Дін министрлігі: Елімізде қысқа балақ пен ұзын сақалға тыйым салынбайды
Елімізде бет-ауызды тұмшалайтын қара киімге тыйым салынса, мұның қысқа балақ пен сақалға қатысы жоқ.
Дін мәселелеріне қатысты жаңа заң жобасында балақты қысқартып, сақал қоюға тыйым салу мәселесі қарастырылып жатқан жоқ, деп хабарлады Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің дін істері комитеті басшысының міндетін атқарушы Еркін Оңғарбаев, деп хабарлайды Sputnik.
“Қазіргі таңда қысқа балақ пен сақал қоюға тыйым салу мәселесі қарастырылып жатқан жоқ. Тәжікстанда осындай норма бар. Шыңжаң-ұйғыр автономды округінде бұл мәселені реттейтін белгілі бір ережелер бар. Біз мұндай норманы қабылдап жатқан жоқпыз”, — деп жауап берді Оңғарбаев журналистерге.
Осыған дейін заң жобасына енгізіліп жатқан өзгерістерге сәйкес, қоғамдық орындарда бет-ауызды тұмшалайтын киімдерді киюге тыйым салынатыны хабарланған болатын. Тек қызметтік міндетті атқару кезінде, медициналық, азаматтық қорғау мақсатында, сонымен қатар бұқаралық мәдени-спорттық шаралар кезінде рұқсат беріледі. Оңғарбаевтың айтуынша, мұндай норма көптеген елде бар.
“Бетті тұмшалайтын киім киюге болмайды деген норма болады. Мәселен, бұл паранджа, басқа да киімдер. Осы мәселе бойынша көптеген Еуропа елдерінде тәжірибе жинақталған, сот тәжірибесі бар. “Бұл адам құқықтарын бұзады” деп осы елдің ааматтары адам құқықтары жөніндегі еуропалық сотқа шағымданды. Бірақ сот барлық істер бойынша осы нормалар енгізілген елдердің заңдарына қолдау танытты”, — деп атап өтті ол.
“Деструктивті идеологиялық ағымдардың нышаны болып табылатын киім бұл басқа мәселе. Бұл жерде тек дін ғана емес, мәселен, свастика секілді фашистік белгілер, ку-клукс-клан нышандары немесе антисемитизмді, нәсілдік дүниелерді насихаттайтын дүниелер болса, тиісінше бұл адамдарға жаза қолданылатын болады”, — деді Оңғарбаев.
Тағы да оқыңыз:
Маңғыстау облысында үшем дүниеге келді
Баянның кіші қызы әртүрлі бейнеде торт әзірлеп, жұртты таңдай қақтырды (фото)
Өзбек емеспін: Сиви Махмұди ұлтына қатысты сұрақтың нүктесін қойды