Бірі адам өлтіріп, екіншісі жемқорлыққа барған: Павлодар облысында екі мектепті істі болған азаматтар басқарған
Павлодар облысында екі мектеп директорына қатысты бұрын іс қозғалғаны белгілі болды. Нәтижесінде екеуі де жұмыстан шығарылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің басшысы міндетін атқарушы Ардақ Балғожин айтып берді.
Директордың біреуі Аққұлы ауданында Б.Ухатов атындағы орта мектепті басқарса, екіншісі Қызылтаң аудандағы Тереңкөл мектебіне жетекшілік еткен.
"Бірінші директор ҚазССР Қылмыстық кодексінің 93-бабы "Жәбірленушінің өліміне әкеліп соққан қасақана ауыр жарақат салу немесе қылмысты ауырлататын жағдайда жасалған әрекет" бойынша сотталған болатын. Ал екінші мектеп басшысы жемқорлық қылмысы үшін істі болған", – деп мәлімдеді Балғожин.
Еңбек кодексінің 26-бабы бойынша сотты болған және қылмыстық қудалауда жүрген адамдарды білім беру, кәмелеттік жасқа толмағандарды тәрбиелеу мен дамыту ұйымдарына жұмысқа қабылдауға тыйым салынған. Дәл осы бапқа сәйкес, жемқорлық қылмысын жасаған тұлағаларға да ондай мекемелерде қызмет етуге рұқсат етілмейді.
Талдау жұмыстарының нәтижесінде білім басқармасына екі лауазымды тұлғаға қатысты шара қолдануға ұсыныс жасалды. Екеуі де жұмыстан босатылды.

"Ізімнен қалмай, бөксемді ұстады": Елордалық қыз сауда орталығында келеңсіз жайтқа тап болғанын айтты
