Әктері түскен қабырға, ағаш еден мен ескірген груша: Қоғам белсендісі Жетісу облысындағы спорт мектебінің жағдайын сынға алды
Желіде Жетісу облысындағы спорт мектептерінің бірінің суреттері пайда болды. Кадрларда ағаш еден, әктері түскен қабырғалар мен ескірген груша, ринг көрсетілген. Қоғам белсендісі осындай жағдайда жаттығып, сынбай Олипиададан жүлде алған спортшыларымызға алғыс білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агентті хабарлайды.
Фото: Жанна Ахметованың facebook желісінен
Қоғам белсендісі Жанна Ахметова өзінің facebook желісінде Олимпиададан жүлде алған спортшыларды жеңістерімен құттықтады.
“Елдос Сметов, Нариман Құрбанов, Демеу Жадраев, Нұрбек Оралбай, Назым Қызайбай, Гусман Қырғызбаев, Александра Ле және Ислам Сәтбаевқа рахмет! Бүгінде бізде бір алтын, үш күміс және үш қола бар! Біріншіден, бұл – спортшылардың өз еңбектері. Олардың тоқтаусыз қажырлы жаттығулары мен шыдамдылығының арқасы. Әрине, ата-аналар мен жаттықтырушылардың да үлесі бар. Дегенмен олардың жемқорлық жайлаған қоғам мен спортшыларға деген салғырт көзқарасқа қарамастан осындай биіктерге жетуі таңғаларлық жағдай”, – деді ол.
Фото: Жанна Ахметованың facebook желісінен
Жанна Ахметова сонымен қатар Жетісу облысындағы спорт мектептерінің бірінің суретін жариялап, ондағы жағдайды сынға алды.
“Мәселен, мына бокс залының фотосуреттерін қараңыз. Қай қаладағы, қай мектеп екенін айтпай-ақ қояйын. Бірақ әзірге Олимпиада чемпиондары болуды армандайтын балалар осындай жағдайда жаттығуға мәжбүр. Едені ағаш ғимаратта сырты скотчпен қапталған бокс қапшығы (груша) тұр. Қабырғаларға, рингке, төсеніштерге мұқият қараңызшы. Намыс пен жеңіске деген ұмтылыс шабытты арттыра ма? Менің ойымша, елімізде мұндай залдар көп. Әрине, тек боксшылар емес, осындай залдарда жаттығып, Париждегі Олимпиада ойындарында топ жарған барша спортшыларымыз үлкен құрметке лайық”, – деп қосты қоғам белсендісі.
Осы жайтқа байланысты Stan.kz тілшісі Жетісу облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасынан пікір сұрап көрді. Шенділер суреттегі ғимараттың апатты деп танылып, алдағы уақытта сүрілетінін мәлімдеді.
“Аталмыш ғимарат қазіргі уақытта апаттық деп танылып, сүріледі. Апатты деп танылған ескі бокс залына қатысты мемлекеттік порталда арнайы байқау жарияланады. Осы спорт нысанының жаттықтырушылары мен спортшылары “Жастар” спорт кешені мен “Өркен” спорт кешенінде жаттығуларын жалғастыруда. Ескі ғимарат бұзылған соң орнына жаңа бокс залын салу жоспарланып отыр”, – деді дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ұлан Рысқұл.
Басқарма басшысы бұл мектептің жасөспірімдер мен балаларға арналғанын алға тартты. Айтуынша, сол себептен мұнда кәсіби спортшылар мен Олимпиада жүлдегерлері жаттықпаған екен.

Маңғыстауда тұрғындардың үйлерін, көшелерін қоңыз басты: Аумақтық инспекция жәндіктермен күресті халықтың өзіне қалдырды (видео)
