегация жібергені айтылған. Себебі Кенесары Омбыдағы (қазіргі Омск) орыстарға да соққы берген болатын. Делегация келіп, “Омбыға алып барып тексерейік, бізге беріңдер” деп сұрап кеткен. Сөйтіп, бас Омбыға, одан кейін Санкт-Петербургке жөнелтілген екен. Енді бұл оқиғалар тарихқа айналды. Одан енді сабақ алуымыз керек”, – дейді ол.
Қырғызстан президенті екі ұлт өкілдері, әсіресе, жастар “мұндай арандатушылыққа жем болмайды” деген сенім білдірген. Қазаққа жиен болып келетінін айтқан ол екі халықты бірлікте болуға шақырады.

Қазақстанда өсіп, Тәжікстанда төмендеп жатыр: ТМД елдерімен қосылған құн салығын салыстырып көрдік
