Чемпионмен жаттығу: WBO Global белбеуінің иегері Parimatch-пен бірге жанкүйерлермен кездесу өткізді
29 қыркүйекте бірінші ауыр салмақта WBO Global чемпионы Али Балоев жанкүйерлерімен кездесу өткізді. Шара барысында спортшының ресми серіктесі Parimatch түрлі сыйлықтардың ұтыс ойынын ұйымдастырды.
Суреттер: Михаил Васильев
Кәсіпқой боксшымен кездесуге БАҚ өкілдері, қала тұрғындары мен Али Балоевтың жанкүйерлері келді. Ал іс-шара үш кезеңге бөлінді.
Жиынның алғашқы бөлігінде қонақтар Али Балоевпен бірге рингке көтеріліп, жаттығу жасады. Спортшы бокстың қыр-сырын түсіндіріп, жарақат алмау үшін денені қалай қыздыру керегін айтып берді.
Сонымен қатар Балоев соққы түрлерін көрсетті. Бұдан кейін қонақтар мен БАҚ өкілдері бокс тұлыбымен жұмыс істеп, соққы жасауды үйренді.
"Бокс интеллектті қажет етеді. Ел арасында боксшылар "ақымақ" деген ой қалыптасып қалған. Бұл – өтірік. Бокс тек спорт емес, өнер. Күш пен ақыл қатар сыналатын алаң. Ринг дәл шахмат секілді, алдымен қарсыласыңа бірнеше тасыңды жемтік ретінде бересің. Осылайша осал тұстарын іздеп, оңтайлы сәтте күтпеген соққы жасайсың", – деді Али Балоев жаттығу барысында.
Ал шараның екінші кезеңінде қонақтар маманмен бірге денсаулыққа пайдалы коктейль жасауды үйренді. Маман тез дайындалатын пайдалы коктейль дайындауда нені ескеру керегін түсіндірді. Бұдан кейін қонақтармен бірге жемістерден үш түрлі коктейль әзірледі.
Сондай-ақ кездесу барысында ойын аумағы да ұйымдастырылыпты. Мәселен, үзіліс кезінде қатысушылар арнайы құрылғымен соққысының қуатын өлшеп көрді.
Дәмді коктейльден ауыз тиген соң қонақтар Parimatch ұсынған ұтыс ойынына қатысты. Ойын шартына сәйкес билет алу үшін қатысушылар берілген уақыт ішінде спорттық жаттығуларды орындауы керек. Барлық қонақтар билет алған соң кештің негізгі бөлігі басталды.
Ұтыс ойынында Али Балоевтың қолтаңбасы бар футболкалар, спорттық бөтелке, чемпионның қолтаңбасымен былғары қолғап және бас жүлде – Али Балоевпен жеке жаттығу ойнатылды.
Барабанға салынған билеттерді боксшының өзі алып тұрды. Ойынға қатысқан тілшіміз чемпионның қолтаңбасы бар қолғапты жеңіп алды. Кеш соңында Али Балоев қонақтармен бірге суретке түсіп, қолтаңба таратты.
Айта кетейік, бірінші ауыр салмақта жұдырықтасатын Али Балоев 10 қыркүйекте кәсіпқой бокстағы кезекті жекпе-жегін өткізіп, WBO Global чемпиондық белбеуін жеңіп алған еді.
Отандасымыз титулдық кездесуде 43 жастағы франциялық Сирил Макиадимен жұдырық түйістірді. Ухань қаласында өткен жекпе-жек барлық 10 раундқа созылып, Балоев төрешілер шешімімен жеңіске жетті.