Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бұрынғы геология вице-министрі көз жұмды

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

76 жасқа қараған шағында белгілі қазақ геологы, бұрынғы геология вице-министрі Балтабек Қуандықов өмірден озды. Оның қайтыс болғанын "ҚазМұнайГаз" басшысы Асхат Хасенов мәлімдеді. Ол компания ұжымы атынан отбасы мен жақындарына көңіл айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Балтабек Қуандықов Қарашығанақ, Қашаған, Кенбай, Имашев, Жаңажол, Әлібекмола, Арман сияқты ірі кен орындарын ашып, игеруге атсалысты. Оның қосқан үлесі геология ғылымының дамуы мен елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі басты фактор саналады.

Тәуелсіздік жылдарында Геология және жер қойнауын қорғау министрлігінде басшылық қызметтер атқарды. Энергетика және отын ресурстары министрінің орынбасары болды, "Қазақойл" ұлттық мұнай-газ компаниясын басқарды. Сонымен қатар шетелдік ірі компанияларда, соның ішінде Chevron Overseas Petroleum және Nelson Resources компанияларында қызмет етті.

Қуандықов 10 монографияның және 80-нен астам ғылыми жарияланымның авторы, Қазақстандық мұнай-геологтар қоғамының президенті, халықаралық геологиялық бірлестіктердің мүшесі. "Құрмет" және "Парасат" ордендерін, Қазақстан өнеркәсібінің еңбек сіңірген қайраткері атағын алған. Өмірінің соңғы жылдарына дейін "Меридиан Петролеум" компаниясының президенті қызметін атқарып, тәуелсіз директор ретінде "Ембімұнайгаз" АҚ директорлар кеңесінің мүшесі болды.

Жұмаділлә Нұрила
Сенбі, 07 Маусым, 2025 19:28
Талқылау