Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қыз жасауын жасайды: Таразда екі қолсыз тігіншілік кәсіп ашқан әйел жұртшылықты тәнті етіп жүр

Екі қолсыз дүниеге келген Тараз тұрғыны Анар Бексұлтанова жұршылықты өзінің шеберлігімен тәнті етіп жүр. Аяғымен небір керемет дүниелер тігіп жүрген ол кәсіп ашып, қоғамға адам мүмкіндіктерінің шегі жоқ екенін тағы бір дәлелдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Хабар 24” арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Тараздық кәсіпкер Анар Бексұлтанова осыдан 10 жыл бұрын жеке кәсібін ашып, тапсырыспен тігумен айналысады. Ол өзгелер қолмен жасай алмай жүрген дүниелерді аяғымен жасауды үйренген.

Ерік-жігері мықты әйел 35 жасында аяғымен тігін тігуді үйренді. Алғашында тек көрші-қолаң, ағайын-туыстардан тапсырыс алса, кейін өз кәсібін дамытып, үйінен тігін шеберханасын ашқан. Айтуынша алғашқы жылы қазақтың ұлттық нақышындағы қыз жасауға сұраныс аз болса, қазір жылына 100 шақты тапсырыс түседі екен.

“2014 жылы инфляцияның кесірінен көбі бизнесінен айырылды. Әрине, ол кезде оңай болған жоқ. Бірақ біз барлық қиындықты жеңдік. Ал пандемия кезінде онлайн сатуға көштік. Сауданы меңгеріп, цехтан шықпастан жұмыс істедік”,- деді Анар.

Кәсіпкер әйел ісін кеңейту үшін бірнеше рет мемлекеттік грантқа ие болған. Бөлінген қаражатқа 10 заманауи тігін машинасын сатып алып, жаңа жабдықпен өнім өндіру айтарлықтай жеңілдеген екен.

“Бұған дейін көрпе тігу қиын болатын. Біреуіне 3 сағат кетті, барлығын қолмен тігу керек болды. Ал енді жазу машинкасының көмегімен микробағдарлама 10 минуттай уақыт алады. Ол 340 түрлі үлгіде жасай алады”, – деді шебер.

Қолөнерші 6 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз еткен. Өзінің еңбекқорлығымен, табандылығымен Анар талай қыз-келіншектерге үлгі болып жүр.

“Өрнектер жасап, тігу маған тыныштық сыйлап, керемет әсер береді. Өз ісім ұнайды. Әпкеміз бізге бәрін үйретіп, жетістікке жетуге ынталандырады. Біз көп нәрсені білдік. Қалыңдықтың бір жиынтығын 3 күнде жасаймыз”, – деді цех тігіншісі Шайзада Бексұлтанова.

Анар Бексұлтанова бизнестен бөлек, "Шебер шаңырақ" қоғамдық бірлестігін құрып, ерекше қажеттіліктері бар 40 әйелді тігіншілікке үйретеді.

Талқылау