"Жануарларды қинап жатыр": Иттерін есекке айдап салған ер адамның іс-әрекеті желіде дау тудырды (видео)
Белгілі журналист Сырым Итқұлов Түркістан облысында ер адамның итті есекке айдап салып, азаптап жатқан сәтін видеоға түсіргенін хабарлады. Осы жағдай қоғамда наразылық туғызып, жануарларға деген қатыгездік мәселесін қайта көтерді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Сырым Итқұлов жануарларға жасалған мұндай қатыгездікті қоғам мәдениетінің төмендігімен байланыстырды.
"Түркістан облысында осындай оқиға болды. Бұл адам жануарларды қинап жатыр. Қандай қоғамдық мәдениет туралы сөз қозғауға болады?" – деп жазды ол.
Желіде тараған видеода екі иттің есекке шабуыл жасап, оның жан ұшыра қарсылық көрсеткені байқалады. Үй жануарының аяғы мен жамбас бөлігінің артқы тұсы жарақаттанған.
Түркістан облысы полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты шара қабылдағанын хабарлады.
"Тексеру барысында оқиғаның Түркістан облысы, Арыс ауданында болғаны анықталды. Жануарларға қатыгездік танытқан күдікті – 42 жастағы ер адам полиция бөліміне жеткізілді. Қазір жануарға қатыгездік жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Барлық мән-жай тексеріліп жатыр", – деп жауап берді ведомство.
Еске салайық, бұған дейін Жетісу облысында ер адам көшеде итті аяусыз атып тастағанын жазған едік. Куәгерлердің айтуынша, жануарды атқан ер адамның есімі Ермек. Жергілікті тұрғындар полициядан қатыгездікті жасаған адамды тауып, заң аясында қатаң жазалауды сұрайды. Айта кетейік, Қазақстан заңнамасына сәйкес, жануарларға қатыгездік көрсеткендер қылмыстық жауапқа тартылады.