Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Денсаулық сақтау министрлігі Шымкентте балмұздақтан ұшынғандарға қатысты мәлімдеме жасады 

Шымкентте балмұздақтан уланып, ауруханаға түскендердің саны сағат сайын артып жатыр. Түске дейін ұшынғандар саны 40-қа жетті делінсе, енді 60-тан асқаны туралы айтылды. Оның жартысына жуығы балалар.Тұрғындардың айтуынша, барлығы тәттіні бір жерден алған. Бұл туралы КТК хабарлады.

Олар балмұздақты жеген бойда өздерін нашар сезініпті. Тіпті, жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққандар да бар.

Аурухана алдына жиналған науқастардың туыстары таңертең 60-қа жуық адам балмұздақтан уланды деген. Алайда, дәрігерлер мұны жоққа шығарған еді. Дегенмен, түстен кейін елдің әңгімесі ақиқатқа көбірек келетін болып шықты.

Уланғандардың барлығы тәттіні қала орталығындағы құйылмалы балмұздақ сататын бір дәмханадан алған. Бірақ, балмұздақтан ләззат алмақ түгілі дәм татқандар оны жеп болмай-ақ өздерін нашар сезініп, іші өтіп, қызулары көтеріліпті. Көпшілігі жедел-жәрдемді үйіне жеткен соң ғана шақырса, кейбірін тіпті көшеден-ақ алып кетіпті. Аурухана алдына жиналған жұрт уланғандардың көпшілігі жеткіншектер дейді.

«Қызым, қарындасым, әпкемнің қызы, қарындасымның қызы балмұздақтан уланып отыр. Олар Қарағандыдан келген қонақтар еді. Сатып алған оншақты балмұздақтарын сол жерде жеген. Бірақ, дәмі нашар болғанын байқаса да аздап дәм татқан. Көбісі қалған балмұздақты жолда лақтырып жіберген. Сонымен, арты үйге келіп мазасызданып, қызғындай бастады»,-дейді Шымкент қаласының тұрғыны Қалмахан Ерментаев.

Абдыраған жұрт ауруханада бірден орын табылмай науқастар дәлізде жатып қалды деп шу шығарған болатын. Алайда дәрігерлер орын жеткілікті деп отыр. Түске дейін сұхбат берген шымкенттік дәрігерлер екі күнде ауруханаға түскендер саны дейін 39 деген еді. Олардың он сегізі әлі кәмілет жасына жетпегендер деп еді. Бірақ, денсаулық сақтау министрлігі мүлдем басқа цифрларды айтып жатыр.

«29-шы наурыздың түнінен бастап 30-шы наурызға дейін 61 науқас шағымданды. Алдын ала диагноз бойынша ол жедел тамақ инфекциясы, ішек инфекциясы және тамақ токсикоинфекциясы. Жалпы, 61 адамның 20-сы үйге амбулаториялық жіберілді. Ал, 41 науқас стационарлық емдеу алып жатыр. Оның арасында 20 бала бар»,-деді ҚР ДСМ қоғамдық денсаулық сақтау комитеті төрағасының орынбасары Берік Шәріп.

Ауруханаға ұшынып түскендер саны 20-ға жеткен соң дәрігерлер СЭС мамандарына хабар жеткізіп, құйылмалы балмұздақ сататын дәмхана жанындағы өзге орындармен қосып жабылған. СЭС мамандары мен ішкі істер органдары бұл жерде тексеру жүргізуде. Министрліктің айтуынша балмұздақ үйде жасалынған екен. Және санитарлық ережелерді бұзған.  Қазір, осы жәйт бойынша арнайы құрылған комиссия тексеріс жүргізіп жатыр. Тағайындалған сараптамалардың қортындысы келесі апта белгілі болмақшы. Сондай-ақ министрлік өзге балмұздақ сататын нүктелерді тексермейміз деп отыр.

Оқи отырыңыз:

Ақмола облысының тұрғыны пәтерін ойынхана айналдырған 

Алматының ауасын ластаған табиғат пайдаланушылары жазаланды

Мүгедек баланы азаптап өлтірді деп айыпталған тәрбиеші кешірім сұрады

Төтенше жағдайлар комитеті кинотеатрларды төменгі қабаттан салуды ұсынды 

 

Талқылау