Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Депутаттар медициналық сақтандыру қорындағы қаражатты тексеруді ұсынды

Мәжіліс депутаты Гүлдана Нұрымова Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы ақшаның игерілуіне ішкі және сыртқы аудит жүргізуді ұсынды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Депутаттық сауал жолдауымызға биыл медициналық ұйымдарды толық қаржыландыру 2021 жылмен салыстырғанда толық емес болуы себеп болды.

Осы туралы сауалдарымызға Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен тарифтер медициналық қызмет көрсетуге байланысты барлық шығындарды толығымен жабатыны туралы айтылған жауап келді. Бірақ ол жауапта жаңа тарифтердің калькуляциясы ұсынылмаған.

2022 жылға арналған Денсаулық сақтау шығыстарының көлемі 2021 жылы бекітілгеніне қарамастан, медициналық қызметтердің тарифі 2022 жылдың наурыз айында ғана бекітілді. Яғни, биылғы тарифтер былтыр бөлінген бюджетке қарап отырып, белгілей салған сияқты", - деді депутат.

Мәжіліс депутаты бұл уәжіне мысал да келтірді.

"Мысалы, IV санаттағы жедел жәрдем тарифі бір тұрғынға 39 теңгеден басталады. Бұл шығының 30%-ын ғана жабады. Мұндай тарфипен алсақ, жедел жәрдем қызметінің айлық бюджеті 1 млн 59 мың теңге деген сөз. Мұндай бюджеттен әрқайсында 2 адам бар 6 бригаданың жалақысын қалай төлеуге болады? Оның сыртында түнгі кезекшіліктердің, диспетчерлердің айлығы және дәрі-дәрмек, бензин, коммуналдық қызмет, көлікті күтіп-ұстау шығындары және бар", -деп түсіндірді Гүлдана Нұрымова.

Айтуынша, осындай саясаттың салдарынан бөлініп жатқан қаражаттың 80%-ы тек жалақыға жұмсалады.

"Әрине, медициналық ұйымдардың дамуына, заманауи жабдықтар сатып алуға немесе жөндеуге қаражаты жоқ.

Медицина қызметкерлері екі оттың ортасында қалып отыр. Бір жағада өздеріне тиесілі сапалы медициналық көмек талап ететін сақтандырылған азаматтар, ал екінші жағада қаржыландыру жоспарынан аспауды талап ететін және айыппұл салатын әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры ентелеп тұр.

Өңірлерден қаржыландырудың жетіспеушілігінен клиникаларда жоспарлы емдеуге жатқызу кезегі ұзарып кеткен. Мысалы, Алматы қаласында жоспарлы емделуге кезегі 2023 жылдың наурызына дейін қалыптасып қойған",-деген депутат бірнеше ұсыныс айтты. Олар:

  • Медициналық ұйымдардың қаржы тапшылығын шұғыл шешу;
  • Бюджет пен тарифтерді бүкіл үстемеақыларға (жалақыны көтеру, біліктілік санаттары үшін төлемдер, бағаның өсуі және т. б.) сәйкес жоспарлау және жаңа қаржы жылы басталғанға дейін тарифтерді қайта қарау;
  • Денсаулық сақтау министрлігі мен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының бюджетті ұтымды бөлуіне ішкі және сыртқы аудит жүргізу.
Талқылау