"Егіздер ауылы" аталып кеткен: Қызылорда облысындағы елді мекенде 25 жұп егіз тұрады
Қызылорда облысы Қазалы ауданына қарасты Үрмәш Түктібаев елді мекенін көпшілік "Егіздер ауылы" деп атайды. Неге десеңіз, қазір мұнда 25 жұп егіз тұрады. Ал осыдан үш жыл бұрын үшемдер дүниеге келді. Ерекше ауылдың тұрмыс-тіршілігімен Stan.kz сайтының өңірдегі тілшісі танысып қайтқан еді.
Кеңес Одағының батыры Үрмәш Түктібаев атындағы ауыл облыс орталығынан 400 шақырым қашықтықта орналасқан. Қазалы ауданы Алға ауылдық округіне қарасты елді мекен. Қазір мұнда 2000-ға жуық адам тұрады, 300-ден астам отбасы түтінін түтетіп отыр. Солтүстік өңір болғандықтан ауа райы құбылмалы, қыстың аязды күніне шыдас беру өте қиын. Түктібаевтардың басым көпшілігі ата кәсіп мал шаруашылығымен айналысады.
Сонымен қатар бау-бақша егіп, ырзық-несібесін Жер Анадан теріп жүргендер жетерлік. Әсіресе, жергілікті қауынның дәмі ерекше, жеген адам біразға дейін ұмытпай жүреді. Қазір тұрғындар көктемгі дала жұмыстарына дайындалып жатыр. Шаруашылық иелері техникаларын сайлап, тұқымдарын түгендеуде. Көп ұзамай шаруалар қызу тірлікке кіріседі.
Үрмәш Түктібаев 2000 жылдардан бері қарай "Егіздер ауылы" аталып кеткен. Мұнда жылына бірнеше егіз туылады. Қазір алақандай ғана ауылда 25 егіз жұп тұрады. Ең үлкені 40-тан асса, ең кенжесінде жасы үште.
Толғанай және Шапағат Аманжоловалар әпкелі-сіңілі бауырлар. Туғаннан бері жұптары жазылған емес. Қазір екеуі 6-сыныпта оқиды, сабақ үлгерімдері жақсы. Егіздердің сырт-келбеті бір-біріне қатты ұқсамағанымен, мінезі ұқсайды. Екеуі де бауырмал, жақындарына қамқорлық танытып тұрады.
Апалы-сіңілі сыңарлар Толғанай мен Шапағат
Анасы Перизаттың айтуынша, Толғанай гуманитарлық бағыттағы пәндерді ұнатады екен. Ал Шапағат жаратылыстану пәндерін сүйіп оқиды. Екеуі де анасына үй шаруасына қолғабыс жасап, берілген тапсырманы тиянақты орындайды.
Апалы сіңлі сыңарлар Ақжан мен Маржан
"Мен бес баланың анасымын. Егіздерім – ортаншы балаларым. Негізінен сыңарлар менің әулиетімде болған. Толғанай мен Шапағат бір-біріне өте жақын. Біреуі ауырса, екіншісінің де денсаулығы сыр береді. Бір-бірінен ұзақ уақыт жырақта жүре алмайды. Сағынып, іздеп тұрады", - дейді анасы Перизат Дауылбаева.
Ақжан және Маржан Жақсыкелді өткен жылы алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған егіз қыздар. Екеуі де оқуда озат. Сыныпта бір партада отырады, үй тапсырмаларын да бірге орындайды. Қайда жүрсе де, бір-бірінен алыстамайды. Қыздардың түрлері де ұқсайды, көп дүниеге қызығушылықтары да бірдей. Егіздер ән айтқанды, би билегенді ұнатады. Ақжан мен Маржанның ата-анасы қарапайым жандар, ақ адал еңбекпен күн көріп келеді. Олар балаларының болашағына үлкен сеніммен қарайды.
Апалы сіңлі сыңарлар Ақжан мен Маржан
"Мен көп балалы әке екенімді ерекше мақтан тұтамын. Ақжан мен Маржан – кенже қыздарым. Бұрын менің тұқымымда егіздер болған. Бастапқыда оларға қарау оңай болған жоқ. Бірақ анасы екеуміз бірге мәпелеп, өсіріп келеміз. Жақындарымыз қыздарымызды кейде шатастырып алып жатады. Бірақ менің ойымша, екеуінің сырт келбетінде де, мінездерінде де ерекшеліктер бар. Болашақта балаларымның аяғынан тік тұрып кетуі үшін қолдан келгенін жасаймын", - дейді отағасы Берік Сүлейменов.
Осыдан үш жыл бұрын ауыл тұрғындары Қуаныш Алтынбаев пен Айгерім Маханбетжанованың отбасында қуанышты жағдай орын алды. Жарық дүниеге Айғанат, Айғаным және Асылым есімді үшем дүниеге келді. Бүгінде қыздар тәтті қылықтарымен жақындарын қуантып жүр. Үш қыздың сырт келбеті бір-біріне қатты ұқсамайды. Ата-анасының айтуынша, үшемдердің мінезі де әртүрлі екен.
Үшем: Айғанат, Айғаным және Асылым
"Балаларымыз - байлығымыз. Қазір отбасымызда сегіз бала өсіп келеді. Әрине, үшем босанатынымды білгенімде қатты толқыдым. Күйеуім мен жақындарым көп көмектесті. Үлкен балаларымнан да жәрдем болды. Үшеуінің мінезі үш түрлі, еркеліктері басым, әрине. Біреуіне қабақ шытсаң, қалғандары да ренжіп қалады. Бір-бірімен ойнайды, ұзақ уақытқа бір-бірінен ажыратуға болмайды. Жүректері нәзік, өте бауырмал", - дейді көп балалы ана Айгерім Маханбетжанова.
Үшем: Айғанат, Айғаным және Асылым
Негізінен Түктібаев ауылында демографиялық өсім Тәуелсіздік алған жылдардан басталған. Жергілікті тұрғындар егіздердің көптеп дүниеге келуін қасиетті топырақтың құдіретімен байланыстырады.