"Егер сендер атпасаңдар, олар сендерді атады": Сейітқұловтар отбасының өліміне қатысты сотта сөйлеген куәгерлер не айтты
16 ақпанда Алматы гарнизонының әскери сотында Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан Сейітқұловтар отбасының сотында куәгерлер тыңдалды. Отбасының өліміне кінәлі деп 2001 жылы туған Талдықорған 18404 әскери бөлімінің қызметкері Данияр Егінбаев айыпталған деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Сотта тек Нұрболат Сейітқұлов пен қызы Нұрай Оразыханға қатысты іс қаралды. 50 жастағы Алтынай Етаеваға оқ атылғаны әлі дәлелденбеген. Оған қатысты тергеу жалғасып жатыр.
Сотталушыға "Билікті асыра пайдалану" (451-бап, 2-бөлім, 1-тармақ) бойынша айып тағылған. Істі судья Зарина Рахметов жүргізген.
Сотта бірінші болып куәгер оқиға кезінде 18404 әскери бөлімі қызметкері болған Анвар Үмітбеков сөйледі. Әскери саладағы еңбек өтілі – 3 жыл. Ол өзіне подполковник Сеңгербаев ауызша бұйрық беріп, "Егер сендер оларды атпасаңдар, олар сендерді атады" деп айтқанын жеткізді. Олар посттың жанынан өткен көліктерді тексерген. Ол кешкі 21:00 шамасында бір көліктің шыққанын, тоқтау бұйрығына бағынбағанын сосын өздерінің бірінші аспанға ескерту оқ атқанын айтты. Сөзінше, ескерту оғынан кейін де көлік тоқтамаған соң олар доңғалақты көздеп оқ атқан. 250-300 метр жүргеннен кейін көлік өздігімен тоқтаған. Көлікті тексерген СОБР ішінде бір ер адам мен екі әйелдің болғанын айтқан.
Жәбірленуші тараптың қорғаушысы Ринат Баймолда әскери қызметкерден өздері оқ атқан көлік қандай да бір қауіп төндірді ме деп сұраған. Үмітбеков ондай қауіптің болмағанын айтады.
Сотта екінші куәгер 18404 әскери бөлімінің 3-дәрежелі сержанты Бақытжан Әбішевтен жауап алынды. Әскери саладағы еңбек өтілі – 18 жыл.
- "Әкесімен соңғы рет тілдесіпті": Қаңтар жетім еткен сәбилердің өмірі
- "Сот отырысына жалаңаш қатыстырды": Қаңтар оқиғасы кезінде оқ тиіп, кейін азапталған жігіт өз оқиғасын айтып берді
- "Кенже сәбиін бауырына баса алмай кетті": Алматыда Қаңтар оқиғасы кезінде күйеуінен айырылған төрт баланың анасы қазіргі жағдайын айтты
Әбішев алдында сөйлеген әріптесінің сөзін растап, өздеріне Сергеңбаевтың ауызша бұйрық бергенін айтқан. "Ол қалада ұйымдасқан лаңкестердің жүргенін, бірақ нақты қайда жүргені белгісіз екенін айтты" дейді ол. Айтуынша, Сейітқұловтар отбасы отырған көлікке оқ жаудырған соң, көлікке жақындап баруға СОБР қызметкерлері рұқсат бермеген. Олар өздері көлікті тексеріп, бәрінің жан тәсілім еткенін айтқан.
Әбішевтің айтуынша, аспанға ескерту оқ атқаннан кейін араға 3 секунд салып көлікке қарсы оқ атқан.
Әскери қызметкер сонымен қоса сотта командирлерінен неге жауып алынбағанын айтып шағымданды.
"Менің бұрынғыдай жұмысқа құлшынысым да қалмады. Себебі мұнда менің командирлерім жоқ. Олар өзі қайда, неге мен олар үшін жауап беруге тиіспін? Неге олар маған қолдау көрсетпейді?", - дейді Әбішев.
Адвокат Ринат Баймолда сотқа өтініш түсірді.
"Біз куәгер Әбішев Б.ның сөзін тыңдаған соң, келесі сот отырысына бөлім бастығын, штаб бастығын, бөлім командирінің орынбасарын, бөлімнің саяси жұмыс жөніндегі орынбасарын куә ретінде шақыру туралы бірінші өтінішім бар. Екінші өтінішім, саусақ ізіне қайта экспертиза жасалсын. Сондай-ақ, Д. Егінбаевқа тағылған айыптау бабын Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 451-бабынан 99-бабына (Адам өлтіру) өзгертуіңізді сұраймыз, өйткені ол бейбіт тұрғындарға қарсы қару қолданған. Сондай-ақ, істі прокуратураға қосымша тергеуге қайтаруды сұраймыз", - дейді Баймолда.
Алайда сот көп уақыт өткенін айтып, екінші саусақ ізін тексеруді қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдаған. Келесі сот отырысына взвод командирі капитан Руслан Қоңыров, рота командирі майор Дамир Анашев, батальон командирі капитан Ержан Исаков және подполковник Сеңгербаев шақырылды.
Келесі сот отырысы 9 наурыз күні сағат 10:00 белгіленді.
Еске салайық,
Қаңтар оқиғалары кезінде кезінде бір отбасының үш бірдей мүшесі өз көлігінде оққа ұшқан еді. Кейін Ринат Баймолда марқұм Сейітқұловтардың ісі сотқа жіберілетінін мәлімдеген.
8 қаңтарда Нұрболат Сейітқұлов пен Алтынай Етаева және олардың 15 жастағы қыздары Нұрай Оразыхан Талдықорған қаласында кешкі тоғыздар шамасында жеке көліктерімен кетіп бара жатқанда арнайы жасақтың оғынан қайтыс болған.
Қайғылы оқиға болған күні Нұрболат Сейітқұлов, Алтынай Етаева және олардың қызы Нұрай қонақтан келе жатқан. Бұл кезде қала аумағында коменданттық сағат енгізілген еді.
Ерлі-зайыптылардың жасы 51-де болған. Әйелі – үй шаруасындағы әйел, күйеуі Нұрболат зауытта жұмыс істеген, ал қыздары мектепте оқыған.