Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Декретке миллионмен" дауы: Курстың негізін қалаған депутат Дәулет Мұқаевқа тексеріс жүргізіле ме?

Дәулет Мұқаев декретке миллионмен курсы Stan.kzФото: Stan.kz

"Декретке миллионмен" курсына қатысты дау ушығып тұр. Ақтөбеде екі бухгалтер ондаған әйелді кәсіпкер ретінде рәсімдеп, жалған құжаттар арқылы 100 миллион теңгеге жуық әлеуметтік төлем алған. Мұғалжарда да 187 миллион теңгенің ісі тергеліп жатыр. Осыдан кейін жұрт курстың негізін қалаушы әрі блогер-депутат Дәулет Мұқаевтың өзі жауапқа тартыла ма деген сауал қойып отыр. Stan.kz тілшісі осы мәселенің мән-жайын сұрап көрді.

"Кәсіп жоқ болса, осы жерден тоқтаңыздар" дегенмін"

Мәжіліс депутаты әрі "Декретке миллионмен" курсының негізін қалаушы Дәулет Мұқаев Ақтөбе мен Мұғалжардағы істерге қатысты пікір білдірді. Ол заңсыз әрекеттер расталса, кінәлілер сот алдында жауап беруі тиіс екенін атап өтті.

"Менің сабағыма қатысып көрдіңіз бе? Әңгімемізді осыдан бастайық. Көбіне сұрақ қоятындар "Декретке миллионмен" курсына мүлде қатыспаған адамдар. Сол кезде "Егер қызықса, неге осы уақытқа дейін қатыспаған?" деп ойлаймын. Ал курсты өткендерден ешқандай қарсылықты байқамадым. Неге? Өйткені сабақта бәрі ашық айтылған. Мысалы, екі сағаттық видеода мен кем дегенде жеті рет қайталап "Құрметті қатысушы, өтірік жасамаңыздар. Жалған жеке кәсіпкерлік (ИП) ашпаңыздар. Егер шын мәнінде кәсіп жоқ болса, осы жерден тоқтаңыздар" дегенмін. Ол кезде курс бар-жоғы 3500 теңгеге сатылды", – деп түсіндірді Дәулет Мұқаев.

Депутат Дәулет Мұқаев курстағы негізгі ойды түсіндіре келе, әйелдерді заңды жолды ұстануға шақырды. 

"Әуелі мемлекеттен бала туылғанға дейін төленетін біржолғы жәрдемақыны заңды түрде аласыз. Егер сіздің үйде отырып табыс табатын кәсібіңіз болса, мысалы, тоқаш, бәліш, торт пісіретін немесе тоқыма тоқитын азаматшалар бар, олардың саны аз емес. Бұл кәдімгідей кәсіп, тек заңдастырылмаған. Сондықтан егер кәсібіңіз бар болса, міндетті түрде заңдастырыңыз. Қазіргі үкіметтің талабы да осы. Қосымша табыс тауып отырсыз ба, әлде аударымдар арқылы ақша түсіп жатыр ма, онда кәсібіңізді заңды түрде тіркеу қажет", – деп талап етті Дәулет Мұқаев.

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев өзінің курсының алаяқтық істерге ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, аталған оқыту бағдарламасы тек әйелдердің қаржылық сауаттылығын арттыруға және eGov порталында жарияланған ресми төлем формуласының түсіндірілуіне бағытталған.

"Сабақта айтылған дүниелер кәдімгі eGov порталында көрсетілген ресми ақпараттар. Егер мен жоқ нәрсені ойдан құрастырып отырсам, ол кезде шынымен өтірікші болар едім. eGov порталында "Декретке шығудың формуласы" деген бөлім бар. Онда қателеспесем, 2,5 миллион теңгеге дейінгі жәрдемақыны алу жолы көрсетілген. Бұл сома 7 төменгі жалақы көлемінде есептеледі. Ал менің сабағымда, 2,5 емес, 1 миллион теңгені қалай алуға болатыны қарапайым тілде түсіндірілген", – дейді Дәулет Мұқаев.

"Декретте миллионмен атауы да өзгеріссіз қалады"

Бұдан бөлек қоғамда қызу талқыланып жатқан "Декретке миллионмен" курсының атауы да сынға ілікті. Кейбіреулердің айтуынша, мұндай атау мемлекеттік жәрдемақыны тиісті сомадан артық алуға итермелейтіндей әсер қалдырады екен. Алайда курстың негізін қалаушы Дәулет Мұқаев бұл пікірмен келіспейді. 

Оның айтуынша, мемлекет бекіткен ең жоғары төлем көлемі – 2,5 миллион теңге. 

"Егер мен ақша қуып, жалған бағытта жүрген болсам, курсты "2,5 миллионмен" деп атап, бәріне қатысыңдар, бәрің 2,5 миллион аласыңдар дер едім", – дейді ол.

Депутаттың сөзінше, бұл мәселеде тағы бір түйткіл бар. Кейде азаматтар "шаш ал десе, бас алатын" жағдайға барып, заңды шектен шығып кетеді дейді. Мәселен, бір адамның атына 30-40 жеке кәсіпкерлік тіркелген фактілер анықталған. Мұндай әрекеттерге жол берілмеуге тиіс дейді Дәулет Мұқаев.

Сонымен бірге Мұқаев курстың ешқайда жоғалып кетпегенін, атауы да өзгеріссіз қалғанын атап өтті. Бүгінде ол жеке сабақ өткізбесе де, командасындағы мамандар қатысушыларға түсіндірме жасап, бағыт-бағдар беріп жүр. 

Депутаттың айтуынша, курс ешқашан делдалдық қызмет көрсетпеген және "сізді міндетті түрде декретке шығарамыз" деген уәде айтпаған.

"Біздің істеп отырғанымыз – тек ақпараттық бағыт-бағдар беру. Бұрын да, қазір де, болашақта да ешбір адамнан делдал ретінде бір тиын алмаймыз", – деді ол.

"Құқық қорғау органдарынан ешқандай сұрақ туындамады"

Дәулет Мұқаев курсқа қатысты құқық қорғау органдарынан ешқандай сұрақ туындамағанын айтты.

"Сұрақ туындаған жоқ. Себебі мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры да осы курсқа байланысты шу шыққан кезде сабақтардың бәрін қарап шықты. Ешқандай заң бұзушылық анықталған жоқ. Сабақтарда бәрі қарапайым тілде түсіндірілген. Ал енді алған біліміңді қалай пайдаланасың, ол әр адамның өзіне байланысты. Біреу оны дұрыс жолда қолданады, екіншісі алаяқтыққа бұрып жіберуі мүмкін. Бұл адамның сана-сезіміне қатысты дүние. Менің курсымнан кейін көптеген қыз-келіншек жеке кәсібін ашып, оны дамытып отыр. Қаншама адам алғысын айтып жатыр. Мысалы, біреу үлкен пиццерия ашып алды. Алғашында шағын іспен бастаған ол қазір ірі кәсіпорын иесі атанды", – деп түсіндірді Дәулет Мұқаев.

Сонымен қатар ол мәжілістегі депутаттық мандатынан айыралады деген қауесеттерге жауап берді. Мұқаевтың сөзінше, мандатқа қатысты ақпарат та шындыққа жанаспайды.

Курсқа қатысқандар не дейді?

Пайдаланушылардың бірі депутатты "Алдар көсе блогерге" теңеп, оны халықты ипотека алуға курсқа жаздырып, "қораға кіргізіп жатқандай" әрекет жасады деп сынаған.

Тағы бір желі қолданушысы "Мұны толықтай тексеру қажет, бірдеңе анықталып қалар" деген пікір білдірген.

Дегенмен Дәулет Мұқаевты қолдаған оқырмандар әлеуметтік желіде өз пікірлерін қалдырды. Олар "Декретке миллионмен" курсын алғанын, ол сабақтарда ешқашан жалған кәсіпкерлікке шақыру болмағанын атап өтті.

"2020 жылға қайта оралғым келеді. Сол кезде мен төртінші балама жүкті едім. Үйде отырып торт пісіріп сататынмын. Дәулет мырза сабақта "кәсібіңізді заңдастырыңыз" дегеннен кейін бірден жеке кәсіпкерлігімді ашып, бәрін заң аясында жасай бастадым. Соның нәтижесінде декретке миллион теңгемен шықтым. Шүкір, одан бері бес жыл уақыт өтті. Дәулет мырзаның айтқанын заң шеңберінде орындап, қайтарымсыз грантқа да ие болдым. Берген ақпараттары бізге тек үлкен пайдасын тигізді. Біреуге орынсыз жала жабудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Ол бізге дұрыс жолды көрсетті. Жас болса да, бас бола білді деп айтар едім", – дейді әлеуметтік желі қолданушысы almira_tatti.

Әлеуметтік желіде "Декретке миллионмен" курсы жайлы түрлі пікірлер айтылып жүр. Кейбір азаматтар Дәулет Мұқаевқа "Депутаттық мандатыңызды тапсырып, кәсіпкерлікпен ғана айналыссаңыз. Қатырып мәселе көтеріп жатқаныңыз шамалы" деген пікір де білдіріп жатыр.

Кейбіреулер оны заңсыздыққа итермелейді десе, курсқа қатысқандар мүлде басқа көзқараста.

"Мен де курс алғанмын. Ол жерде "тууды жоспарлап жүрсеңіз немесе аяғың ауыр болса, дереу жеке кәсіпкерлік (ИП) ашыңыз" деген жоқ. Әуелі, түсініп алыңыздар. Заңды бизнесіңіз болса ғана, кәсіпті тіркеп, декретке миллионмен шығыңыз деп түсіндірді. Тек заңды болсын деп айтқан. Яғни жүріп тұрған бизнесіңіз, кәсібіңіз болса, декретке шыға аласыз деп үйретті. Неге жоқ жерден жала жауып, ойбай Дәулеттен үйретті, алаяқ деп қуып кетті бәрі? Заңда бар болса, заңдағы нәрсені айтып, түсіндірсе несі айып", – дейді курсқа қатысқан көпбалалы ана Данагүл Әбдірова.

"Қалған соманы жұмыс беруші төлеп береді": Әйелдер қандай жағдайда декрет төлемін 2,5 миллион теңгеден көп ала алады


"Барлығы ұрлап жатыр, бізге болмай ма": Заңсыз жолмен декреттік төлем алған әйелдер өз құқықтарын пайдаланғанын алға тартты


Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде екі бухгалтер әйел мемлекетке 98 миллион теңге шығын келтіріп, алаяқтық жолмен ондаған әйелді декрет демалысына шығарғаны үшін 6 жылға сотталды. Олар 2023-2024 жылдары жүкті әйелдерді жалған кәсіпкер ретінде тіркеп, әлеуметтік және зейнетақы жарналарын аударып, жалған құжаттар арқылы миллиондаған төлем алдыртқан. Сот материалдарына сәйкес, бұл схема "Декретке миллионмен" курсының жарнамасы арқылы тараған. Жәбірленушілердің ЭЦП кілттері пайдаланылып, кейбірінің атына 10-нан астам жеке кәсіпкерлік ашылған. Алынған қаражаттың бір бөлігі бухгалтерлерге "сыйақы" ретінде берілген. Осылайша әйелдерге жүктілік пен босануға байланысты 3-4 миллион теңге көлемінде, сондай-ақ бала 1,5 жасқа толғанға дейін ай сайын 170-200 мың теңге көлемінде төлем тағайындалған.

STAN.KZ
Бейсенбі, 18 Қыркүйек, 2025 19:20
Талқылау