Жол жүру ақысы қымбаттайды, ұялы байланыс тарифі бағасы өседі: 1 тамыздан бастап Қазақстанда не өзгереді
1 тамыздан бастап елімізде бірнеше жаңашылдықтар болады. Сондай-ақ бес күн жұмыс істейтіндер тамызда 10 күн демалады. Ал алты күндіктер 5 күн демалады. Себебі 30 тамыз – Конституция күнінде қазақстандықтар демалыс алады. Stan.kz тілшісі Қазақстанда 1 тамыздан бастап енгізілетін өзгерістерді шолып шықты.
Баланың денсаулық паспорты электронды форматқа ауысады
2024 жылдың тамыз айынан бастап денсаулық сақтау министрлігі баланың денсаулық паспортын электронды форматқа көшіреді.
1-сыныпқа қабылданған кезде осы құжатты өткізу керек. Дәл осы қағаз нұсқа деректердің жоғалуына және емханаларда ұзақ кезекке әкелді. Сондықтан денсаулық сақтау министрлігі мен оқу-ағарту министрлігі құжатты электронды форматқа көшіру туралы шешім қабылдады.
Жаңашылдықтың нәтижесінде мектептер өз оқушыларының денсаулық жағдайы туралы өзекті деректерді жылдам ала алады. Денсаулық паспорты емханаларда медициналық тексеруден кейін ақпарат автоматты түрде беріледі.
Банкроттық туралы өтініш беру рәсімі жеңілдетіледі
Тамыздан бастап қазақстандықтар үшін банкроттық рәсімі жеңілдетіледі. Заңға енгізілген түзетулер бюрократиялық кедергілерсіз қарыздан шығуға мүмкіндік береді деп болжанып отыр.
Бұрын өтініш бергенде кредиторлардың тізімін, берешек сомасын тіркеп, есеп айырысу құжаттарын қоса беру керек еді. Енді ештеңе қолданудың қажеті жоқ. Банктер, мысалы, коллекторларға сатады, ал кешіктіру мерзімі келісімшарттар берілген сәттен басталды. Енді мерзім банкке соңғы төлемнен бастап есептеледі.
Құжаттардың көлемі барынша азайтылған, бұл борышкерге өте қолайлы. Есеп айырысу және өндіріп алу мерзімі де 18 айдан 12 айға дейін қысқартылды. Дегенмен бұл барлығы қарызын кешіреді дегенді білдірмейді.
Сондай-ақ берешектің төленбеу мерзімін есептеу кезінде 1 АЕК-тен төмен төлемдер енді есепке алынбайды. Ереже енгізілді, оған сәйкес соттан тыс банкроттық кредиторларының тізіміне банк операцияларын жүргізуге лицензиясынан айырылған ұйымдар кіреді.
Бұнымен қоса "Несие берудегі тәуекелдерді азайту, қарыз алушылардың құқығын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру туралы" заң әзірленген.
Заң аясында азаматтардың несие жүктемесін азайту мақсатында 20 тамыздан бастап банктер мен микроқаржы ұйымдарына барлық қолданыстағы (өтелмеген) тұтыну несиелері бойынша 90 күн төлем кешіктірілсе, сыйақы алуға тыйым салынады.
Міндетті әскери қызметке шақырылған азаматтар үшін 20 тамыздан бастап олардың қызмет өткерген уақытына және әскери қызметтен шығарылғаннан кейін 60 күнге дейін сыйақы есептелмей, банктік несиелер мен шағын несиелер бойынша кейінге қалдыру автоматты түрде жүргізіледі.
Алматы мен Астанада қоғамдық көлікпен жүру ақысы өседі
1 тамыздан бастап елордада қоғамдық көлікте жол жүру ақысы 90 теңгеден 110 теңгеге, ал Алматыда 100 теңгеден 120 теңгеге көтеріледі.
Астанада және қала маңында оқитын 18 жасқа дейінгі балалар 2020 жылдың наурыз айынан бастап қоғамдық көлікпен тегін жүреді. Мұндағы басты шарт – оқушыда мектептің көлік картасы болуы керек және оны автобуста валидацияға өткізуге тиіс.
Алматыда енді қолма-қол төлем болмайды, банктік аударым жасау керек. Жолды төлеу ақысы оңтайландырылып, енді тұрғындар SMS немесе "Оңай"-мен төлей алады.
Комиссия мүшелері тариф 120 теңгеге көтерілсе, 2024 жылы 7 миллиард теңге субсидия үнемделеді деп түсіндірді.
Ұялы байланыс операторлары тариф бағасын өсіреді
Tele2 және Altel 1 тамыздан бастап кейбір тарифтердің бағасы мен атауын өзгертеді. Altel телеоператорының 10 тарифтік жоспары ауыспақ. Соның ішінде Expert plus, Promo smart, "Optimal for 2590" және тағы басқа ауысады.
Tele2 де бағаны көтерген, мұнда 30-дан астам тарифтің жоспары ауысады.
Ұялы байланыс операторлары өз сайттарында "желілерді дамыту мен жаңғыртуға, оларға техникалық қызмет көрсету мен жөндеуге кететін шығындардың өсуіне, сондай-ақ инфляция мен басқа да сыртқы факторларға байланысты" мұндай қадамға барғанын хабарлады.
Уақыт белдеуін өзгерту туралы петицияның шешімі шығады
1 наурыздан бастап еліміз бірыңғай уақыт белдеуіне көшті. Бірақ тұрғындар бұған наразы болып, петиция жариялады. 7 маусымда Қазақстанда уақытты өзгертуден бас тартуды талап еткен петиция 50 мың дауыс жинады. Үкімет біртұтас уақыт белдеуінің қаншалықты орынды екенін қарастыру үшін жұмыс тобын құрды.
“Біз заңды түрде бекітілген алгоритмді ұстанамыз. Бірінші кезең – ұйымдастыру. Біз жұмыс тобын құрдық. Барлығын құрамға енгізу керек деп қостық. Бұл топта бүгін жұмыстың принциптері туралы айтамыз: ашықтық, пайымдау, өзара сыйластық, жұмыс кестесін құру, күн тәртібін құру. Әр әрекет дәлелді, қағазға түсірілген, айыптаусыз, қажетсіз эмоцияларсыз жүзеге асуы керек. Бұл жұмыстың екінші кезеңі болмақ", – деді сауда министрі Арман Шаққалиев.
Министрдің айтуынша, өтінішті қарауға 40 күн керек.
"Үшінші кезеңде комиссия 40 күнде қорытынды жасап, өз шешімін шығарады, бұл – жалпы мерзім, сондықтан бәрі заңмен белгіленген мерзімде болады", – деп қосты шенеунік.
Жауап тамыздың басында шығуға тиіс.
Несиелердің шекті мөлшерлемелері төмендетіледі
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі "Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшерін айқындау туралы" қаулы жобасын әзірледі. Қаулы жобасына сәйкес, несиелер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі келесідей төмендетіледі:
- кепілсіз қарыздар – 46%;
- кепілді қарыздар – 35%;
- ипотекалық қарыздар – 25%;
- микрокредиттер – 46%;
Ипотекалық несиелер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшері 25% деңгейінде сақталды. Ал 45 күнтізбелік күнге дейінгі мерзімге және 45 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада берілген шағын несиелер үшін ол тәулігіне 0,3%, бірақ 179%-дан аспайтын мөлшерде белгіленді.
Құжат 1 тамызға дейін қоғамдық талқылауға шығарылады. Қаулы қабылданса, 20 тамызда күшіне енеді.