Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандағы депутаттар санын қысқартқан дұрыс па, әлде көбейткен бе? Сарапшылар пікірі

Екі палатадан тұратын Қазақстан парламентінде бас-аяғы 156 депутат отыр. Бұл көрсеткіш өзге елдермен салыстырғанда әлдеқайда көп. Сондықтан саясаттанушы Санжар Боқаев желідегі парақшасында депуттар санын қысқарту туралы айтып жазба қалдырды. Stan.kz тілшісі саясаттанушылармен тілдесіп, "Қазақстандағы депутаттар санын қысқартқан дұрыс па, әлде керісінше көбейткен бе? деген сұраққа жауап іздеп көрді. парламент

Саясаткер Санжар Боқаев Facebook-тегі парақшасында қазіргі Парламент депутаттарын 25%-ға қысқартуды ұсынды. Оның есебінше, елімізде жан басына шаққанда депутаттар Ресейге қарағанда 3 есе, АҚШ-қа қарағанда 7 есе көп.

Санжар Боқаев 25%-ға қысқартқанда екі палатадан 40 депутат өз орындарын босататынын айтады. Сонымен қатар, бастама үнемдеу мақсатында ғана емес, сонымен қатар, ең алдымен, парламенттегілердің мобильді және кәсіби институтын құру үшін енгізілетінін баса айтты. Үнемделген ақшаға көп балалы аналарға 40 пәтер үлестірсе болады дейді ол. 

Stan.kz тілшісі еліміздегі саясаттанушыларға хабарласып, осы тақырып төңірегінде пікір сұрады. Олардың ойы екіге бөлінді. Бірі қысқартып, бюджетті үнемдейік десе, енді бірі керісінше, депутаттар санын көбейтуді қолдап отыр. 

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) төрағасының орынбасары Тазабек Сәмбетбайдың пікірінше, депутаттар санын қысқарту орынсыз. 

"Депутаттар санын кемітудің қажеті жоқ. Менің жеке пікірім бойынша депутаттар санын өсіру керек. Қазіргі жағдайда депутаттардың санымен емес, сапасымен жұмыс істеу керек. Депутат -  халық өкілі, оның мүддесін қорғаушы. Депутат - халық сайлайтын екі лауазымның бірі. Халық президентті және депутатты сайлап, өзі отырғызады. Елдің мүддесін қорғайтын позиция", - деген ол қазіргі депутаттарға көңілі толмайтынын айтып қалды. 

Оның ойынша, қазіргі депутаттардың құрамы депутат деген қасиетті ұғымды жаман атты еткен-мыс.

"Өзінің құзіретіне сәйкес келмейтін, зейнет жасынан асып кеткен депутаттар қазіргі Парламенттің сиқын кетірді. Егер ол жерге елім дегенде езіліп тұратын жастар келсе, мықты ұйымға айналып, саяси реформалар жасайтын, үкіметті жасақтайтын, әкімдерді де, сот өкілдерін де тағайындайтын осы Парламент болуы керек. Сол кезде шынайы халықтық Парламент болады. Сондықтан біз депутаттық мансаппен немесе Парламентпен күреспеуіміз керек. Мәселе - үкіметте. Үкімет Парламенттің бақылауында емес және Парламенттің алдында жауапты емес, өз ойына келгенін істеп жатыр. Соның нәтижесінде еліміз дағдарысқа ұшырап, шешілмеген мәселелер көбейіп жатыр. Сондықтан депутаттардың санын қысқартпай, керісінше көбейту керек. Ал олардың шынайы жұмыс істеуі үшін халықтық бақылау орнату керек", - дейді ол.

Тазабек Сәмбетбай халық өзі сайлаған депутаттарын білуі керек екенін айтады. Ол тәуелсіздік жылдарындағы Жоғарғы Кеңес депутаттары сан жағынан қазіргіге қарағанда екі есе көп болғанын, сол кезде сапаға жұмыс істегендер көп болғанын алға тартады. 

"1995 жылғы Парламентімізді еске алайықшы. Ол жерде, тіпті, 300-ден аса депутат болды. Одан кейін 2000 жылдың басында мықты көзге түскен Шерхан Мұртаза, Мұхтар Шаханов сынды т.б. көптеген депутаттардың есімін атай беруге болады. Ол кезде ел мүддесі қорғалатын. Бүгінгідей жайлап кеткен жемқорлық болған жоқ. Ол жерде көп санды депутаттар сапаға жұмыс істеген еді. Сондықтан қазір елім деген жастардың Парламентке әкелетін болсақ, біз оның сапасын арттырамыз", - дейді ол. 

Тазабек Сәмбетбай үшін ең орынды депутаттар саны 300-ден аса болуы керек. Оның ойынша, санмен сапа да артады. 

Ал саясаттанушы Дос Көшім бұл пікірмен келісе қоймады. Өйткені депутаттардың санын көбейткеннен немесе қысқартқаннан келіп-кетер пайда жоқ дейді ол.

"Менің ойымша, сапа болмаса сан ештемені өзгертпейді. Егер олар өздері заң шығара алмаса, тек қабылдап отыратын болса, аз болсын, көп болсын пайда жоқ. Ондай жағдайда бес-ақ депутаттың өзі жетеді. Бізде депутаттар заңды қабылдаушылар ғана болып отыр. Ал басқа жерлерде негізінен депутаттар партияның атынан заң дайындап, Парламентке ұсынады. Бізде ондай дәстүр жоқ. Осы уақытқа дейін жасалған мыңдаған заңды үкімет дайындайды. Сол саладағы министрлік өзіне керек заңды жасады", - дейді Дос Көшім.

Оның пайымдауынша, заңды жасамаса, дайын заңды қол көтеріп қабылдағаннан пайда жоқ. Депутаттардың өздерінің жұмысына лайық жұмыс істейтіндей деңгейге алып келу керек дейді саясаттанушы. 

Саясаткер Ермұрат Бапи әріптесі Тазабек Сәмбетбайды қолдайды. Бірақ депутаттар санын қазір емес, болашақта көбейткен дұрыс.  

"Қазақстанда депуттаттар санын қысқарту керек емес. Керісінше, көбейту керек. Қазақстанда парламентінде 200-ге тарта депутат отырғаны дұрыс. Бұл, әрине, мемлекеттік бюджет үшін шығын, бірақ қазіргі қажеттілік. Себебі аз депутаттарды мүдделі топтар бөлшектеп алып кетуі мүмкін, көпті бөлшектеп ала алмайды. Партиялық сайлау жүйесінен басқа, можаритарлық сайлау жүйесі (сайлау кезінде дауыс берудің нәтижелерін анықтау тәртібі - ред.) болатын болса, онда Парламентке тәуелсіз депутаттар пайда болады. Сондықтан, меніңше, парламенттің, мандаттың санын қысқарту керек", - деген ол қазіргі депутаттарды қатты сынға алды. 

Оның пікірінше, қазіргі құрамды көбейткеннің пайдасы жоқ. 

"Мен қазіргі депутаттарды көбейту керек деп айтып тұрған жоқпын. Бұл болашақта жасалуы керек. Қазіргі отырған "маубастарды" 200-ге көбейткеннен түк те пайда жоқ. Қазіргі депуттаттарды құрту керек. Менің айтып отырғаным, елімізде саяси реформа болып, мемлекеттік жүйе қайта құрылған кезде болатын Парламентті айтып отырын. Ал мынау отырған "маубастар", "арамтамақтар" қазаққа қажет емес", - деп кесіп айтты Ермұрат Бапи. 

Айта кетсек, президент Қасым-Жомарт Тоқаев парламент мәжілісі сайлауы 2021 жылдың 10 қаңтарында өтетіні туралы жарлыққа қол қойған еді.  

 


Қазақстанда сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары басталды

Талқылау