БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР

Димаштың өнеріне тәнті болған АҚШ азаматшасы Қазақстанға қоныс аударып, қазақ тілін үйреніп жүр

Жасы 70-ке таяп қалған зейнеткер қазір Нұр-Сұлтан қаласында тұрып жатыр. Өзі қазақша үйреніп, әрі қазақ балаларына ағылшынды үйретіп жүр екен. Бұл туралы "Еуразия Бірінші" арнасына сілтеме жасап, Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Димаштың «Махаббат бер маған» әнін тыңдаған Анита Кахл,  өзіне «Қалайда қазақша үйренуім керек!» деп мақсат қойыпты. Димаштың ана тілінде сайрау үшін қазақтардың ортасында тұруым керек қой деген тағы бір ой келіпті. Содан ол  АҚШ-тағы тып-тыныш, жайбырақат өмірін тастап, Қазақстанға қоныс аударыпты. Келесі жылға дейін осында қалам деп отыр. Зейнеткер қол қусырып отырмай, елордадағы мектептердің бірінде ағылшын тілінен дәріс береді екен. 

«Димаштың даусына ғашық болдым. Қазақ тілін, Димаш сөйлейтін тілді үйреніп жүрмін. Екі жыл бұрын орындауындағы әндерді естідім де, Мәскеудегі концертін көргеннен кейін, Қазақстанға барып тұрамын дедім. Оның әніне ғашықтық мені Қазақстанға баруға итермеледі. Туған жерін көргеніме қуаныштымын», — дейді Димаштың жанкүйері Анита Кахл. 

Димаш білім алған Ақтөбедегі №32 қазақ мектеп-гимназиясынан күнде қонақ арылмайды. Білім ордасына соңғы бір айда АҚШ, Германия, Ұлыбритания мен Мәскеуден шетелдіктер келген. Димаш туралы бәрін білгісі келген жанкүйерлер әншінің алғашқы ұстазы Клара Қажғалиеваны сауалдың астына алады. Апайы да әбден ысылған. Шәкіртімнің арқасында жұлдыз болдым деп күліп қояды.

"Ең бірінші есік алдында көрген кезде мені құашқтап алып, үш рет айналған. Артынан «Апай, мен сізді қатты сағындым" деді. Сол кезде барлық адамдар бізге қошемет көрсетіп, қол шапалақтаған еді», — дейді ұстаз. 

Димаштың Астанадағы жеке концертін естігендері сол екен, жер-жердегі фанаттары Ақтөбеге барғысы келетіндерін айтыпты. Туристік агенттіктерге қолқа салғандар көп екен. Музыканың құдіреттілігі, әншінің хас шеберлігінен дертке шалдыққан баламыздың өзі ән салып кетті деп хат жазғандар да бар. Солардың бірі Малайзиядан келген отбасы  Ясмин Абу-Ханифа ұлының арбаға таңылғанына, жолдың шалғайлығына қарамастан, Қазақстанға ертіп келген. 

«Димаштың әндері құлағымызда күні-түні ойнап тұр. Ол- феномен. Екінші Майкл Джексон ғой. Егер табанымыз Ақтөбеге тимегенде, Димаштың туған жерін көрмегенде, өміріміз босқа кетті дер едік. Мен бақыттымын!», — дейді Ясмин Абу-Ханифа есімді жанкүйер. 

Димаштың жерлестерінің көңілін қалдырмайық деді ме, әлде хас өнерге деген махаббат па, Ақтөбеге табаны тиген шетелдіктер оның шұрық-тесік жолын да, шаң басқан көшелерін де көрмеген кейіп танытты. Бірақ, такси жүргізушілеріңіз ағылшын тілін меңгерсе деген өтініштерін айтып қалды. Мектептегі мұражайын аралап жүріп, Димаштың еш жерде жарияланбаған оқушы кезіндегі фотосуреттерінен жасалған буклетті көріп, балаша қуанды. Тіпті, сатып алуға дайын болды. Қай жерден алсақ болады деп сұрап та жатты. Ұстаздардың аузынан бір ғана дана дегенін естігенде, көңілдері су сепкендей басылды. 

 «Бірнәрсе жетіспейді... Бізде қызмет көрсету жағы ақсап тұр дер едім. Жолдардың жайы, көлік қатынасы, такси қызметі... Біз қонақжай халықпыз, ол қасиетімізге шетелдіктер таң қалысып жатады. Керемет, әрине! Бірақ, сервис жағынан да сол үдеден шықсақ екен. Келген қонақтардың көбісі такси жүргізушілеріңіз ағылшын тілін меңгерсе деген тілектерін айтып жатады» , — дейді туристік фирма өкілі Мейрамгүл Балғожина.

Табынушыларына әншіге қатысы бардың бәрі қызық. Турды ұйымдастырушылар туристердің бар ұсыныстарын ескердік деп отыр. Оларды Димаш оқыған мектеп, саз мектебі, әрі қарай білімін шыңдаған музыкалық колледжге апарды. Жанкүйерлері әншінің ұстазы Марат Әйтімовпен жүздесіп, сауалдарын қойып, тіпті музыкадан дәріс алуға мүмкіндік алды.


 

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр