Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тауар емес, адам ғой": Депутат Қылмыстық кодекске қыз алып қашатындарға қатысты жеке бап енгізуді ұсынды

Депутат Мұрат Әбенов мәжілістің жалпы отырысында елде қыз алып қашатындарға қатысты Қылмыстық кодекске жеке бап енгізуді ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әбенов

Видеодан скриншот

Әбенов астаналық студенттермен кездесіп, адам құқығы жөнінде талқылағанын айтты. Сөзінше, кездесу кезінде студенттер үйлену мақсатында қыз алып қашқандардың видеосын көрсеткен. 

"Қыздар құқымызды ешкім қорғамайды, мазақ қылады, заң жоқ деді. Белгілі әншілер солай ән айтып жүр, сахнада, тіпті теледидарда алып қашуды көрсетеді. "Алып қашам, мейлі олай қалама, келін қылам сені қалай да анама", екінші әнші " Көресің, менің үйіме барасың, басыңа аппақ орамал тағасың, көндірем, көнесің. Қыз болып келесің, келін болып қаласың" дейді. Мәжбүрлеу, осыны бір теледидардан көрсетіп жатырмыз", – деді Әбенов. 

Әбенов 2023 жылы 13 алып қашу дерегі сотқа жеткенін, ал биыл Түркістан облысында 18 дерек тіркелгенін қосып өтті. 

"Сондықтан Қылмыстық кодекстегі 215-баптың жанына қыз алып қашуға қатысты бөлек нормалар енгізейік. Мәселені қоғам болып қарауымыз керек", – дейді депутат. 

Ал Еділ Жаңбыршин қыз алып қашу қыздардың тағдырын бұзатынын мәлімдеді. 

"Қызбен келіспей, сөз байласпай, көшеден салып алып әкетеді. Ол тауар емес, адам ғой. Оның тағдырына әсер етеді. Бұл заңның аясында қаралатын нәрсе емес шығар. Бірақ Парламент төрінде қоғамдағы кез келген мәселе талқылануы керекттігін президент айтты. Қазақта "қыз құлағымен, жігіт көзімен сүйеді" деген сөз бар. Қыздың көңілін таба алмайтын неғылған жігіт ол? Көшеге барып, қызды салып алады. Басқа ұлттың біреуі оны жасамайды, осыны істеп жүрген өзіміз. Бұл мәселеге қылмыстық жауапкершілік қарастыру керек. Мемлекеттік органдар бұған неге қарсы болып жүргенін түсінбеймін? Күлетін, ойыншыққа айналдыратын зат емес. Жігіттерге ойланатын уақыт келді. Сонда дамыған ел боламыз", – деп қосты Жаңбыршин. 

Талқылау