Димаштың АҚШ-тан Ақтөбеге келген жанкүйері әншінің ұстаздарымен танысты
Ақтөбеге Лос Анджелестен келген Патрисия Груллион Димаш Құдайберген білім алған колледжде болды. Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледж студенттерімен, әншінің ұстазы Марат Әйтімовпен танысты.
Ақтөбедегі Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжді әлем таниды. Бұл оқу орнының түлектері шетелде жұмыс істейді, елде жүріп Қазақстан атынан байқауларға қатысады. Өнерлі жастардың ордасын көруге бұл жолы Лас Анджелестен Патрисия Гурллион келді. Ол Димаштың ұстаздарымен танысты, деп хабарлайды aktobenews.kz.
«Димаш Құдайбергеннің ұстазы Марат Әйтімовпен танысу бақыты бұйырды. Ұстазы мықты, Димаштың жолы болған. Ол бізге уақыт бөліп, жанашырлық танытты», — деді Патрисия Груллион.
Колледж ұжымы шетелден келетін қонақтарды қабылдап, оларға құрмет көрсетуге дағдыланған. Себебі, студенттер түрлі байқауларға қатысқан соң жанкүйерлері іздеп келетін дәстүр бар.
«Димаштың фанаттары келіп, колледждің тыныс-тіршілігімен танысты. Ұстаздар күні мерекесіне орай бүгін біз оларды қайта шақырып, құрмет көрсеттік. Шұбат берілді. Ұлттық тағамнан дәм татқан жанкүйерлер өз ықыластарын білдірді. Біз ұлттық өнерімізді көрсеттік, дәстүрлі ән шырқалды. Бишілеріміз мың бұрала биеді. Бәрі шетелдіктерді таңқалдырды. «Мұндай жерде білім алған Димаштың талантты болуы заңдылық» деген ойын жеткізді. Димаштың ата-анасы, отбасы туралы да баяндап бердік. Қазіргі уақытта Лос Анджелес пен Ақтөбе арасында байланыс орнады. Алдағы уақытта хабар алысып, мүмкін болса олар келеді, біз АҚШ-қа сапарға шығармыз», — деді Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледж директоры Аманжол Исмағұлов.
Патрисия Груллион музейді аралап, өз қолтаңбасын қалдырды. Аманжол Исмағұловтың айтуынша, Димаш Құдайберген жанкүйерлері шетелден жиі келеді. Арнайы келгені – Патрисия Груллион. Шетелдік қонақ өз сапары кезінде музыкалық колледж студенттері орындауындағы әндерді тыңдап, қазақ жастарының өнеріне тәнті болды.