Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Денис Теннің өлімі: Күдікті Арман Құдайбергенов бұған дейін жасаған қылмысы үшін не себепті тұтқындалмаған

Денис Тенді өлтірді деп күдіктелгендердің бірі Арман Құдайбергенов бұған дейін де бірнеше қылмыстық іске барған. Алайда ол өзге аймаққа шығып кетпеу туралы қолхат жазып, абақтыдан босатылған. Мұның себебін ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов журналистерге арналған брифинг барысында түсіндірді.

Денис Теннің өліміне күдікті Арман Құдайбергеновтың тағы бірнеше қылмыс жасағаны белгілі болды

“Құдайбергеновтің Астанада ұрлық жасауына қатысты айтатын болсақ, расында да күдікті Астанада автокөлік айнасын ұрлағаннан кейін 11 шілде күні ұсталған. Заңға сәйкес, оның үстінен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Заң бойынша, жеделдетілген тергеу амалдары 15 күнге қарастырылған. Жеделдетілген тергеу амалдары кезінде біз бұлтартпау шараларын қолданбаймыз. Сондықтан да азамат тек қана тергеу органына немесе сотқа келуге міндетті. 15 күн ішінде, яғни 26 шілдеге дейін оның Астанадан шығып кетуге мүмкіндігі болды”, – дейді Рашид Жақыпов.

Айта кетейік, 19 шілде күні Алматыдағы Құрманғазы мен Байсейітов көшелерінің қиылысында көлік айнасын ұрламақ болған екі азамат Денис Тенге шабуыл жасады. Кикілжің нәтижесінде күдіктілер спортшының аяғына пышақ сұғып алған. Нәтижесінде Денис Тен көп қан жоғалтып, аурухананың жан сақтау бөлімінде көз жұмды.

Еске сала кетейік, бұған дейін министрдің орынбасары қолға түскен азаматтардың шынайы қылмыскерлер екенін мәлімдеген еді.

Талқылау