Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дінтанушы жастарды салафизмге Сауд Арабиясы ғалымдары шақыратынын айтып дабыл қақты

Белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы, елдегі діни ахуалға қатысты өз ойымен бөлісті. Әсіресе, діни радикалды топтардың жайын қаузап өтіпті.

акка

Сурет old.muftyat.kz

Бұл туралы islam.kz хабарлайды.

Маман салафизм бағытын ұстанушыларды “байсалды” және “радикалды” деп бөлуге болмайды дейді.

Мәселен, егер бір кісі өз отбасын намазға шақырды делік. “Алайда олар оның сөзін тыңдамаған жағдайда, олармен бірге тұрып, араласып жүре береді ме, жоқ әлде үйді тастап кетеді ме?” деген сауалды ортаға тастайды. Өзін “байсалды” салафиттердің қатарына жатқызатын, басты идеологтардың бірі, Сауд Арабиясы ғұламалар кеңесінің ғалымы Мұхаммад ибн Салих ибн Усаймин жауап берген.

“Егер отбасы мүлдем намаз оқымаса, онда олар сөзсіз кәпірлер. Діннен безгендер. Ислам дінінен шыққан болып саналады. Мұндай жағдайда олармен бірге тұруға болмайды. Бірақ оларды дінге шақыру керек. Қайта-қайта, қоймай шақыру керек. Өйткені намазды тәрк қылған адам (Алла сақтасын) Құран, сүннет һәм сахабалардың сөзі негізінде кәпірге жатады”, – деп жауап береді.

“Сондай-ақ, ол өзінің осы берген фәтуасын Құранның кейбір аяттары мен Алла елшісінің (с.а.у.) қайсыбір хадистерін және кейбір сахабалардың сөзін тура мағынасында тәпсірлей отырып негіздеуге тырысады. Ал “намаз оқымаған кісі кәпір болмайды” деген басым көпшілік ғұламалардың берген фәтуасын түрлі жорамалдармен жоққа шығарғысы келеді” дейді Қайрат Жолдыбайұлы.

Ибн Усаймин аталмыш жауабының аяқ жағында: “Ал енді намаз оқымайтын адам кәпір болғандықтан, оның үкімі діннен безгеннің үкіміне қосылады. Ешбір аят-хадистерде намаз оқымайтын адамның мұсылман екендігі немесе жұмаққа кіретіндігі, яки тозақ отынан құтылатындығы айтылмаған” – дей келе кәпір адамға қатысты: “Олармен үйленуге болмайды, олардың сойған малының етін жеуге болмайды, олар Меккеге және харам аумағына кіре алмайды, егер жақын туысқандарының бірі бақилық болатын болса, олардың дүние-мүлкіне мұрагер бола алмайды, тіпті намаз оқымайтын адам өлетін болса, оны жуып, кебіндемеуге және оған жаназа намазын оқуға, сондай-ақ, мұсылмандардың қабіріне жерлеуге болмайды. Ондай намаз оқымайтын адамды шөл далаға апарып шұңқыр қазып үстіндегі киімімен көме саламыз”, – деп айды аспаннан бірақ шығарыпты.

Ибн Усаймин аталмыш фәтуасын: “Уа, бауырларым! Мәселе өте қатерлі. Өкінішке орай кейбір кісілер бұл мәселеге жеңіл қарайды да намаз оқымайтындармен бір үйде тұрады. Бұлай жасауға болмайды”, – деп жастарды қатаң ескертумен нүктелейді (Мұхаммад ибн Салих ибн Усаймин, Хукму Тәрикус-Салати, 3-7 беттер, “әл-Мәктәбут-таъауний лид-даъуати уал-иршад” баспасы, Рияд).

Бұл жауапты Сауд арабия корольдігіндегі ғұламалар кеңесінің ғалымы Мұхаммад ибн Солих ибн Усаймин өзінің “Хукму тәрикис-солаһ” атты кітабшасында берген. Намаз оқымайтындарды кәпірге шығаратын фәтуаны Сауд арабиясының мүфтиі болған Абдул-Азиз Ибн Бәздан да, ғұламалар кеңесінің ғалымы Солих ибн Фаузан секілді “байсалды” сәләфилердің басқа да ғұламаларынан кездестіруге болады екен.

“Ал енді жастарымызды осындай ең радикалды бағытқа тәрбиелеп жатқан сәләфилік ағымы қалай ғана елімізде “байсалды” (қауіпсіз) саналып, кітаптары, аудио, видео уағыздарды ғаламторды өріп жүр?! Уағызшылары кез-келген жерде улы уағыздарын емін-еркін айтып жүр? Неге оларға тиым салынбайды?,” – дейді автор.

Мақала авторы осылайша, “халқымыздың басым көпшілігін кәпірге шығарып, балаларын ата-анасы мен туысқандарынан, қоғамнан бездіретін байсалды сәләфилердің осы секілді көптеген фәтуалары еліміздің конституциясына да, ондағы “біреудің наным-сеніміне қарай кемсітуге болмайды” – деген бабына да қайшы!” келіп отыр дейді ашынып.

“Жарайды, оларды “радикалды” және “байсалдыға” бөліп, бірін-біріне айдап салып, біріншісін екіншісіне өткіздік делік. Нәтижесінде қазір қару алып жүргендерін болашақта қару алатындардың қатарына қосқан боламыз. “Полуфабрикат” жиһадистердің санын өсірген боламыз. Ата-анасын кәпір санайтындарды қолмен көбейткен боламыз. Әдет-ғұрпыңды бидғатқа санап, бүкіл ұлттық құндылықтарыңды мәнсұқтайтындардың елімізді жайлап алуына жағдай жасаған боламыз. Ел бірлігіне сына қағып, іріткі салатындарға “жасасын!” дейміз. Басқа ештеңе емес!” – деп жазады ол.

Мақаланы жазушы маман бұдан соң сәләфилер аз уақыттың ішінде массаға айналып кететіндігін айтып қауіптенеді. Расында, олар массаға айналған соң заңмен де, басқамен де тыю қиынға соғады. Ал бұл жолдағы адамдар тіпті Мысыр елінде партия құрып, сайлауға түсіп, дауыс жинап та билікке ұрынып жатыр екен.

Елімізде 2011 жылдан бері қарқынды түрде сәләфилермен күрес жүргізіліп келеді. Алайда нәтижесі көңіл көншітерлік емес. Жуырда дін істері комитеті еліміздегі салафизм бағытын ұстанушылардың саны 15 000 деп жариялаған. Бірақ, бұл санның өзі шын мәнінде әлдеқайда көп болуы ғажап емес.

“Сөздің тоқ етері сәләфизммен күрес екі бағытта жүргізілу тиіс. Біріншісі ағартушылық, екіншісі заңмен тыйым. Ағартушлық арқылы қалған жастарды аман алып қалып, олардың бойына сәләфизм вирусына қарсы иммунитет қалыптастырған боламыз. Ал тыйым сәләфизм вирусын басқаларға жұқтырмас үшін қажет. Сәләфилер өздерін қоғамда еркін сезінбеуі үшін, аяқтарының ұшымен жүруі үшін керек. Бірақ тыйымнан басқа мұсылмандар, асыл дініміз көрші елдегідей зардап шекпеуі ләзім!”, – дейді Қайрат Жолдыбайұлы.

Талқылау