"563 ана босану кезінде көз жұмды": Депутат елімізде ана мен бала өлімі көбейгенін айтып дабыл қақты
Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдаған Нартай Сәрсенғалиев Қазақстанның бес облысында сәби өлімінің көбейгенін айтып, алаңдаушылық білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ru.freepik.com
Мәжіліс депутаты кейінгі 6 жылдағы ресми деректерді ұсынды. Деректерге сенсек, 2019 жылы Қазақстанда 3360 сәби шетінеп кеткен, 2020 жылы 3286 сәби, 2021 жылы 3732 бөпе бақилық болған. 2022 жылы 3154 нәресте, 2023 жылы 2998 сәби шетінеп кеткен. 2024 жылы 2598 бөпе көз жұмды.
“Ресми дерекке сенсек, 5 облыста сәби өлімі көбейген, олар: Абай, Ақтөбе, Алматы, Жетісу, Ұлытау облыстары.
Тақырыптың тағы бір қыры ана өлімі. Ресми сандарға қарасаң, санаң сан саққа жүгіреді. Кейінгі 6 жылда Қазақстанда 563 ана босану үстінде көз жұмған. Сорақысы сол еліміздің 10 облысында ана өлімі көбейген. Ана өлімі ең көп облыстар: Жетісу, Қостанай, Ұлытау мен Ақтөбе облыстары”, – дейді депутат.
Сондай-ақ былтырдың қорытындысы бойынша көз жұмған аналардың 54%-ы қалада, 46%-ы ауылда тұратыны белгілі болды.
“Бір қорқынышты тенденция бар, 4 немесе одан да көп баласы бар әйелдер арасында өлім-жітім көбейген, салдарынан 97 бала тірі жетім боп қалды”, – дейді медицина саласындағы мәселелерді көтеріп.
Бұған дейін Ақмола облысында жаңа босанған әйел екі-ақ күн өмір сүрген сәбиінің өліміне дәрігерлерді кінәлағаны туралы жазған едік.