"Балалар борсыған, лас бассейнде шомылған": Депутат "Арт-спорт" және "Даму бала" бағдарламаларын сынға алды
Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев “Арт-спорт” және “Даму бала” бағдарламаларын сынға алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: parlam.kz
Бұл туралы депутат премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында айтты.
"Бұқаралық спортты дамыту үшін төрт жыл бұрын "Арт-спорт" бағдарламасы іске қосылды. Идея жақсы, алайда қысқа уақытта шу шықты. Спортқа құмар балалар мүмкіндіксіз қалып, бағдарлама сәтсіздікке ұшырады. Кейін әр өңір өз бағдарламаларын іске қосты. Ол бағдарламалар да бұқараны спортпен қамту міндетін толық атқара алмай отыр", – деді депутат.
Сондай-ақ депутат Алматыда басталған "Даму бала" спорт бағдарламасының іске асырылу барысын да сынға алды.
"Маған ыңғайлы": Бірыңғай уақыт белдеуіне көшуді ұсынған қазақстандық депутат көпшіліктің шағымына жауап берді
"Алматыдағы балалар бюджет есебінен лас бассейнде жаттыққан. Сонымен қатар ол жерде тәулік бойы сауна, бильярд пен ТЖО жұмыс істейді. Спорттық гимнастика үйірмесі желдеткіші жоқ, төбелері төмен жертөледе өткен, ал 100-ге жуық бала қатысатын вокал және домбыра сабақтары суы мен дәретханасы, желдеткіші жоқ кабинеттерде өткен. Испан футбол академиясы жуынатын және киім ауыстыратын бөлмелері жоқ ашық алаңға орналасқан", – дейді депутат.
Депутаттың айтуынша, жоғарыда аталған фактілер Алматы қоғамдық кеңесі мен мәслихатының мүшелері "Даму бала" бағдарламасының жұмысына мониторинг жүргізу барысында анықталған. Олар 52 бөлім мен 1038 үйірмені тексеру барысында олардың тек 5%-ы ғана талаптарға сай екенін анықтаған.
Депутат бұқаралық спортты дамыту президент тапсырмасы екенін атап өтіп, өңірлік бағдарламалардың жұмысына өзгерістер мен түзетулер енгізуді ұсынды.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда 120 спорт түріне қаржы бөлу тоқтатылатыны туралы жазған едік.