"Кей балалар өздерінің үйірмеге қатысатынын білмеген": Мектеп директоры "Damu Bala" арқылы қаржы жымқырып келген
Фото: Stan.kz
Қаржылық мониторинг агенттігі “Damu Bala” платформасы арқылы балалар шығармашылығын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға бөлінген 23 млн теңгенің жымқырылғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Абай облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша жүргізілген тергеуді аяқтады. Тергеу барысында “SAMGAU өнер және спорт мектебі” ЖШС директоры шығармашылық үйірмелер мен спорттық секцияларды жан басына қаржыландыру бағдарламасын пайдалана отырып, балалардың сабаққа қатысуы жөнінде жалған ақпарат бергені анықталды. Ол ай сайын жалған есептер негізінде уәкілетті орган жұмыс істеп тұрған үйірмелерге қаржы аударып отырған.
“Есеп құжаттарында көрсетілген кейбір балалар шын мәнінде сабақтарға қатыспаған, тіпті кейбіреуі өздерінің бұл бағдарламаға "қатысушы" ретінде тіркелгенінен мүлдем бейхабар болған. Мәселен, бір бала Алматы облысында тұратынына және ешбір үйірмеге қатыспайтынына қарамастан, Абай облысында бейнелеу өнері үйірмесінің қатысушысы ретінде тіркелген”, – деп мәлімдеді ведомство.
Тергеу барысында күдікті мемлекетке келтірілген 23 миллион теңге залалды толық өтеді.
“Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, 6 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ”, – делінген хабарламада.

"30 мың теңгеге азық-түлік аламын", "ажырасқандар салық төлесін": Көпшіліктің сынына ұшыраған депутат Ардақ Назаровтың даулы мәлімдемелері
