Дженнифер Лопестің концертіне байланысты Алматыда бірқатар көшелер жабылады
Фото: telemundo.com
10 тамыз күні Алматыда америкалық әнші Дженнифер Лопестің концертіне байланысты көлік қозғалысы уақытша шектеліп, көшелер жабылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Дженнифер Лопестің концерті Орталық стадионда өтеді, шоу сағат 19:00-де басталады. Көрермендер стадионға шамамен сағат 15:00-де кіре бастайды. Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, сағат 16:00-ден бастап аталған көшелерде көлік қозғалысы тоқтайды:
– Байтұрсынов көшесі — Шевченко көшесінен Тимирязев көшесіне дейін;
– Сәтпаев көшесі — Сейфуллин даңғылынан Байзақов көшесіне дейін;
– Абай даңғылы — Сейфуллин даңғылынан Мұқанов көшесіне дейін.
Ведомство жүргізушілерге кептелістерді болдырмау үшін өз маршруттарын алдын ала жоспарлап, қозғалыс сызбасындағы өзгерістерді ескеруге кеңес берді.
Адамдар концерт өтетін орынға еш кедергісіз жету үшін қала ішінде 50 арнайы автобус қатынайды, навигациялық көрсеткіштер мен LED-экрандар орнатылады.
“Шамамен 3 000 адам қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, олардың ішінде 2 240 полиция қызметкері, 600 әскери қызметкер, 120 жекеменшік күзет компаниясының қызметкері және 300 ерікті бар. 26 бақылау-өткізу бекетінде металл детекторлар мен қолмен сканерлеу құрылғылары орнатылады”, – делінген хабарламада.
Ұйымдастырушылар көрермендерді тексеру бекеттерінен сабырмен өтіп, орындарына жайғасу үшін ертерек келуге шақырды.
Еске салайық, бұған дейін Дженнифер Лопестің Алматыда өтетін сахнаның дәл алдында орналасқан VIP-аймақтағы орындар 180 мың теңгеге сатылғанын жаздық. Сахнаға жақын орындарға билет арзанырақ – 160 мың теңге. 120 мың теңгеге Fan zone мен сахнаның екі жағындағы орындар болды. Dance floor секторына билет 90 мың теңге тұрады. Сахнадан алыс орналасқан секторлардағы орындар құны 40 мың мен 80 мың теңге аралығында сатылды.

"Мықты еркек қана көп әйел ала алады": Тоқал болуға келіскен қазақстандық өмірінен сыр шертті
