Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сот отырысына жалаңаш қатыстырды": Қаңтар оқиғасы кезінде оқ тиіп, кейін азапталған жігіт өз оқиғасын айтып берді

Дархан Дусибаев – Қаңтар оқиғасы кезінде оқ тиіп, кейін тергеу изоляторында азапталғандардың бірі. Дарханның сөзінше, қалада митинг болып жатқанда автобуспен Шымкентке қайтпақ болған. Алайда полиция бөлімінің жанынан өтіп бара жатқанда атыс басталып, ішіне және аяғына оқ тиген. 7 қаңтарда шұғыл ота жасалған соң 8 қаңтарда арнайы қызмет жігітті ауруханадан алып кетіп, тергеу изоляторында азаптаған. Ал жабық сот отырысында "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деп айыпталып, қамауға алыныпты. Тілшімізге сұхбат берген Дархан Дусибаев өз оқиғасымен бөлісті.

Дархан Дусибаев

Дархан 2021 жылдың желтоқсанында таныстарының шақыруымен Алматыға жұмыс істеу үшін келген. 31 желтоқсанда жұмысын аяқтаған соң 5 қаңтарда пойызбен Шымкентке қайтуды жоспарлапты. Алайда қалада митинг басталған соң темір жол жабылып қалған. Сондықтан Дархан "Сайран" автобекетіндегі жолаушылар автобусымен жолға шықпақ болыпты.

"Кешкі 18:00 шамасында вокзалдан шыққан соң жолда бірнеше өртенген көлікті, ғимаратты көрдім. Дәмханалардың бірінен тамақтанып алып, жаяу "Сайранға" келе жатқанмын. Әуезов аудандық полиция бөлімінің маңына келгенде бір топ адамды байқадым. Аяқасты атыс басталды. Артқа бұрылып қаша бергенімде ішімнен біреу ұрғандай болды. Сөйтсем, ішіме және аяғыма оқ тиіпті. Сол жерде есімнен танып қалдым. Оянсам, көліктің артқы орындығында жатыр екенмін. Сол түні №7 қалалық ауруханада ота жасады", – деп еске алды ол. 

“Суық бетонда жарты сағат жаттық”

Дарханның айтуынша, 6 қаңтардан 7-не қараған түні аурухананы қаруланған адамдар қоршап алған. Ал қолдарына ақ шүберек байлаған дейді. 

"Палатада бес адам жаттық. Келесі күні дәрігерлер келіп, барлығын ауруханадан шығаратындарын айтты. Мен наразы болдым, себебі енді отадан шыққан адамды қалай үйге қайтаруға болады?! Сол кезде аурухана қызметкерлерінің бірі "Сен оқ тиіп, ауруханаға түстің. Ертең өз басыңа бәле болады" деді. Мен "Неден қорқамын, ештеңе бүлдірген жоқпын" дедім. Ал 8 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері келіп, бізді алып кетті", – дейді Дархан. 

Бұл кезде Дархан дәрі тамызғышпен ем қабылдап жатқан екен. Бөлмеге кірген 8 адам палатадағы науқастарды қарудың дүмбісімен ұрып, орындарынан тұруды талап еткен. Алайда толығымен айықпаған жігіт тұрмақ түгілі қозғала алмадым, дейді. 

"Үстімде киім болмаған, аяқ киім де жоқ. Бізден телефон мен қаруды қайда жасырғанымызды сұрады. Екі адам жатқан жерімнен көтеріп тұрғызды. Ота жасалған орындағы түтікшелер мен дәрі тамызғышты жұлып алды. Жалаңаш болғандықтан медбике үстіме жұқа халат кигізді. Қақаған асуықта далаға сүйреп шығарды. Жүре алатыны өз күшімен баспалдақтан түсті, жүре алмайтындары еңбектеді. Ал жол бойы бізді тепкінің астына алды. Ауруханадан шамамен 30-40 адамды шығарған екен. Жарты сағаттай бетонның үстінде жалаңаш жаттық. Енді кетейін деп жатқанда тағы бір адамға ота жасап жатқанын және оны да ала кететінін айтты", – деп қосты жігіт. 

Дархан науқастардың барлығын көлікке "мал секілді тиеді" дейді. Әрі көлікте басын көтеруге және сөйлеуге тыйым салған. Сөзінше, ауруханадан шыққан соң мәйіттерді жаппай көмген зиратқа алып барыпты. 

"Нақты қай жер екенін білмеймін. Бұл сөзімді көлікте болған барлығы растай алады. Сырттан автоматтың атылған дауысын, сосын адамдардың "Жиналамыз, кеттік" дегенін естідім. Кейін мәйіт салуға арналған қаптарды алып келді. Шамамен 1-2 минут аялдап, әрі қарай СИ-18 мекемесіне алып барды. Келген соң көліктен түскеніме, таза ауаға шыққаныма қуандым. Жүре алмайтындарды ұрып-соғып, бір ғимаратқа алып барды. 4-қабатқа дейін жүре алмайтындар баспалдақта еңбектеп көтерілді. Ал сол жердегі арнайы қызмет өкілдері, ҰҚК қызметкерлері "Кім бірінші жетеді?" деп өзара бәстесіп, бізге күліп қарап тұрды. Бірде-бір адам жаралыларға көмектеспеді", – деп ашынады ол. 

“Жараңа саусағымды тығып аламын” деді”

Дарханның айтуынша, тергеу кезінде барлығын тепкінің астына алып, түрлі сұрақтар қойыпты. Ал өздерін азаптаған адамдардың түрін көрмеген. Тек "ОМОН" және "ҰҚК" деген жазулар болды, дейді жігіт. 

"Мені "Ауруханада қыз зорладың" деп айыптады. Ойланып қарасаң, енді ғана отадан шыққан адам кімді зорлауы мүмкін? "Кімді өлтірдің, неге митингке бардың?" деген секілді сұрақ қойды. Ал арнайы қызмет өкілдері жауап берсең де, бермесең де ұрады. Екі прокурор келіп, тергеген. Олардың аты-жөндерін білмеймін, түрін білемін. Бізге көмектесудің орнына "Шыныңды айт, мен ұрмаймын. Тек жараңның үстіне тұз себемін немесе саусағымды тығып аламын" деп сес көрсетті. Тергеуде ешқандай құжатқа қол қойған жоқпын", – деп қосты жігіт.

Дархан тергеу изоляторында 8 қаңтардан 25 қаңтарға дейін болған. Бұл аралықта әр тергеуде азапталып, тәртіп сақшыларының қорлығына ұшырағанын айтады. 

"Камерада 11 адам жаттық. Барлығымыз жалаңашпыз, екі күн нәр татпадым. 11 адамға 8 матрац алып келді. Шынымды айтсам, орнымнан тұрмадым. Тек мен ғана емес, жанымдағы жігіттер де азапталды. Суық бетонда, қанның үстінде жаттық. Бір жігіттің үстіне қайнаған су құйды. Руслан деген жігіттің тырнақтарын жұлған. Тамақты алып келеді, алайда ота жасалғандықтан бізге диета керек еді. Изоляторда диетаға да ешкім мән бермейді", – дейді Дархан.  

“Сот отырысына жалаңаш қатыстырды”

14 қаңтарда мекеме қабырғасында жабық сот процесі өткен. Мұнда оған "Жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деген айып тағылып, 2 айға қамауға алынды. 

"Сот процесіне жалаңаш қатыстырды. Жараның дәкесін ауыстырып жатқанда алып кетті. Үстімде бір жамылғы бар еді. Оның үстіне қорғаушымды да ауыстырып жіберді. Судья келген соң айыпты оқыды, іспен таныстырды. Қорғаушым мені қорғамады да, "Барлығымен келісемін" дегеннен басқа ештеңе айтпады. Сосын прокурорға сұрақ қойып, менің кінәлі екенімді дәлелдейтін айғақтарды сұрадым. Егер бір дәлелді көрсетсе, айыппен келісетінімді жеткіздім. Прокурор "Айғақтар бар, бірақ ол құпия" деп жауап қатты", – деп қосты жігіт. 

24 қаңтарда тергеу изоляторына Абзал Құспан бастаған комиссия келген. Адвокаттармен кездескен соң Дархан изолятордан босатылып, үйіне қайтарылған. 

үкім

Дарханды ақтау туралы сот үкімі

“Ұзақ күрестен кейін ақталып шықтым”

"Мұны "өтірік комиссия" деймін. Себебі келген соң аты-жөнімізді жазып алды, болды. 25 қаңтарда камерадағы мені және тағы екеуін алып кетті. Сыртқа шыққан соң комиссиямен тағы кездестік. Сол жерде бізді ешқайда шықпау туралы қолхатпен үйге жіберетінін естідік. Бірақ ешкімге айтпаңдар деп талап қойды. Сол күні кешке мені изолятордан босатты. Бостандыққа шыққан соң ұзақ күрестен кейін толығымен ақталдым", – дейді ол.

Дарханның сөзінше, өзіне кімнің оқ атқанын білмейді. Ал азаптау бойынша қозғалған істі келтірген дәлелдерге қарамастан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жауып тастаған.

"Мен өзімді ұрған, азаптаған қызметкерлердің барлығын таныдым. Алайда іс жабулы күйінде қалды. Тергеуші де істің қозғалмайтынын айтты. Ал азаптағандар жазадан құтылып кетті", – деп аяқтады Дархан. 

Дарханның кінәсі дәлелденбегендіктен, 2022 жылдың 2 тамызында толығымен ақталды.

Талқылау