Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дәрігерлер Алматыдағы өрттен зардап шеккендердің жағдайын айтты

Қалалық денсаулық сақтау басқармасы Алматыдағы тұрғын үй кешеніндегі өрттен зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің емдеу-алдын алу жұмыстары және мониторингі бөлімінің басшысы Ләйлә Иманғалиева екі ересек адам №7 ауруханада және 15 бала, яғни оның тоғызы Балалардың жедел жәрдем орталығында, алтауы №2 балалар ауруханасында екенін айтты. Қалғандары қажетті медициналық көмек көрсетілгеннен кейін ауруханаға жатқызудан бас тартқан.

"1992 жылы туған әйел көптеген жарақаттарынан қайтыс болды. Ауыр халдегі әйел дереу №7 қалалық клиникалық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді. Жедел жәрдем бригадасының мәліметінше, ол 5-6 қабаттан құлаған", - деді қалалық денсаулық сақтау басқармасынан.

Бала жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы тұрақты. Ауруханаға жатқызылғандардың да жағдайы тұрақты.

Аурухананың қабылдау бөліміне қажетті мамандар тартылып, барлық науқастарға көмек көрсетілді. Көрсетілген көмектен кейін 17 ересек және 14 бала тұрғылықты мекенжайы бойынша емханаға одан әрі амбулаторлық емдеуге жіберілді.

Айта кетейік, Алматыда сағат 17:00 шамасында 16 қабатты тұрғын үй кешенінде өрт шыққан болатын. Өрттен қашқан тұрғындар пәтерлерінің терезелерінен секіріп, балаларын сыртқа лақтырған. Алатау ауданы, Ақкент ықшам ауданы, 54-үйде болған өртке 23 жедел жәрдем бригадасы жұмылдырылды, оның ішінде 5 жансақтау бригадасы бар.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыда Ақкент тұрғын үй кешенінен өрт шыққанын және Өрт салдарынан бір әйел қаза болғаны туралы жазған едік. 

Талқылау