Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дастан Сәтпаев пен Александр Заруцкийдің өзара сыйластығы жанкүйерлердің ризашылығын тудырды

Сәтпаев пен ЗаруцкийФото:”Қайрат” фк

Қазақстан Премьер-лигасының екінші турында “Қайрат” өз алаңында “Ақтөбе” командасын қабылдап, 1:0 есебімен жеңіске жетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тартысқа толы кездесуде екі команда да бір-біріне толассыз шабуылдар ұйымдастырғанымен, ұзақ уақыт бойы есеп ашылмады.

Ойын барысында "Ақтөбе" қақпашысы Александр Заруцкий жоғары деңгейдегі өнер көрсетіп, командасын бірнеше мәрте голдан құтқарып қалды.

Екінші таймда алаңға шыққан Дастан Сәтпаев матчтың 76-минутында қарсыластың қорғанысындағы осал тұсты тиімді пайдаланып, мергендік танытты. Осы гол "Қайратқа" жеңіс сыйлады.

Ойыннан кейін Александр Заруцкий мен Дастан Сәтпаевтың бір-бірін құшақтап, өзара құрмет көрсетуі жанкүйерлердің ерекше ықыласына бөленді.

Айта кетейік, Александр Заруцкий "Қайрат" сапында 2025 жылы Чемпиондар лигасына жолдама алуға зор үлес қосқан. Алайда Александр плей-офф кезеңінде Селтикке қарсы матчта жарақат алып, оның орнын Темірлан Анарбеков алмастырған еді.

2025 жылдың желтоқсанында Заруцкий “Қайраттан” кетіп "Ақтөбе" клубымен екі жылдық келісімшартқа қол қойып, 2027 жылдың соңына дейін команда намысын қорғайды.

Ол "Қайрат" құрамында 24 матч өткізіп, 18 гол жіберген және 9 кездесуде қақпасын құрғақ сақтаған.

Ақерке Өмірхан
Сейсенбі, 17 Наурыз, 2026 14:37