Студенттер жасанды интеллект көмегімен жазылған материалдарды жазасыз көшіре алады: Ғалымдар ChatGPT жазған жұмыстарды анықтау мүмкін емесін анықтады
Британдық ғалымдар жасанды интеллектің университет емтихандарын студенттерден жақсы тапсыратынын айтты. Айтуларынша емтихан алушылар жасанды миды шынайыдан ажырата алмайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: BBC
Рединг университетінің зерттеушілері өз зерттеулері үшін ChatGPT ботын пайдаланған. Оның көмегімен 33 жалған "студентті" құрастырып, бакалавр дәрежесін алу үшін психологиядан емтихан тапсыруға жіберген.
Зерттеушілердің пікірінше, жалған "студенттер" нағыз білім алушылардан орташа есеппен жоғары ұпай жинаған.
Ал жасанды интеллектпен жазылған эсселерді шынайы адамдар жазған шығармалардан айыру мүмкін болмаған. Тіпті олардың 94 пайызы тексерушілердің күдігін тудырмаған.
Зерттеуге жетекшілік еткен доцент Питер Скарф пен профессор Этьен Рош осы зерттеу арқылы бүкіл әлемге үндеу тастағысы келгенін жеткізді.
Скарфтың айтуынша, жоғары оқу орындарының студенттері дипломдық жұмыстарын өз қолымен жазу тәжірибесінен алшақтап кетті. Ал мектеп мұғалімдері жасанды интеллектпен қалай күресу керегін ойлауы керек дейді.
"Қолжазба емтихандарына қайта оралудың қажеті жоқ. Бірақ жасанды интелектің дамуымен жаһандық білім беру секторы өзгеруі мүмкін", – дейді Скарф.
Ғалымдар жасанды зияттың білім беру процесіне әсер етіп жатқанына алаңдаулы. Осыған орай Глазго университеті жақында бетпе-бет емтихандарды қайта енгізді.