"Далада қалдық, баспанамызға кіре алмаймыз": Арыстағы жарылыстан кейін жөндеусіз қалған үй иесі мүшкіл жағдайын айтты
Арыстағы жарылыстың дауы әлі бітер емес. Өткен жылдың маусым айындағы апатта үйіне зақым келген тұрғынға ешқандай көмек көрсетілмеген. Тұрғынның айтуынша, баспаның фундаменті мен қабырғасы жарылып, қауіпті жағдайда тұр. Проблемадан әкімдік хабардар болғанымен, тиісті жұмыс жүргізбепті. Ал, отбасының көрінген үйді паналап жүргеніне екі жылға жуықтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Астана" арнасына сілтеме жасап.
"Екі жыл болды, мен әкімге барып жатқаныма. Екі жылдан бері ешқандай нәтиже шықпай жатыр ғой. Астанадан келген эксперттің қағазы тұр, сметасына да 8 миллион теңге деп шығарып қойған. Бала-шағаммен әркімнің үйінде қаңғып, ананың үйіне барамын, мынаның үйіне барамын. Әні-міне болады деп шығарып салады, жағдайым өте мүшкіл. Далада қалдық, үйге кіре алмаймыз", - деді Арыс қаласының тұрғыны Гүлзада Халмұратова.
Арыс қаласының құрылыс бөлімінің басшысы Темірхан Сатыбалды жөндеу жүріп жатқанын мәлімдеді.
"2019 жылдағы Төтенше жағдайға байланысты тұрғын үйлерді қайта қалпына келтіру жұмыстары бойынша республикалық бюджеттен Арыс қаласының төңірегінде қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Ал, Арыс қаласына жақын орналасқан елді-мекендерде ішінара зардап шеккен үйлер болды. Ол үйлерге облыстық бюджеттің есебінен қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде", - деді бөлім басшысы.
Темірхан Сатыбалдының айтуынша, шағымданған тұрғынның үйі Арыс қаласының ішінде орналаспаған.
"Бұл үй Арыс қаласының ішінде емес, Арыс қаласына жақын орналасқан елді-мекен. Ол үйді былтыр комиссия жүрген кезде бұл үйдің құжаттары түгел болмаған", - деді ол.
Дегенмен үйді жөнтеу үшін облыстық бюджеттен қаражат сұралған.
"Қазіргі таңда бұл үйге жобалық сметалық құжаттар түзіліп, дайындалып облыстық бюджеттен қаражат сұралды. Қаражат бөлінген жағдайда, толық жұмыстар қалпына келтіріледі. Қазіргі таңда құжаттары дайын болып, тиісті жұмыстар жүргізілуде", - деді Арыс қаласының құрылыс бөлімінің басшысы.
Сонымен қатар Темірхан Сатыбалды мүмкіндігінше жаңа үй салуға тырысатындарын айтты.
Ол шағымданушыға әкімдік тарапынан көмек ұсынғанын атап өтті.
"Біз, ауыл әкімі, ол кісілерге жалдамалы тұрғын үй ретінде пәтер жалдап беруді айтқанбыз. Үй біткенше жалдауға, тұрғын үйдің иесі қабылдамады. Бас тартты, уақытша тұрудан. Барынша қолдан келген көмегімізді аямаймыз тұрғындардан", - деп түйіндеді Арыс қаласының құрылыс бөлімінің басшысы.

"Ізімнен қалмай, бөксемді ұстады": Елордалық қыз сауда орталығында келеңсіз жайтқа тап болғанын айтты
