Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Байлықты сыртқа тасыған олигархиялық жүйені бақылауға аламыз": Сайлауалды пікірсайыста партиялар қандай уәде берді?

Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттығына үміткер 7 партия өкілдері 70 минутқа созылған пікірсайыс барысында өз ұсыныстарын, осы күнге дейінгі істеген істерін ортаға салып қана қоймады. Сондай-ақ тікелей эфирде алда қандай жұмыстарға мән беретіндерін айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Фото: Qazaqstan.tv

Халықтың аманатын арқалаймыз деген “Amanat” партиясы үш негізгі мәселені іріктеген. Партияның атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев бірінші баршаға тең мүмкіндік беріп, заң үстемдігін орнататынын айтса, екіншіден ауылды түлетуге күш салмақ. 

“"AMANAT" партиясы ең ірі партия ретінде елдің болашағы үшін жауапкершілік алуға дайын. Біз адал еңбек пен маңдай тердің лайықты бағалануын қамтамасыз етеміз. Ешкім жасына, жынысына, әлеуметтік жағдайына байланысты шеттетілмейді. Бұдан былай қарай рушылдық пен жершілдікке жол бермейміз! Ауыл мен қаладағы өмір сүру деңгейін теңестіреміз. Ауыл тұрғындарына жеңілдетілген несие мен субсидия береміз. Ауылдардың инфрақұрылымын жаңартамыз”, – деді. 

Ал Қазақстан Халық партиясы төрағасының орынбасары Асхат Асылбеков "Әрбір отбасына – мемлекеттің қамқорлығы" қағидатын іске асыратынына тоқталды. Ол қағидат аясында кедейшілікпен күрес заңын қабылдауды талап ету, несие құлдығынан құтқаруды қолдау, жұмысшылар құқығын қорғау көзделеді. 

“Әйелдердің – 58, ерлердің 60 жаста зейнетке шығуын қолдаймыз! Қазақстан азаматтарына медицинаның тегін болуын, Қазақстан жастарының тұрғын үймен қамтылуын талап етеміз”, – деді Асхат Асылбеков. 

“Ауыл” партиясынан келген Жигули Дайрабаев ауылдың инфрақұрылымын жақсартуға уәде берді. 

“Соңғы отыз жылда ауыл шаруашылығын өте қиын жағдайға алып келдік. Қазір ауыл шаруашылығының халі мүшкіл. Ауыл шаруашылығы саласында тұрақтылық жоқ. 19 министр ауысса, қандай тұрақтылық болады? Осы мәселелерді тоқтатып, тек заңмен жауап беретін уақыт келді”, – деді ол. 

Respublica партиясының тең төрағасы Сырымбек Тау ауыл мен қала теңсіздігін жоюды мақсат етіп отыр. 

“Ауылдық жердегі бағдарлама мен қаладағы бағдарлама екі бөлек. Осыны теңестіруіміз керек. Әрі білімді жастарға қолдау көрсету. Өйткені білімді жастарды бірінші орынға қоймасақ, еліміздің болашағы бұлыңғыр. Достарым білікті маман бола тұра жалақысын ала алмай, шетелде қара жұмыс істеп жүр. Еңбекқор адамдарды бағаламасақ, орта кәсіп те өркендемейді”, –  деп отыр Сырымбек Тау. 

"Байтақ" партиясы да уәдені үйіп-төкті. Отыз жылда экологиялық ғылым жойылды, шенеуніктердің жауапсыздығынан қаншама кәсіпорын қоршаған ортаны ластады дейді. Әрі осы бағытта ғылымды қайта түлетуге мән бермекші. 

“Біз ғылымды қайта түлетеміз. Қоршаған орта бұзылса, адам денсаулығы бұзылады. Сондықтан біз әлеуметтік теңсіздікті қайта қарауымыз керек. Әлсіз халқымызды қолдауымыз керек. Біздегі кедей, қарапайым халықтың бәрі қайғылы”, - деді Азаматхан Әміртаев. 

Ал "Ақ жол" демократиялық партиясы жеңіске жеткен партия үкіметті құрауы керек дегенді алға тартты. Егер дәл осылай болса, онда желге ұшқан ақшаның сұрауын бақылаусыз қалдырған сол партиядан халық талап етер еді деді. 

“Мәжіліс алдында жүздеген адам қолына плакат ұстап жүр. Қаншама адам қабылдадық, наразылар көп. Бүгінгі үкімет пен жеңіске жеткен партия екеуі су сияқты. Үкімет өз алдына, ал партия өз алдына жүр. Сіздер ертең мәжіліске кіргенде дәрменсіз парламентті көресіздер. Үкіметтің шешімінсіз сіздердің бірде-бір заңдарыңыз өтпейді. Ықпалды парламент болу үшін үкімет парламент алдында есеп беруі керек”, – дейді Берік Дүйсембинов.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Астана қалалық филиалының төрағасы Нұрлан Әуесбаев та Парламенттің деңгейін көтеру керегін айтты. Әрі байлықтың бәрін сыртқа тасыған олигархиялық жүйені бақылауға алатынына тоқталды. 

“Қазақстанда байлықтың бәрі бар, бірақ халық кедей. Неге? Өйткені бақылау жоқ. Байлықтың бәрін әкетіп жатыр. Оның бәрін мемлекетке қайтару керек”, – деді. 

Алғашқы теледебаттағы берілген уәде осындай.

Сондай-ақ, пікірсайыс барысында қатысушылардан эфир жүргізушісі Армангүл Тоқтамұрат “саяси партиялар мәжіліске өтіп жатса бірінші кезекте шешуге тырысатын үш мәселені” атауды сұрады. 

Елнұр Бейсенбаев баршаға тең қоғам құру, ортақ құндылықтары бар қоғам және ауылды түлету мәселесін айтса, Жигули Дайрабаев ауыл инфраструктурасын жақсарту, азық-түлік қауіпсіздігі туралы заң қабылдау және ауылшаруашылығына тұрақтылықты қайта алып келу мәселесіне тоқталды. 

Сырымбек Тау білімді жастарды қолдауды, білікті мамандар жетіпеушілігін шешуді және халыққа лайықты жалақы төлеуді көтерсе, Асхат Асылбеков әлеуметтік саладағы қызметкерлердің құқығын қорғайтын жаңа Еңбек кодексін қабылдау, әр азаматқа жер учаскесін беру және жастар саясатын жетілдіру жайын қозғады. 

Ал Азаматхан Әміртаев қоршаған ортаны ластаған шенеуніктерді жазаға тарту, экологиялық ғылымды дамыту, әлеуметтік теңдікті шешетінін айтса, Берік Дүйсембинов мемлекеттік бюджетті бақылау үшін парламент ықпалын күшейту, үкіметті құрылымдауға партияның қатысуы және сот билігін дұрыстауды жоспарлап отыр. 

Өз кезегінде Нұрлан Әуесбаев қазақстандықтардың өмір сапасы стандарттарын енгізу, олигархиялық жүйеден құтылу, сыртқа кеткен байлықты қайтаруды қолға алатынына тоқталды.

Талқылау