Үш күн ұйықтамай жасадық – Duolingo-ны басып озған Aleem қосымшасының жетекшісі
Фото: https://www.instagram.com/geteng.official
Қазақстандық жастар жасаған тіл үйренуге арналған қосымша App Store рейтингінде Duolingo-ны басып озды. Жасанды интеллектке негізделген олардың стартапы іске қосылғаннан кейін небәрі үш күнде 107 елден 90 мың қолданушы жинаған. Алайда қосымша қазақ тілінде болмағаны үшін сынға ұшырап үлгерді. Stan.kz тілшісі жобаның авторларының бірі Асылжан Алтаймен сұхбаттасып, қосымшаның идеясы қалай пайда болғаны, команда жетістікке жету жолындағы қиындықтарын және болашаққа қандай жоспарлар құрғаны туралы сұрады.
Асылжан Алтай алдымен “Aleem” атауының мағынасын түсіндіріп, команда неліктен дәл осы атауды таңдағанын айтып берді. Оның сөзінше, “Aleem” сөзі араб және қазақ тілдерінде ортақ мағына береді. Жалпы мағынасы – “білуші”, “ғалым”. Бұл атау Aleem қосымшасы әлемдегі сапалы білімді тарататын платформа болсын деген ниетпен қойылған.
Сондай-ақ ол жобаны жүзеге асыру барысында команданы шабыттандырған тұлғалар мен жобаны атап өтті.
“Бізді шабыттандырған бірінші топ – біздің оқушыларымыз. Ағылшын тілін үйрету кезінде олардың қажеттіліктерін, қандай қиындықтарға тап болатынын тыңдап, дәл осы мәселелерді шешетін қосымша жасау идеясына келдік. Қосымшада оқушылар сабақ өте алады, сөйлесу, жазу секілді дағдыларын дамыта алады. Алдағы уақытта YouTube-видеоларды көру мүмкіндігін, ағылшынша жаңалықтар оқу функциясын қосуды жоспарлап отырмыз. Яғни, бұл ағылшын тілін үйренуге арналған толыққанды супер-қосымша”, – деді ол.
Асылжан Алтайдың айтуынша, Aleem-нің концепциясы Kaspi Bank-тің супер қосымшасынан алынған.
“Каспи ішінде банк қызметтерінен бөлек, маркетплейс, мемлекеттік қызметтер және күнделікті қажет сервис түрлері бар екенін білеміз. Біз де Aleem-ді дәл осындай жан-жақты супер-қосымша ретінде дамытқымыз келеді”, – дейді ол.
Команда тоғыз адамнан тұрады
Aleem командасы өте мықты жастардан құралған: ағайындылар Асылжан мен Ален Алтай, Алидар Кучуков, Темірлан Аманжанов, Темірлан Темірбаев, Бердібек Сапарбеков, Дінмұхамед Асаинов, Айя Жумағалиева және Амаль Садекова.
Асылжан Алтай Шымкент қаласының тумасы, Назарбаев Зияткерлік мектебінің физика-математика бағытында білім алған және қазір Бостондағы Hult International Business School университетінде грантта оқиды. IELTS-тен 8 балл жинаған, университетте 35 түрлі елден 3000-нан астам оқушыға ағылшын тілін оқытқан. Ол сондай-ақ команданың әрбір мүшесі жайлы айтып берді.
“Команда құрамында шетелде білім алып жүрген ерекше дарынды студенттер бар. Мысалы, біздің IT-директорымыз Темірлан Аманжанов – Нью-Йорк университетінің толық грант иегері. Бас директорымыз Алидар Кучуков – 8 жыл бұрын АҚШ-қа қоныс аударып, қазір сонда тұрып жатыр. Операциялық директорымыз Бердібек Сапарбеков – Johns Hopkins University-де оқиды және Qos education атты шетелге оқуға тапсыруға көмектесетін компанияның иесі”, – деді ол.
Команда 8 ай бұрын ғана құрылғанына қарамастан, осы уақыт ішінде үлкен мақсатқа бағытталған, бір-бірін толықтыратын мықты топқа айналып үлгерген.
“Ағылшын тілін үйрену оңай болмады”
Асылжан Алтай ағылшын тілін бірінші сыныптан бастап үйренгеніне қарамастан, АҚШ-қа оқуға барғанда айтарлықтай қиналған айтты. Салдарынан көп мүмкіндікті жіберіп алған.
“Мен ағылшын тілін бірінші сыныптан бастап оқыдым. Ата-анам курстарға беріп, мектепте де жақсы үйрендім. 8-сыныпта НЗМ-нің жазғы мектебімен Стэнфорд университетіне бардық. Шымкент пен Алматыдағы мықты орталықтарға қатысқандықтан, АҚШ-қа өзімді сенімді сезініп барған едім. Бірақ Стэнфордта әлемдік деңгейдегі профессорлардың сабағын түсінбей қиналдым. Түрлі шараларға қатыссам да, адамдармен еркін сөйлесе алмадым. Дегенмен ол екі апта бекер өткен жоқ, университетті, Пало-Алто мен Силикон алқабын көріп, Америкаға деген үлкен қызығушылығым оянды. Бірақ ағылшын тілім әлсіз болғандықтан, көптеген мүмкіндікті жіберіп алғанымды сонда түсіндім”, – деді ол.
Ол ағылшын тілін біле тұра байланыс орната алмауының себебін де түсіндірді. Оның айтуынша, елімізде үйрететін ағылшын тілі – жасанды тіл. Себебі бізде ағылшын тілі мүлде басқаша оқытылады, ол үйренген тілді тұрмыста қолдану қиын дейді.
“Біздің мектептер мен курстарда оқытылатын ағылшын тілі көбіне жасанды, әдеби стильге негізделген. Кітаптардағы сөйлемдер шынайы өмірде қолданылмайды, ал америкалықтар мүлдем басқаша сөйлейді. Кейбір сөздерді тіпті білмей де жатады. Курстарды жаман дегім келмейді, бірақ статистика Қазақстандағы ағылшын тілі деңгейінің төмен екенін көрсетеді. English Proficiency индексінде еліміз 116 елдің ішінде 103-орында тұр. Яғни бізде оқыту тәсілі басқа, сондықтан үйренген тілді тұрмыста қолдану қиын”, – деді ол.
Асылжан елге оралған соң, ағылшын тілін шынайы түрде меңгеремін деген мақсат қойған.
“Дәстүрлі жүйеге сенбей, тілді өз бетімше үйрену керек екенін түсіндім. Әртүрлі ұлттар тілді қалай меңгеретіні туралы көп зерттеп, тәжірибе жасап, уақыт бөлдім. Көп кітап оқып, жаңа әдістер таптым. Соның нәтижесінде 9-сыныпта ағылшын тілімді С деңгейге жеткіздім, IELTS емтиханынан 8 балл алып, университет грантын ұтып алдым”, – деді ол.
Ол өзі қолданған әдістерді жүйелеп, Getenglish онлайн курсын құрған. Жастарға тілді жеңіл үйренуге көмектесу үшін ерекше бағдарлама жасап, үш оқулық жазып шыққан.
“Aleem небәрі бірнеше күнде Duolingo-ны басып озады деп күтпедік”
Асылжан команда Aleem-нің әлемдік деңгейдегі Duolingo-ны басып озады деп күтпегенін жасырмады. Олар алғашында 100 мың жүктемеге екі-үш айда жетеміз деп ойлаған көрінеді.
“Бұл – ең алдымен халықтың қолдауының нәтижесі. Қазақстандықтарға, сондай-ақ көршілес мемлекеттер – Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Әзірбайжан халықтарына алғысымыз шексіз, себебі олар да бізді қолдап, қосымшамыздың рейтингінде бірінші-екінші орынға шығуына үлес қосты. Қолданушыларымызды жоғалтпау үшін біз бір апта бойы күні-түні ұйықтамай, қосымшаны жаңарттық. Кей кездері жоғары жүктемеден қосымша бірнеше сағатқа істемей қалған кездер болды”, – деді ол.
Қосымша неліктен қазақ тілінде жасалмады?
Асылжан Алтай қосымшаның қазақ тілінде болмағанына қатысты сынға пікір білдірді. Ол хейт керісінше, қосымшаны жақсартуға көмектесетінін жеткізді.
"Отандастарымыздан алған қолдауымыз өте зор, оған алғысымыз шексіз. Әрине, теріс пікір әрдайым болады. Қосымшаны қазақ тілінде шығарсаңыздар деп пікір білдіріп жатқан қолданушыларымызға көп рақмет, себебі олар біздің “Әрі қарай не істеу керек?” деген сұраққа жауап беруге көммектесті. Біз барлық кері байланысты қабыл аламыз. Оқырмандарымыз бен қолданушыларымызды тыңдаймыз. Мінсіз адам, мінсіз команда болмағандықтан, біз мықты болуға тырысамыз”, – деді ол.
Жоба авторының бірі қосымшаны қазақ тілінде шығару олар үшін де приоритет екенін айтты. Өйткені болашақта Қазақстанды ағылшын тілін меңгеру индексі бойынша ТОП-30-ға енгізу мақсаты қойылған.
"Қосымшаны қазақша шығару біз үшін де басымдық. Қосымшаның алдыңғы нұсқасында қазақ тілі болды, ал қазіргі нұсқасы жаңа болғандықтан, оның ішіндегі ақпаратты қазақ тіліне аудару үшін уақыт керек. Себебі қазақ тілінде ашық кітапханалар жеткіліксіз, автоматты аудармашы сапалы нәтиже бермейді. Сондықтан бәрін өз қолымызбен аударып жатырмыз. Бұл маңызды, өйткені Қазақстан ағылшын тілін меңгеру индексі бойынша әлемде 108 орында тұр. Біз оны болашақта топ-30-ға енгізуді мақсат етеміз”, – деді ол.
Aleem-нің Duolingo-дан айырмашылығы қандай?
Асылжан Aleem-нің Duolingo-дан қандай айырмашылығы бар екенін айтып берді. Оның сөзінше, қосымшаны нақты қолданбаған адамға айырмашылық біліндеуі мүмкін. Бірақ отандық өнімде Duolingo-да жоқ көптеген функция бар.
"Қосымшаға бірінші рет кіріп, қолданған адамға Aleem-нің Duolingo-дан айырмашылығы жоқ секілді көрінуі мүмкін, бірақ біздің қосымшада Duolingo-да жоқ көптеген функция бар. Мысалы Duolingo-да speaking практикасы жоқ, ал біздің қосымшада жасанды интеллект мұғалімімен шексіз сөйлесу мүмкіндігі бар. Duolingo-да жазу дағдыларын дамыту немесе флэш карталар шектеулі, ал бізде бұл функциялар бар. Қосымшадағы сабақтар тәжірибеге негізделген, яғни оқушы көп тәжірибе жасаған сайын жетістікке жетеді”, – деді ол.
Дегенмен Асылжан Алмай Duolingo-ның өз артықшылықтары бар екенін де мойындады.
"Әрине, Duolingo-ның өз артықшылықтары бар: аудио эффектілері, дизайн сапасы өте жоғары, себебі өнім нарықта 10 жылдан аса уақыт жұмыс істеп, оған миллиардтаған доллар инвестиция салынған. Біз болса, қарапайым қазақ студенттері ретінде, тек өз күшімізбен, елге пайда тигізу үшін жасадық. Aleem болашақта әлемдегі ең мықты қосымша болу үшін дамуын жалғастыра береді”, – деді ол.
Асылжан Алтай Aleem жасанды интеллектке негізделгенін, алайда команда халықаралық стандарттарға сай болуы үшін тырысып жатқанын алға тартты.
"Біздің қосымша негізінен жасанды интеллектке негізделген. Біз Aleem-нің халықаралық стандарттарға сай болуы үшін тырысып жатырмыз. Қазір қосымшада екі ғана тапсырма бар, ал біз оны 10 шақты тапсырмамен толықтыруды жоспарлап отырмыз. Бұл сабақтардың сапасын арттырып, оқушыға көбірек практика жасауға мүмкіндік береді. Теория тек жетістікке жеткізбейді, сондықтан біз практиканы қосымшаға енгіздік”, – деді ол.
“Америкалық нарықтан инвестор тапқымыз келеді”
Жоба авторының бірі алғашқы үш күн ішінде жазған инвесторлар аз болмағанын айтты, алайда олар ұсыныстардан бас тартқан көрінеді. Бірақ әзірге оларда ресурс жеткілікті.
“Инвесторлар жазып жатыр, бірақ әзірге ресурсымыз жеткілікті. Техникалық директорымыз Google мен Microsoft компанияларынан шамамен жүз мың долларлық грант алған, ол сервер мен токендерге арналған кредит түрінде берілген. Маркетинг те жақсы жұмыс істеп, аудитория өсіп келеді. Мақсат – америкалық нарықтан тиімді инвестор табу. Қазақстанда венчурлік жүйе әлі дамып жатыр, бағалау да басқаша: мұнда табысқа қарайды, ал АҚШ-та қолданушылар өсіміне мән береді. 14 қарашада Силикон алқабындағы ірі инвесторлар жиналатын шараға қатысып, компанияны 15–30 млн доллар бағамен ұсынып, 1–3 млн доллар инвестиция іздеп көрмекпіз”, – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық жастар жасаған тіл үйренуге арналған қосымша Duolingo-ны басып озды: Бірақ қазақ тілінде болмағандықтан сынға ұшырағаны хабарланған еді.
Қазақстандық команда әзірлеген Aleem қосымшасы іске қосылғаннан кейін небәрі бір тәуліктің ішінде Duolingo қосымшасын басып озып, Қазақстандағы App Store-дың жалпы рейтингінде көш бастады. "Білім беру" санатында Aleem қосымшасы Қырғызстан мен Тәжікстанда бірінші орынға шықса, ТМД-ның басқа елдерінде үздік ондыққа енді.
Қосымша пайдаланушыларға өздеріне ұнайтын тақырыптар бойынша сөйлесу және жазу машықтарын дамытуға, күнделікті өмірде қажет болатын сөздерді үйренуге мүмкіндік береді.
"Біз экран алдында өткізілетін уақытты тіл меңгеруге арнауға көмектескіміз келеді, адамның телефонда күн сайын жасайтын әрекеттері: оқу, видео көру, сөйлесу – барлығы оқу үдерісінің бір бөлігіне айналады", – дейді қосымшаның негізін қалаушы Алидар Кучуков.
"Біреулер көрсін, гей болсын демейміз": Қазақстандықтар желіде ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы заңды қызу талқылап жатыр