Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Доллар бағамы 536 теңгеге жеткен: Ұлттық банк мәлімдеме жасады

Қазақстандағы ақша айырбастау пунктерінде доллар бағамы 536 теңгеге жетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: depositphotos.com

Kurs.kz мәліметінше, Астанадағы ақша айырбастау пункттерінде 6 қаңтар сағат 19:10-дағы жағдай бойынша доллар 536 теңгеден сатылып жатыр.

Ал Алматыдағы ақша айырбастау орындарында доллар бағамы 532, кей жерлерде 533 теңгеге жеткен.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова валюта нарығындағы жағдайға қатысты мәлімдеме жасады. 

Оның айтуынша, 5 қаңтарда теңге бағамы бір доллар үшін 525 теңгеден ашылып, 525-528 теңге аралығында саудаланған. 

“Кешегі сауда-саттық қорытындысы бойынша орташа сараланған бағам 1 АҚШ доллары үшін 526,30 теңге деңгейінде қалыптасып, 0,2%-ға әлсіреді”, – делінген хабарламада. 



Әлия Молдабекова халықаралық қаржы нарықтары жабық болғандықтан, сауда-саттықтағы белсенділік төмен болып, оның көлемі небәрі 119,5 млн АҚШ долларын құрағанын атап өтті. Салыстыру үшін: 2024 жылғы қаңтарда сауда-саттықтың орташа күндік көлемі 172 млн доллар болса, ал 2024 жылғы желтоқсанда 254 млн долларға жеткен. 

“Сыртқы факторлардан күшейіп тұрған АҚШ доллары дамушы елдердегі басқа валюталар секілді теңгеге де қысым көрсетіп келеді. Тағы бір фактор – Ресей рублінің динамикасы. Оған нарық қатысушылары Қазақстанның сауда айналымындағы Ресейдің маңызды рөліне байланысты назар аударуға дағдыланған. Алайда, ұзаққа созылатын мерекелік демалыс кезеңінде Ресей рублінің АҚШ долларына қатысты бағамы төмен өтімділікпен бұрмалануы мүмкін екенін ескеру қажет. Мұндай кезеңдерде құбылмалылық артуы мүмкін. Мәселен, 2025 жылғы 3 қаңтардағы жағдай бойынша бағам 1 АҚШ доллары үшін 110,6 рубльге дейін әлсіреді”, – делінген хабарламада. 

Әлия Молдабекова ұлттық банктің валюта нарығындағы жағдайды үнемі қадағалап отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, теңгеге негізсіз қысым күшейетін болса, ұлттық банк нарықта алтын-валюта резервтері есебінен валютаның қосымша ұсынысын қамтамасыз етуге дайын.

Еске салсақ, бұған дейін сарапшылар 2025 жылы доллар көтеріліп, тұрғын үй мен көлік қымбаттайтынын айтқан еді. 

Талқылау