Асхат Аймағамбетов магистратура мен докторантураға қабылдау ережелерін өзгертуді ұсынды
Фото: primeminister.kz
Депутат Асхат Аймағамбетов Қазақстанда магистратура мен докторантураға қабылдау тәртібін өзгертуді ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутаттың айтуынша, енді бекітілген талап бойынша, магистратура мен докторантураға түсу үшін талапкерлер ағылшын тілінен емтихан тапсыруға міндетті. Оқу қазақ немесе орыс тілінде жүргізілсе де, бұл талап бәріне ортақ болмақ.
“Мысалы, қазақ филологиясы, этнография, музыка сияқты мамандықтарға түсетін жастар да алдымен ағылшын тілінен емтихан тапсыруы керек. Әрине, ғылыммен айналысу үшін ағылшын тілін білу маңызды. Себебі күн сайын жарияланып жатқан ғылыми жаңалықтардың көбі ағылшын тілінде. Оларды оқу, түсіну, пайдалану әр зерттеушіге қажет. Сондықтан бұл талап кезінде заманға сай, орынды шешім болды. Ашығын айтқанда, бұл талапты кезінде министр болғанда қолдаған да, бекіткен де өзім едім. Алайда қазір жағдай өзгерді”, – деді депутат.
Аймағамбетовтың айтуынша, ағылшын тілі ғылым үшін әлі де қажет, қажет болады да.
“Біз бес жыл ішінде жасанды интеллект дәуіріне қадам бастық. Технологиялық революция болды. Қазір ChatGPT, Gemini сияқты құралдардың көмегімен кез келген ағылшын мәтінін санаулы секундта, сапалы түрде қазақ немесе орыс тіліне аударуға болады. Иә, ағылшын тілі ғылым үшін әлі де қажет. Қажет болады да. Бірақ қазіргі технологиялардың арқасында бұл талап магистратураға түсуге кедергі болмауға тиіс. Өйткені енді осы технологиялармен, жастар ғылыми жұмысын бастай алады. Оның үстіне, шыны керек, айтылған талап студенттердің тілдік деңгейін айтарлықтай көтере алған жоқ. Ең қиыны – қазақ әдебиеті мен өнерін зерттегісі келетін жастар ағылшын емтиханынан өте алмағаны үшін магистратура мен докторантураға түсе алмай жүр”, – деді депутат.
Аймағамбетов бұл мәселені шешу үшін бірқатар ұсыныстарын айтты. Оның айтуынша, мына талаптар өзгеруі керек.
- Ағылшын тілін ерте – мектептен бастап сапалы түрде оқытуды әрі қарай күшейту қажет. Кезінде президенттің тапсырмасына сай, 3-4 сыныптар мен 10-11-сыныптарда ағылшын тілі сағатын аптасына 3 сабақтан 5 сабаққа дейін көбейтуді қолға алғанбыз. Бірақ бұл бастама толық іске аспады. Осы бағытты нақты іске асыруымыз керек;
- Оқыту тілі қазақ немесе орыс тілінде жүргізілетін бағыттарда ағылшын тілінен емтиханды түсу кезінде емес, оқу аяқталған соң тапсыруды қарастырған жөн. Ал сол кезеңге дейін ағылшын тілін бакалавриат, магистратура мен докторантураның оқу бағдарламасына кіргізіп, тереңдетіп оқытқан дұрыс. Сонда нақты нәтиже болады.
- Ағылшын тілінде оқытатын немесе қосдипломды бағдарламалар мен филиалдар үшін бұл талапты керісінше күшейткен жөн. Яғни әр бағытқа қарай саралау қажет.
- Scopus пен Web of Science базаларында мақала жариялау талабын да мамандықтың ерекшелігіне қарай қарастырған жөн.
“Мысалы, қазақ филологиясы, музыка сияқты салаларда балама жолдар ұсынылуға тиіс. Бұл – университеттің өз құзырында шешілетін мәселе болуы керек. Бастысы – диссертацияның сапасы мен ғылыми ортаға қосқан нақты үлесі маңызды. Оны конференцияларда талқылау мен ғылыми жұмыстың нақты пайдасы керек. Жалпы бұл талаптарды университеттердің академиялық еркіндігі аясында реттеген дұрыс деп есептейміз”, – дейді депутат.
Қазақстан Халық партиясының депутаты Магеррам Магеррамов та магистратураға қабылдау тәртібіне өзгерту енгізуді ұсынды.
Оның айтуынша, қазір студенттер бір мамандық бойынша бакалавр дәрежесін алып, негізгі жоғары біліміне еш қатысы жоқ мамандық бойынша магистратураға түсе алады.
"Біздің ойымызша, азаматтардың алған білім сапасына үстірт қарау елдің интеллектуалдық әлеуетін жоғалтып, ғылыми әлеуеттің құлдырауына әкеп соғады. Осыған орай, уәкілетті органға магистратураға қабылдау тәртібі мен талаптарын толығымен қайта қарап, магистратураға қабылдаудың негізгі талабы ретінде тиісті мамандандырылған жоғары білімнің болуын енгізуді ұсынамыз. Сондай-ақ ғылым докторлары елдердегі ғылым мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытуға ерекше үлес қосып жатыр. Елдегі дамып келе жатқан ғылыми мекемелердің жүгі солардың мойнында. Ал елдегі ғылым мен білім жүйесінің құлдырауы немесе көтерілуі көп жағдайда олардың білім деңгейіне байланысты. Сондықтан жоғарыда аталған тұлғаларды мұқият дайындау қажет", – дейді депутат.
Оның сөзінше, сандық көрсеткіштерге емес, сапалық көрсеткіштерге назар аудару ескіде қалды.
"Қазір докторантураға түсу үшін кемінде 9 ай жұмыс өтілі, соңғы үш күнтізбелік жылдағы ғылыми жарияланымдар тізімі (бар болса), ғылыми зерттеу жоспары және эссе қажет. Дегенмен ғылыми-педагогикалық және кәсіби қызмет сапасының негізгі көрсеткіші оның ғылыми-зерттеу құрамдас бөлігі, алған білімін практикада дұрыс қолдана білу және маманның кәсіби жарамдылығын қамтамасыз ететін дағдылар саналады. Біздің партия сандық көрсеткіштерге емес, сапалық көрсеткіштерге назар аудару артта қалған дүние деп санайды. Докторантураға түсуге қойылатын қазіргі талаптар көп жағдайда өмірлік, кәсіби және ғылыми-зерттеу тәжірибесі жеткіліксіз жүздеген мың ғылым докторларын шығарды", – дейді ол.
Осылайша депутат докторантураға түсуге қойылатын талаптарды қайта қарауды ұсынды:
- негізгі талаптарды ғылыми-зерттеу жұмыстарына бағыттау;
- кандидаттардың ғылыми жарияланымдарына сандық және сапалық талаптарды белгілеу;
- магистратураны бітіргеннен кейін докторантураға қабылдаудың міндетті мерзімі – 5 жылды белгілеу.
Айта кетейік, бұған дейін медицинаға, дәрі-дәрмектер мен кітапханаларға салықты өсіруге болмайтынын айтқан еді.

"Ізімнен қалмай, бөксемді ұстады": Елордалық қыз сауда орталығында келеңсіз жайтқа тап болғанын айтты
