Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"30 мың теңгеге азық-түлік аламын", "ажырасқандар салық төлесін": Көпшіліктің сынына ұшыраған депутат Ардақ Назаровтың даулы мәлімдемелері

Ардақ Назаров (1)

Фото: Іnstagram.com/ardaknazarov

Мәжілісте анасын туған күнімен құттықтағаны үшін көпшіліктің күлкісіне  қалған депутат Ардақ Назаров бұған дейін бірнеше шулы мәселелерді көтеріп,  қазақстандықтардың сынына ұшыраған. Атап айтқанда, Қазақстандағы ЛГБТ өкілдеріне қарсы шығып, ажырасқандарға салық салуды ұсынған. Мәжіліс депутаты тағы немен есте қалды?

Күні кеше мәжіліс депутаты Ардақ Назаров анасын мәжіліс мінберінен анасын туған күнімен құттықтаймын деп сөзге қалды. Халық оның анасына деген құрметі пен сыйластығын орынсыз жерде көрсетті деп сынады. 

Мәжіліс жиынында отырып анасына тілек айтқан депутатты көрген қазақстандықтар дүйім халықтың мәселелері шешілут керек жер, театр, сахна мен той өтетін мейманханаға айналды деп наразылық білдірді.

Көпшіліктің сынына ол анасы өзіне ешқандай өтініш айтпағанын, мәжілістегі жұмыс болмағанда анасының құшағын гүлге толтытып, тізесіне басын қойып, бірге уақыт өткізетін едім” деп жауап берді. 

“Ұлыңыз келіннің орнына еңгезердей қызтекені ертіп келсе, төзесіз бе?”

Тағы бірде Ардақ Назаров Қазақстанда ЛГБТ насихатына жол бермеу керектігін айтып, депутаттық сауал жолдады. Астана мен Алматы секілді ірі шаһарлардағы жекеменшік мектептерінде гей-пропаганданың қарқынды түрде насихатталып жатқанын айтқан депутат өзінің өткір пікірін білдірді. Ол өзіне қарсы шығып “толеранттық”, “төзімділікті” алға тартатын азаматтарға “Ертең сіздің ұлыңыз келіннің орнына еңгезердей қызтекені үйге ертіп келсе, немесе аялап өсірген қызыңыз еркекшорамен “отау құрып” жатса, толерантты болып батаңызды бересіз бе? Мұндай азғындық өз отбасыңызға келсе төзесіз бе” деп сұрақ қойды.

ЛГБТ-ның кесірінен қазақтың ұлт ретінде жойылып кетуі мүмкін екенін ескерткен ол жеке мектептердегі гей-пропаганда мен сондай элементтері бар киноларды алып тастауды талап етті.

Етті ауылдан әкеліп, азық-түлікті 50 мың теңгеге алады

Мәжіліс депутаты биыл 30-50 мыңға бір айлық азық-түлік аламыз деп айды аспаннан бір-ақ шығарды. Ол балалық шағының жоқшылықта өткенін, қара нанның қадірін түсінетінін, тіпті қазірдің өзінде дастарханды мол етіп жаймайтынын айтты. Азық-түлікке аз қаражат жұмсайтынының тағы бір себебі – ет ауылдан келеді екен.

Қымбатшылық заманда 50 мың теңгені бір айда бір отбасыға жеткізу қаншалықты ақылға қонымды?

Ажырасқандар баж салығын төлесін

Ардақ Назаровты 2023 жылғы елдегі ажырасу статистикасы алаңдатқан еді. Сәтсіз некелердің өсуін тоқтату үшін ол ажырасқан азаматтарға салық салуды ұсынды. Осыған қатысты мынадай ұсыныстар айтты:

  • Ажырасуға өтініш білдірген ерлі-зайыптылардың арызын қабылдамас бұрын арнайы мемлекеттік баж немесе жарна төлеуге міндеттеу.;
  • Ажыраспақшы болған жұпты татуластыру үшін қоғамдастық кеңестері, ардагерлер алқасы, имамдар, әйелдер кеңесін пайдалану;
  • Жас отбасыларды қолдауға бағытталған “Жас отбасы” ұлттық бағдарламасын әзірлеу
  • Үйлену тойын өткізу кезінде кең көлемді ақпараттық-идеологиялық науқан жүргізу.

Сондай-ақ ол төлем көлемі айтарлықтай жоғары болу керегін айтты.

"Киелі Түркістанда арақ ішіліп, шарап сатылмасын" 

"Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы" заң жобасын талқылау барысында сөз алған мәжілісмен, қасиетті шаһарды ішімдіктен азат етпесек, келген туристің бетіне қалай қараймыз деген болатын. 

“Түркістан қаласы біздің киелі шаһарымыз. Мыңдаған жылдық тарихы бар. Ғұламалырымз білім алған, сол жерде Яссауи сынды, Есім хан, Абылай хан сын ды әулие би-шешендеріміз жатқан жер. Сондықтан, менің ойымша, жалпы, араққа сол қала аумағында мүлдем тыйым салу керек. Біз көптеген турист шақырамыз. Әр түрлі туристер бізге келген кезде, біздің арақ ішкен, мас адамдардың шықпауына әсер етеді”, – деген еді ол. 

Депутат ішімдікке тек тыйым салып қана қоймай, олардың сатылуына да түбегейлі қарсы. Әулие-әмбиелер жатқан қасиетті жердің киесі ұрмас үшін шаһарға ерекше статус беріліп, өзге қалаларға үлгі қылуымыз керек деген.

“Отқа май құю шариғатқа қарсы”

“Ақылға қонымды ырым-тыйымдар болса, мен оны қолдаймын. Ал егер шариғатқа сәйкес емес, әр түрлі зиян келтіретін ақылға қонымсыз ырым-тыйымдар болса мен оны қолдамаймын. Мәселен, отқа май құю дейміз. Тағы қайсын айтсақ болады? Көп қой енді ырымдар… Біздегі ырым-тыйымдардың көбісі хадистермен байланысты екен. Яғни біздің Ислам дінімен біте қайнасып кеткен ырым-тыйымдар өте көп екен. Соңғы кезде соны оқып таңғалдым. Мысалы, табалдырықта тұрмау, есікті кермеу сияқты ырым-тыйымдар түп негізі хадиске негізделген екен”,- деген еді Ардақ Назаров.

Сондай-ақ депутат елде жер сілікінісі жиілегенде халықты тәубеге келіп, тәкаппар болмауға шақырған еді. Ол табиғи апаттарды Алланың кішккентай ескертуі деп айтқан. 

"Талайды тәубесіне келтірген түн. Осы түн соңғы түніміз болғанда не істер едік? Бұл Алланың кішігірім ескертуі. Ойлап қараңызшы: жер бұдан да қатты сілкінсе, бүгін қандай халде болар едік. Аллаға шүкір! Бұл Алланың Мейірімі деп түсіну қажет. Өйткені үлкен ескерту келмес бұрын кіші ескерту, үлкен азап келмес бұрын кіші азап келеді. Адамдар шарасызбыз, қолымыздан түк келмейді. Сөйте тұра тәкаппармыз. Ойлан!!! Тәубеңе кел", - деп жазды Ардақ Назаров. 

Айта кетейік, Ардақ Назаров өзінің сайлауалды бағдарламасында мынандай уәделер берген екен:

  1. “Ұлттық тәрбие - ана құрсағынан басталады” атты жас аналарға арналған арнайы курстарды ұйымдастыруға;
  2. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде “ұлттық ойындарды” негізгі пән ретінде енгізуге;
  3. Ұлттық тәрбие академиясын" ашу арқылы қоғамдағы жастарға, ата-аналарға, ұстаздарға және басқа да сала мамандарына рухани азық беруге уәде еткен еді.
STAN.KZ
Бейсенбі, 11 Қыркүйек, 2025 19:03
Талқылау