Тәліптердің Ауғанстанды басып алуына байланысты Қазақстанға алаңдауға себеп бар - Сарапшылар пікірі
Тәліптер қозғалысы Ауғанстан билігін өз қолдарына толықтай алды. Ауған еліндегі аласапыран Орта Азия мемлекеттерінің назарын аударып, билік басына содырлардың келуі көпшілікті алаңдатқызып қойды. Тәліптердің билік тізгінін алуы Қазақстанға қалай әсер етеді? Stan.kz тілшісі саясаттанушылардың пікірін сұрап, қордаланған сұрақтарға жауап іздеп көрді.
Саясаттанушы Ерлан Саиров Ауғанстандағы жағдайға байланысты Қазақстанға да алаңдайтын себеп бар екенін ескертті. Ұлттық қауіпсіздік қызметі төтенше жағдай жариялап, діни экстремизмнің өршіп кетпеуін қадағалауы керегін айтты.
“Ауғанстан халқының басым көршілігі содырларға қарсылық көрсетпеді. Яғни тәліптер ешқандай қарсылықсыз билік басына келді. Ал бұл жағдай өз кезегінде Орталық Азиядағы геосаяси контурды өзгертеді. Ең бірінші кезекте шешілуі керек мәселе – босқындар мәcелесі. Тәліптермен келіспеген азаматтардың барлығы өзге көрші елдерге босқын болады. Ал Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан мемлекеттері босқындарды толыққанды қабылдауға шамасы жете ме? Және осы босқындармен бірге босқынның кейіпінде діни экстремизмнің “фанатиктері” өзінің идеологиясын ары қарай экспанция жасауы ықтимал. Бүгінгі таңда осы мәселе өте маңызды және осы сұмдықтың тамырына балта шабу керек.
Сонымен бірге барлық аймақтарда оның ішінде Қазақстанда діни экстремизмге бүйрегі бұрып тұратын қандастарымыз бар. Қазіргі таңда қауіпсіздік органдарының барлығы діни оқу-ағартуды ары қарай жалғастырып, күшейту керек”, – дейді сарапшы.
Ерлан Саиров ауған жерінде тұратын қазақстандықтардың да жайын ұмытпады. Ондағы қазақтарды аман-есен, ың-шыңсыз елге алып келуге жағдай жасау керегінде тілге тиек етті.
“Тәліптердің Ауғанстанды басып алуына байланысты Қазақстанға алаңдауға себеп бар. Бірінішіден, ақпарат заманында экстремизм идеологиясы біздің еліміздің де халқын улауы ықтимал. Екіншіден, босқындар келетін болса, онсыз да экономикасы нашар біздің ел оларға ақша бөлуі керек болады. Үшіншіден, алдағы уақытта тәліптер өздерін қалай ұстайтыны белгісіз. Олар Ауғанстанда халифат жариялайтын болса, әрі қарай тек қана діни емес, Орта Азия елдерінде әскери экспанция жасауға ұмтылуы да ықтимал. Қазіргі мемлекеттік және ұлттық қауіпсіздік органдар төтенше жағдайға көшіп, алдымызда келе жатқан осындай мәселелердің барлығын алдын алудың ретін жасау керек”, – дейді Ерлан Саиров.
Саясаттанушы Тазабек Сәметбай әріптесінің сөзіне келісе қоймайды. Сөзінше, қазақстандықтарға алаңдауға еш негіз жоқ. Өзге жұрттың мәселесіне бас ауыртқанша, өз еліміздегі жағдайды реттеп алуды айтты.
“Ауғанстан мәселесіне келгенде шектен тыс әсірелеулер көп сықылды. Ауғанстан үшін азаматтық соғыс деңгейінде қауіп-қатер төндіргенімен, бірақ көрші елдерге әсері жоқ. Өкінішке қарай, бұл соңғы жарты ғасырдан бері жалғасып келе жатқан соғыс. Одан кейін АҚШ-тың осы елге әділетсіз саясат жүргізіп, ішкі ісіне араласып, өзінің өктем талаптарын қойып, одан сайын ел ішіндегі тұрақсыздықтарға алып келді. Ауғандар Тәжікстан асып, Қырғызтанға келеді. Қырғыстан асып, Өзбекстанға келеді, одан кейін Қазақстанға келеді деген бос сөз. Дүрбелеңге салынбау керек. Бұған уайымдағанша, өзіміздің жеке бас шаруамызға алаңдауымыз керек. Біздің өзімізде де ішкі проблемалар жетеді. Босқындар мәселесіне келсек, Аллаға шүкір, халқымыз 19 миллионға жетіп жатыр. Бізге 2000 мың босқын дым әсер етпейді”, – дейді ол.
- Кабул әуежайындағы хаос: әскерилер ұшаққа ұмтылған адамдарға қарсы әуеге ескерту оқ атуда
- Тәліптердің Ауғанстан президентінің Кабулдағы кеңсесін басып алған суреттері жарияланды
Сәмбетовтың сөзінше, елінен тыныштық таппай, содырлардың сойқанынан бас сауғалаған шын босқындарды қабылдауға Қазақстанның әлеуеті жетеді.
Ал белгілі саясаттанушы Дос Көшім жұрттың бәрі тәліптерді неге содырлар деп айыптайтынын, олардан неліктен жанұшыра қорқатынын түсінбейтінін айтты.
“Менің айтайын дегенім, тәліптер туралы біздің тараптан болсын, басқа елдерден болсын, берілетін бағаны түсінбеймін. Оларды содырлар дегені миыма қонбайды. Тәліптерді халық қолдамаса, олар мұндай жеңіске жетпейтін еді. Талибандар басқа жақтан жаулап алушылар емес, іштен шыққандар. Егер іштен шыққан топты халық қолдамаса, тәліптер жеңбес еді. Демек, олардың билік құруына халық қарсы емес, тек тәліптерді халық қолдайтынын біздің мойындағымыз келмейді.
Ал бір кездері АҚШ әскерін, саясатын қолдағандардың елді тастап кетуі қалыпты жағдай. Олар шекаралас елдерге келуі мүмкін, бірақ көп келеді деп ойламаймын. Ал біз шекарада тұрған ел емеспіз. Егер босқындар көбейіп кетсе, БҰҰ бізге квота бөлуі мүмкін. Әңгіме біздің мемлекет “шошаңдап”, кешіріңіздер, көгершін сияқты көрініп, “бейбітшілікті сүйетін елміз” деп араласуы әбден мүмкін. Біздікілер араласуға құмар ғой. “Біз көмектесеміз, келіссөз жүргізетін алаңды біз береміз” деуі де мүмкін.
Ауғанстан терроризмнің жаңа базасы болады деген түсінік – Батыс Еуропаның және Американың идеологиясы. Бұған аса сеніп қалмауымыз керек”, – деп сөзін түйді Дос Көшім.
Ресейдің қазіргі Ауғанстанды зерттеу орталығының сарапшысы Андрей Серенконың пікірінше, Орталық Азия елдеріне экстремистік қимыл артуы мүмкін деп қауіптенеді. Ол бұл туралы Медуза басылымына берген сұхбатында айтты.
"Талибан" қозғалысы тек тәліптерден ғана тұрмайтынын ұмытпауымыз керек. Олардың құрамына басқа да жиһадшылар кіреді. Мысалы, Талибан ешқашан "Аль-Каидамен" байланысын үзбейді", - дейді Серенко.
Оның айтуынша, қазір болып жатқан жағдай бүкіл әлемдегі жиһадизмнің мықты жарнамасы.
"Сырттан қарағанда, жиһадшылар супер державаны жеңіп, оны тізе бүктірген сияқты. Қазір "Талибан" сәнді жиһадтық брендке айналуда. Ресейде, Кавказда, Орталық Азияда "Талибан" сәнін күту керек. Тәліп болу сәнге айналады", - дейді сарапшы.
Серенконың сөзінше, қарапайым ауғандықтар жақсылықтан үміттерін үзген.
“Қазір елдегі басты жұмыс – террористік топтастыру. Айтқаны басқа, істейтіні басқа топтар. Тәліптер ақпараттық науқандардың шеберлері екенін түсіну керек. Олар Ауған үкіметін ақпараттық соғыста жеңді. Жақында елді тазарту, аз ұлттарды қудалау, жергілікті шенеуніктерді Пәкістаннан келген адамдармен біртіндеп ауыстыру сынды жұмыстар басталады”, – дейді ол.
Ресейлік саясаттанушы Григорий Лукьянов Ауғанстандағы жағдай посткеңестік елдерді бірігуге итермелеуі мүмкін деп мәлімдеді.
"Тәліптер мемлекетінің пайда болуы Орталық Азия елдеріндегі, оның ішінде Ресейдің қатысуымен ҰҚШҰ, ЕАЭО, ШЫҰ сияқты қолданыстағы құрылымдар аясында әскери, экономикалық, саяси интеграцияның тоқтап қалған процестеріне қайта түрткі болуы мүмкін", — дейді Лукьянов.
Ал ресейлік саясаттанушы Александ Князевтің пікірінше, "Талибанның" халықаралық қатынастары туралы айту әлі ерте, өйткені әзірге үкімет қалыптасып болған жоқ. Содан кейін тәжірибенің жетіспеуіне байланысты үкімет өзгеруі мүмкін екенін де айтады.
"Айта кету керек, қазіргі уақытта тәліптер өздерін өте өркениетті ұстауда. Бірақ айта кету керек сол жердегі көшбасшылардың мінез-құлықына да көп нәрсе байланысты. Біреулер "Талибан" халықаралық аренада заңды саяси күшке айналуы керек деп санайды, ал біреулер шариғаттың барлық нормаларын енгізу керек десе, енді бірі жақында ғана таудан түскен, өздерін қалай ұстау керегін білмейтін тәліптер күшпен ғана басқарады деп санайды. Сонымен қатар, "Талибан" басшылығы барлық жауынгерлеріне бірыңғай мінез-құлық стандарттарын бірден енгізуге мүмкіндігі жоқ, сондықтан нешетүрлі оқиғалар болуы мүмкін", – дейді ресейлік сарапшы Александр Князев.