Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дзюдодан әлем чемпионатында Абиба Абужақынова қола, Елдос Сметов 5-орын алды

Абу-Дабиде өтіп жатқан әлем чемпионатында Абиба Әбужақынов қола жүлдегер атанса, Елдос Сметов 5-орын алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әлемнің ең үздік балуандары бас қосқан байрақты бәсекенің алғашқы күнінде Қазақстан құрамасының қоржынына жалғыз жүлде түсті. 48 келіде белдескен Ғалия Тынбаева жарысты сәтті бастағанмен, екінші айналымда испаниялық балуанға ұтылып қалды. Жарысты екінші айналымнан бастаған Әбиба әуелі түркиялық Эрсин Силаны, ширек финалда словакиялық Маруса Стангарды ұтты. Дегенмен жартылай финалда моңғол балуанына есе жіберіп, алтын жүлдеге күресу мүмкіндігінен айырылды. Ал қола жүлде үшін белдесуде түркиялық Түкче Бедерді айқын басымдықпен ұтты.

Ерлер арасында сынға түскен Нұрқанат Серікбаев жарысты екінші айналымнан бастап, Зара Джеймсті ұтты. Бірақ үшінші белдесуінде Ли Харимнен ұтылып, жарыс жолынан шығып қалды. Әлем чемпионы Елдос Сметов Абу-Даби бозкілемінде жақсы өнер көрсетті. Иьетнамдық Дык Дат Чуды, корейлік Ким Вон Джинді және бразилиялық Аугусто Мишелдің мысын басып, тек ширек финалда Аюб Блиевке ұтылды. Өкінішке қарай, қола жүлде үшін белдесуде де Таики Накамураға есе жіберіп, жарысты бесінші орынмен аяқтады.

Айта кетейік, Әбиба Абужақынова екінші рет әлем чемпионатының қола жүлдегері атанып отыр. Ол 2022 жылы Ташкентте өткен дүрмекте де үздік үштіктен көрінген еді.  

 

Талқылау