Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Денис Ұланов сот арқылы Олимпиада жүлдегеріне берілетін сыйақының қайта қаралуына қол жеткізді

Сот 2016 жылы Рио Олимпиадасында қола медаль жеңген Денис Ұлановтың ісіне қатысты шешім шығарды. Спортшы Олимпиада жүлдегерлеріне тағайындалатын сыйақының қайта қаралуына қол жеткізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Денис Уланов

Нұр-Сұлтан қаласы сотының баспасөз қызметі мәліметінше, Ұланов 2016 жылғы Олимпиада ойындарында 4-орын алған. 2018 жылы нәтиже қайта қаралып, Халықаралық Олимпиада комитеті оған 3-орын берген. 

2021 жылдың 23 тамызында спортшы Ауыр атлетика федерациясына үндеу жасап, Олимпиаданың қола жүлдесі үшін қарастырылған сомада төлем сұраған еді. Ал 2021 жылдың қарашасында Әділет министрлігі төлемдер сомасын қайта қарауға заңды негіз жоқ екені туралы қорытынды шығарған. Сол жылдың желтоқсанында Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және мәдениет істері комитеті Денис Улановқа төлемдерді қайта қарауға негіз жоқ деген жауап жолдаған. Осыған байланысты зілтемірші Мәдениет және спорт министрлігі төлем сомасын қайта қарауы үшін сотқа шағым түсірген.

Сот мәліметінше, "Дене шынықтыру және спорт туралы" заңның 45-бабында Халықаралық Олимпиада комитеті жоғары спорт жүлдесін берген кезде халықаралық спорт жарыстарының чемпиондары мен жүлдегерлерін ақшалай көтермелеу сомалары қайта қаралатыны көрсетілген. Бұл ереже 2019 жылдың 13 желтоқсанынан бастап қолданысқа енгізілген.

"Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 10 наурыздағы қаулысы бойынша талап арыз қанағаттандырылды, төлемдер сомасын қайта қараудан бас тарту заңсыз деп танылды. Сот Мәдениет және спорт министрлігіне төлемдер сомасын қайта қарауды міндеттеді", – делінген хабарламада.

Шешім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, Денис Ұланов 2016 жылы Рио-де-Жанейрода (Бразилия) өткен Олимпиада ойындарында ауыр атлетикадан 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде төртінші болған. Спортшы жұлқи көтеруде 175 келіні, серпе көтеруде 215 келіні (барлығы 390 келі) бағындырып, Габриэл Сынкрэянмен тең түскен. Алайда оның қарсыласы жеңілірек болғандықтан Олимпиаданың қола жүлдегері атанған, ал Ұланов 4-орынды иеленді.

Алайда кейін Габриэл Сынкрэян допинг қолданғаны үшін спорттан шеттетілді, ал қола медаль Ұлановқа ресми түрде берілген. 2018 жылдың қарашасында Ашхабадта өткен әлем чемпионатында Халықаралық ауыр атлетика федерациясының IWF президенті Тамаш Аян жүлдені Ұлановқа тапсырды.

Назархан Уән
Бейсенбі, 10 Наурыз, 2022 15:06
Талқылау