Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"БҰҰ басшысы Қытайдағы жағдайдан хабарсыз болып шықты": Қазақстандық белсенді қандастардың мәселесі жайында

2018 жылы БҰҰ отырысында Қытайдағы қорлық көріп жатқан этникалық қазақтардың мәселесін көтерген "Атажұрт ерікті жастары" ұйымының төрағасы Қыдырәлі Оразұлы Stan.kz тілшісіне сұхбат берді. Қандастардың мәселесін арқалаған белсенді ұйымның осы күнге дейін жүргізген жұмыстары жайлы сөз қозғап, неліктен Қазақстанда Қытай елін зерттеу институтын құру керектігін айтты. 

– "Атажұрт ерікті жастары" ұйымы қашаннан бастап Қытайдағы қандастарымыздың жағдайын көтеріп келеді? Қазірге дейін қандай жұмыстар жүргіздіңіздер? 

– Бүгінде Қытайдағы қазақтардың атажұртына оралуына қиындай түскен. Оның бірден-бір себебі – 2020 жылдан бері бұл елде берілетін куәліктерге азаматын ұлтын жазбауы. Бұл енді қандастарымыз атажұртқа келсе азаматтық берілмейді деген сөз. Өйткені оларға қазақ екендерін дәлелдеу қиын болмақ. Ауғанстаннан келген қандастарымыздың күйін кешіп отыр. Сол үшін төрт жылдай қанша қазақты атамекенге әкелеміз деп жұмыс жасадық. Осыған байланысты "Атажұрт" шағын еріктілердің тобын құрдық. Қытайдағы қазақтардың келуі үшін оларға шақырту жіберумен де айналыстық. Мәселен, елімізде 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік арнайы бағдарлама қабылданды. Солтүстік облыстарға азаматтарды қоныстандырып, жұмыс күшін тарту қажет болатын. Бұл бағдарлама бойынша көшіп келген қандастар үшін тиімді еді. Бағдарламаны қандастарға жеткізу үшін Қытайдың сегіз ауданында қазақтарымыз көп шоғырланған аймаққа WeChat желісінен топ құрдық. Ағайындарға бағдарламаны барынша түсіндірдік. Көп адамдар қызығушылық танытты. Көбі аймақтардағы үйлердің бағаларын білгілері келді. Ол үшін Қостанай, Павлодар, СҚО, ШҚО, Ақмола облыстарын бір жарым айдан аса аралап, үйлерді суретке түсіріп, бағаларын анықтадық. Ауылдың әкімдері де шақырды. Осы кездері үгіт-насихат жұмыстары өте нәтижелі болды. Қытайдағы қазақтарымыздың көбі келетіндерін айтты. Қыркүйек айынан қарашаға дейін 3000-ға жуық отбасының тізімі жасақталды. Қандастарымыз 2017 жылы қыс пен жазғы демалыстар да келуді жоспарлаған. Алайда сол жылы Қытай үкіметі құжаттарыңызға "бармақ іздерін тіркейміз" деген желеумен барлығының куәліктерін жинап алды. "Көшеміз" деген қандастар бірінші апарып берді. Дегенмен кейіннен олардың құжаттары сол күй қайтарылмады. Қазақстанда оқып жатқан студенттерге де "келіп құжаттарыңды ауыстырып алыңдар" деп шақырған. Біраз студенттер, Қазақстанда жүрген басқа да қандастар балаларын қалдырып барған. Бірақ кері қайта алмай қалған. Ал наурыздан бастап өздері салған лагерьлерге Қазақстанға барғандарды қамай бастайды.

– Қытайда қамалған қазақтардың жайы не болды? Бұл мәселені көтердіңіздер ме? 

– Бұл мәселеге байланысты нақты дәлелдерді жинауға кірістік. Әрең дегенде 32 адамның тізімін жасақтадық. Оны сыртқы істер министріне тапсырған болатынбыз. Олар бұл мәселе бойынша Қытай консулымен сөйлеміз деп қалды. Қытайдан Шыңжаң аймағынан делегация келеді екен. Осы жақтағы қазақтардың уәждерін тыңдайтындарын айтты. Нұр-Сұлтанға делегациялары бір рет келіп кетіпті. Оны бізге айтпады. Екі күннен кейін Алматыға соғатынын білдік. Алматыдағы кездесуге "Жебе" ұйымы делегациямен кімнің кездесетінін жасақтап жатыр екен. Біз мәселемізді айтқаннан кейін олар бізді тізімге қосудан бас тартты. Олар лагерьлер туралы айтуға болмайтын айтты. Ертесіне Алматыдағы консулда кездесу болатын болды. Біз барғанмен де кіре алмаймыз. Туыстары ұсталған қазақтарды шақырдық. Кейбіреулері туыстары жайлы айтуға да қорқады екен. Түске дейін 200-ге дейін адам жиналды. Бәрінің мәселелерін тыңдап, елшілік алдына митинг ұйымдастырдық. Делегациядан өкіл шығып, "бұл әрекеттеріңіз дұрыс емес, сотқа беремін" деп қорқытты. Полицейлер де келді. Қолымызға талап арыздарымызды жинағанбыз. Тіпті "14 тәулікке қамап тастаймыз, тараңыздар" деген ескертулер жасалды. Арандату жол бермей тыныш күттік. Сағат кешкі 18:00-ге дейін тұрдық. Сөйтсек, ғимараттың артқы есігінен делегаттарды алып кетіпті. Осы жылдары "Атажұртты" тіркеуге берген едім. Екі жыл бойы тіркемеді. Ерікті түрде жұмыс жасап, Қытайдағы қазақтардың мәселесіне ақыры кірдік. Өзім фармацевт саласында жұмыс істеп жүрдім. Өз жұмысымды тастап, осыны БҰҰ-на жеткізу басты арманыма айналды. Сол жылы алтыншы айда Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы болатын болды. Біз президент қатысатын құрылтайда қалайда қазақтың мәселесін жеткізейік дедік. Мұхтар Шаханов сол жиынға қатысатын болған. Мен ағамызға дәлелдерімнің бәрін беріп, осы мәселені Елбасының алдында көтеруін өтіндім. Өкінішке қарай, құрылтайға үш күн қалғанда оны тізімнен сызып тастапты. Содан кейін Мұхтар ағамыз маған ренжіп, "сенің кесіріңнен қатыса алмадым" деді. Содан кейін президентке баспасөз клубы арқылы үндей жасауды ұйғардық. Дулат Исабековке хабарласып, конференцияға шақырдым. Жазушылармен бірге президентке Қытайдағы қандастардың мәселесі бойынша алғаш рет үндеу жасадық. 

 Президент қатысқан құрылтайда қандастардың мәселесін қалай көтердіңіздер? 

– Елордада өткен V құрылтайға Қытайдан да небір ақын-жазушы қандастарымыз келді. Олар да айтып қалатын шығар деп үміттендім. Бірақ ешқайсысы да ләм-мим демеді. Соңына қарай Германиядан келген Өмірхан Алтын ағамыз қолын көтеріп тұрды да "осындай құрылтайда Қытайдағы қан жылап жатқан қазақтарымыз туралы неге айтпаймыз" деген кезде көзімнен жас шықты. Мен мұндай сәтті күтпеген едім. Алайда Елбасы біздің мәселеден хабарсыз болып шықты. Кейіннен бұл мәлімдемесі үшін Өмірхан ағаға кейін хабарласып, "Қытайдағы ағайындардың атынан сізді Алматыға шақырып, астыңызға ат мінгізіп, үстіңізге шапан жауып, той жасаймын" деп айттым. Алматыға келген соң той жасап, қандастар атынан алғысымды білдірдім.

– Женевада БҰҰ саммитінде сөз сөйледім деп айтып едіңіз. Осы жайында айтып берсеңіз. 

– Астанада өткен құрылтайдан кейін Өмірхан Алтын ағамызбен осы бағытта көп жұмыс істедік. Зәбір көріп жатқан ағайындардың туыстарына арнап конференциялар ұйымдастырдық. Тіпті халықаралық Washinton Post, CNN, Euronews секілді көптеген ақпарат құралдары хабарласты. Туыстары, асыраушылары Қытайда қамалып жатқандар Алматы тұрмақ, өздерінің облыс орталықтарына да жете алмайды. Сондықтан ауыл-аймақтарды көп араладық. Көбісі арыз беруден қорқады. Ит өлген жерге барып, екі сағат мақсатымызды түсіндірген күннің өзінде арыз ала алмай қайтамыз. Өзім өмірі бармаған Ақжар, Тарбағатай, Үржар, Курчатов, Екібастұз, Күршімге дейін араладым. Олардың айтқандарын видеоға түсірдім. Осылайша 1000-ға тарта уәжін жинадық. Олардың арасында азын-аулақ адам ғана арыз берді. Әке-шешелері Қытайда ұсталып жатқан алпыстай балалар да бар. Өздері ата-аналарының сағынғандарын жылап тұрып айтқанын видеоға түсіріп алғанмын. Бұл арыздың, видеоның барлығын кейіннен БҰҰ басшысының алдында сөз сөйлегенде көрсеттім. Бізбен бірге ұйғырлар, тибеттіктер, моңғолдар т.б. азаматтар да болды. Лагерьлердегі мыңдаған қазақтың қай жерде жатқандарына дейін айттық. Ағылшынша жазылған арыздарды тапсырдық. Қытай делегаттары бізге қарсы бір ауыз сөз айтпады. Тибеттікттер де өз уәждерін айтты. Ұйғырлар Американың бір қорғаушысын сөйлетті. Сонда Қытайлар оларға дәлел келтіруін сұрап жатты. БҰҰ басшысы біткен соң, Қытайдағы мұндай зұлымдықты білмейтінін айтты. Қазіргі замандағы геноцид деп айып тақты. Қытайға арнайы комиссия жасақтайтынын хабарлаған. 43 мемлекет Шыңжаңға өздерінің комиссияларын жіберетіндігін айтты. Мұнымен қоймай, БҰҰ ғимаратының алдында бәріміз митинг ұйымдастырдық. Біз үш қазақ қана жүрдік. Тақия киіп алғанбыз. Сол кезде ұйғырлардың қатты ұйымшылдығын байқадым. Аустралия, Жапония, Америка сынды елдерден де жиналған. Тіпті біздің Қазақстаннан 56 ұйғыр барыпты. Олардың бірде-біреуі жиналысқа қатысқан жоқ. Тек митинг өткізуге барған. Бүкіл әлем алдында Қытайдың аузына қақпақ болды. 

– Осы оқиғалардан кейін Қытайды зерттеу институтын құратынын айтып едіңіз? Оның жай не болды? 

 Қытайдың осы зұлымдығын білмей келуімізге көрші елді зерттейтін институттардың болмауынан. Қытайда Қазақстанды зерттейтін бейресми 14 институт бар екен. Қытайтану институттары бізде бар. Бірақ олар қытай тілі мен мәдениетін тек жарнамалаумен ғана айналысады. Өзім институт құруға өтініш бергенімде, оны тіркемеді. Қытайдағы қазақтар 2000 жылға дейін ол жақта емін-еркін жүрді. Бірақ кейіннен жағдай өзгерді. Өздері сыймай жатқанда 3 миллиондай қазақты елге жіберсе болады ғой. Қарамайсыз ба, олар біздің ұлттық мемлекетке айналғанымызды қаламайтын болып тұр ғой. 

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан: Қадірәлі САРЫПБЕК

Талқылау