Қазақстанда жылжымайтын мүлікті табиғи апаттардан міндетті сақтандыру енгізу ұсынылды
Депутат Елнұр Бейсембаев жылжымайтын мүлікті апатты жағдайлардан міндетті сақтандыру туралы заң әзірлеуді ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: freepik
Оның айтуынша, Қазақстан аумағының 70 пайызы мен 7 миллион адамына табиғи апат пен жер сілкінісі қаупі төніп тұр.
“Көптеген дамыған елдерде тұрғын үйді сақтандыру норма саналады. Қазақстанда сақтандырудың бұл түрі нарықтың 2-3 пайызын құрайды. Тасқын маусымы келе жатыр. Мүлікті сақтандыру болмаған жағдайда шығындар мемлекеттік бюджетке түседі. Бірақ мемлекет жыл сайын тұрғын үйді қалпына келтіруге кепілдік бере алмайды", –деді Бейсембаев.
Оның пікірінше, қалыптасқан сақтандыру шарттары халық үшін тиімді емес.
Ипотекалық сақтандыру әдетте қарыз алушының бастапқы жарнасы мен ай сайынғы төлемдерін алып тастағандағы несие сомасын жабады. Банк өз мүддесін ғана қорғайды. Сондай-ақ банктер қарыз алушыларға нақты сақтандыру компанияларын жүктейді. Ал қарыз алушы табиғи апат болған жағдайда да кепілзаттың сақталуына жауап береді.
Осылайша, тіпті жер сілкінісі салдарынан кепіл мүлкінен айырылған қарыз алушы банкке несиені қайтаруға міндетті. Міндеттемені орындау мүмкін болмаған жағдайда, банк қарызды борышкердің басқа мүлкі арқылы өндіріп алады. Ал банктер өздерінің иелігіндегі мүліктің сақталуы үшін жауапкершіліктен босатылады.
Айта кетейік, бұған дейін Тұрғын үйге қосылған құн салығының өсуі жылжымайтын мүлік бағасына қалай әсер ететіні айтылған еді.