Еліміздің бірнеше аймағында арнайы операция барысында экстремизмге қатысты күдіктілер ұсталды
2024 жылы 17 сәуір күні ұлттық қауіпсіздік қызметі мен ішкі істер министрлігі діни-экстремистік ұйымға қатысы қазақстандық 4 азаматты ұстады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі
Мәліметтерге сүйенсек, прокуратура органдарының үйлестіруімен Алматы қаласында, Алматы және Жамбыл облыстарында қылмыстық топтың 4 мүшесі қолға түсті. Олар республика аумағында тыйым салынған діни экстремистік ұйымның әрекетіне қатысты және ұйымдастырды деп күдіктеледі.
"Тұрғылықты жерлері бойынша тінтулер барысында көптеген діни әдебиеттер мен басқа да заттай дәлелдемелер алынды. Қылмыстық кодекстің 405-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Атап өтетін жайт, ұсталған адамдардың екеуі бұған дейін осындай қылмыс жасағаны үшін сотты болған", – деді ҰҚК баспасөз хабарламасында.
Сотпен ұсталғандарға қатысты бұлтартпау шарасын қолдану сұрағы шешіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Еске салайық, 2024 жылы 29 ақпанда Шымкентте терроризмді ашық насихаттап жүрген азамат ұсталғаны туралы жазған едік. Күдікті Шымкент қаласының тұрғыны, ұзақ уақыт шетелде білім алған. Сол жақта жүріп жат ағымның жетегінде кеткен.