Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұл оңай қабылданған шешім емес": Тележүргізуші Әйкерім Есенәлі ажырасқаннан кейінгі өмірі жайлы айтты

Тележүргізуші Әйкерім Есенәлі көгілдір экраннан көрінбей кетті. Сөзінше, көп уақытын балапанына бөліп жүр екен. Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында ол жалғызбасты ана болудың қиындықтары мен бала тәрбиесіндегі кеңестерімен бөлісті. 

– Әйкерім ханым, ең алғашқы сауалды тележүргізушілік қызметіңізден бастайықшы. Соңғы кездері теледидардан көрермен сізді көрмей жүр. Неліктен?

– Иә, “Таңшолпан” бағдарламасынан өз еркіммен жұмыстан шықтым. Оның басты себебі  жеке өмірімдегі өзгерістердің орын алуы және жұмыс кестесінің маған ыңғайсыз болуы. Әзірге басқа арналардан немесе телевизиялық жобалардан ұсыныс болмады. Егер ұсыныс түсіп жатса, әрине, қуана қарсы аламын. “Таңшолпан”  бағдарламасына бірнеше рет қайта шақырды. Бірақ әзірге ол жобаның тізгінін ұстауға менің шамам жоқ. Бұған қоса менің мансабымның өсуі телевизияға байланып тұрған жоқ. Өзімнің жобаларым бар. Радиожүргізуші ретінде де қызмет жасайтынымды жақсы білесіздер. Жеке курсым бар. Соның барлығы маған жетіп артылады.

– Эфирді сағынасыз ба?

– Әрине, эфирді сағындым, оны мойындаймын. Себебі жиырма жылдан астам уақыт тікелей эфирде қызмет жасағандықтан, сол live режимге үйреніп қалады екенбіз. Әріптестерімді де сағынамын. Алайда қазір мен өзімнің авторлық курсымды нарыққа шығарып жатырмын. Ол курсты толықтай өзімнің әріптестеріммен бірге жасап, телевизиялық сападағы өнімді ұсынудамыз. Сол жоба барысындағы түсірілімдер, вебинарлар мен тікелей эфирлер сағынышымды басып жүр.

– Тыңдармандар сіздің даусыңызды радиодан бірден танып жатады. Оны қалыптастыру үшін қанша уақыт жұмсалды?

– Он екі жыл радиода қызмет жасап келемін. Барлығы менің дауысымды нашар деп бағалаған соң басталған. Радионы алғаш жүргізген кезде дауысым жіңішке және нәзіктеу болатын. Одан кейін профессорлардан диафрагмаларды ашу, дауыстың күшін арттыру, тынысты дұрыстау деген сияқты бағыттарын үйрендім. Одан кейін дауыстың әдемі шығуы, дауыс арқылы табыс табу деген нәрселер осыдан 5-6 жыл бұрын психосоматикалық дүниелерді түсінген кезде пайда болды. Сол үшін мен өзімнің “Сөзім өтімді болсын” деген авторлық курсымда еркін сөйлеп кету үшін, дауыс ашылу үшін терең психологиялық дүниелерді түсіндіремін.

– Қазір өзіңіз де ерекше дауыс иелерін дайындайтын курс бастап жатыр екенсіз. Идея кімдікі? Бағалары қандай болмақ?

– Идея өзімдікі. Халықтың сұранысына сай жасалған жоба. Осыдан бес жыл бұрын offline курс болған еді. Одан кейін өзім де талай білім алдым. Соның барлығын жинақтап, видеосабақ ретінде түсіріп, сатып жатырмыз. Бағасы шығынды ақтамайды. Өзім телевизия саласында жұмыс жасағандықтан life форматта түсірілгендері де бар. Тоқтаусыз 45 минуттық сабақ түсіргенбіз. Өйткені ешқандай мақсатсыз 45 минут бойы тоқтаусыз түсіндіре алатын спикер екенімді көрсеткім келді. Монтажы, бояуы, эффектісі өте сапалы әрі қымбат дүниелер. Қазір мүмкіндігінше арзан етуге, команданың да еңбегі елеусіз қалмау үшін орта бағаға қоюға тырыстық.

– Бүгінгі телевизия саласындағы журналистерге көңіліңіз тола ма?

– Мен оларға баға беретін адам емеспін. Дегенмен, менің ойымша, журналистика әлеміне қызыққан адамдарға іздену керек. Себебі бізде журналистика бойынша білім беру деңгейі әлемдік стандарттарға сай емес. Ал бізге әлемдік стандарттарға сай болу керек. Өйткені интернет дамып кеткен. “Басқа елдердікі керемет, ал Қазақстанның медиа саласы дамымаған” деген сөз маңдайымызға мөр болып басылады. Сондай деңгейге түспеу үшін әлемдік стандарттарға сай болу керек.

– Жақында жаңа дипломмен сүйінші сұрадыңыз. Құттықтаймыз!  Шатаспасақ, саясаттанушы мамандығын игердіңіз. Болашақта осы салада қызмет жасауға ниетіңіз бар ма?

– Иә, рахмет. Жалпы бұл салада қызмет жасауға ниетім бар. Себебі 20-жылдан астам журналистикада қызмет жасап келемін. Медиа саласында біраз қабілеттерімді дамыттым. Бизнеске айналып кететіндей деңгейге жетті. Енді саясат, идеология қызығушылымды ашып жүр. Осы салада дамығым келеді.

– Жуық арада депутат Әйкерімді көруіміз мүмкін бе?

– Әзірге өзімді депутаттыққа кандидат ретінде ұсынуды ойлаған жоқпын. Шыны керек, мен анамын. Осы уақытқа дейін өліп-тіріліп жұмыс істедім. Отбасылы болғанда да үй алу үшін, жөндеу жұмыстарын жасау үшін, ақшалы болу үшін үздіксіз тер төктім. Қазір қызым бес жасқа келді. Оны жақсы тәрбие алу мүмкіндігінен айырмау керекпін. Менің қазіргі кестемде күнделікті 2-3 сағат тек қызыма арналған уақыт бар. Қызым менің бірінші орында тұр. Ол болашақта  қоғамды өзгертетін, дамытатын тұлға. Ол ешкімге өкпелемей, махаббатқа бөленіп өсу керек. Сондықтан депутат болып, мансап қуу әзірге жоспарда жоқ.

– “Жаңа” Қазақстанда жаңа өзгерістерді байқап жатырсыз ба? Сиқырлы таяқшаңыз болса, Жаңа Қазақстанға қандай жаңашылдық қосар едіңіз?

– “Жаңа” Қазақстанды сиқырлы таяқшамен құруға болмайды деп ойлаймын. “Жаңа” Қазақстанды барлық адамдар қадам-қадаммен құрастыру керек. Себебі біз сиқырлы таяқшамен барлық адамдардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, интелектуалдық деңгейін көтеріп жіберіп, бір-ақ сәтте бизнес даму мүмкіндіктерін ашып жіберсек те олар оны қалай игеру керектігін де түсінбейді. Бізде эволюция болу керек. “Жаңа” Қазақстанға көзқарас, оны қалыптастыру үшін біздің халықта ниет болу керек. Әркім өзінің түймедей үлестерін қосуы керек. Сонда әркім өз үлесінің қадірін біледі және оны құртуға ешкімге мүмкіндік бермейді.

– Бір сұхбатыңызда жолдасыңызбен екі бөлек кеткеніңізді айтқан едіңіз. Қазбалаудан аулақпыз. Бірақ ажырасқан соң “өмір сүру оңай болады” деп ойлайтын келіншектерге сабақ болу мақсатында бір сұрақты қойсам: Жалғызбасты ана, келіншек болудың қиындығы мен артықшылығы қандай?

– Жалғызбасты ана болудың ешқандай артықшылығы жоқ. Өз отбасымның тағдырын ұзақ айтқым келмейді. Айтпаймын да. Бұл оңай қабылданған шешім емес. Себебі бірінші орында бала болды. “Ол бала толық емес отбасында қалай өседі?” деген оймен ұзақ уақыт күрестім. Отбасын сақтап қалу мәселесі бойынша ұзақ уақыт еңбектендім. 1-2 жыл бойы отбасын сақтау мақсатында білім алдым, дамыдым, жұмыс жасадым. Бірақ, өкінішке қарай, болмады. Бұл – тағдыр. Қазір пәтер жалдап тұрамын. Көп еңбектенуге тура келеді. Сол себепті қазір өзімді, жеке өмірімді ұмытып, еңбектеніп жүрмін. Бұлай жұмыс жасау ешқандай әйелге қызық емес және бұл кезде әйел толыққанды дамымайды. Көпшілік қыздар ажырасып кеткен соң, “менде бәрі күшті” деген видеоларды қайын жұртына көрсету үшін, өз жұрты уайымдамасын деген оймен салады ғой. Мен ондай видеоларды тұрмысқа шыққанға дейін де, кейін де, қазір де саламын. Менің контентім, ел алдындағы образым дейін де, кейін де өзгерген емес. Бір кездері жоқ болып кетіп, өз-өзіммен болғанымды мойындаймын. Бірақ бір айтарым, отбасылық өмірде екіойлы болып жүрген келіншектерге ажырасқан әйелдерге қарауға болмайды. Өйткені ол бір сағатта түсірілген контент. Ол –  иллюзия. Оның артында қаншама қиындық бар екенін ешкім білмейді. Ал жалпы алғанда ешкімнің нәтижесін сіздің өміріңіздегі процесспен салыстыруға болмайды. Бұл менің басқаларына деген кеңесім.

– Көп жас келіншектер ажырасқан соң бақытты боламын, жалғыз әйел еркіндікте тау қопарып, гүлдей жайнап жүре алады деп ойлайды екен. Әйелдің өсуіне, дамуына күйеуінің тыйымдары, қайын жұрттың бітпейтін тіршілігі кедергі келтіреді деп санайды. Сіз бұл оймен келісесіз бе?

– Кедергі болмайды деп айтайын десем, қосымша жұмысы қосылатыны рас. Бірақ бұл  әйелдің өз таңдауы. Ол мұның бәрін, туыстық қарым-қатынас, жаңа белес басталатынын біліп, ойланып, тұрмысқа шықты. Сондықтан өсу-дамуға қатысты қарқынды азайтуға өз еркімен шешім қабылдау керек. Азайту деген деградация емес. Тума-туыспен қарым-қатынас та коммуникацияның бір түрі. Бұл процесте де дамуға болады. Сондықтан қайын жұрт әйелдің дамуына кедергі болады деген дұрыс емес. Әйел дұрыс приоритет қоя білсе, дамиды. Отбасын құрған соң қайын жұртпен тіл табысып, сіңісіп кету үшін көбірек көңіл бөледі. Бұл да даму.

– Әлеуметтік желіде мықты, әдемі, проблемасы жоқ Әйкерім өмірде жиі жылай ма?

– Бәрімізде проблема бар. Менде де бар. Болады. Бірақ мен проблемаларға еврейлердің мақалымен қараймын. Егер ол ақшамен шешілетін нәрсе болса, ол – проблема емес. Ол - шығын. Шығындарды өтеуге болады. Ал ақшамен шешу мүмкін болмаса, ол – проблема. Оның да шешімі бар. Ол үшін өзіңмен диалог құрып, психологқа барып, жұмыс жасап шешуге болады. Мен әлеуметтік желіде проблемаларымды айтпаймын. Себебі 280 мың адам парақшама менен жігерлену үшін, дамып-өсудің жолын үйрену үшін оқып отыр. Проблема олардың өздерінің өмірінде де жетіп жатыр. Көршісіне барса, ол жылайды, далада да жолы болмаған, проблемасы көп адамдар баршылық. Олардан шаршаған адамдар Instagram-ды шабыт алу үшін қолданады. Жалпы менің ұстанымым – негатив таратылмауы керек. Негативті энергияны таратқан сайын өміріңізде негатив көбейе береді. Бала кезден ойыма сіңіп алған бір нақылды айта кетсем: “Ақылды адам арманына қарай ұмытылады. А ақымақ адам өмірден түңіліп өтеді”. Осы сөз санама сіңіп қалған.  Оны қызыма да, жан-жағымдағы достарыма да айтып жүремін.

– Соңғы рет не үшін жылағаныңыз есіңізде бар ма?

– Кеше қуаныштан жыладым. Кеше тегін вебинар болды. Сол жерде өте көп жағымды пікірлер алдым. “Өте ашықсыз. Өте еркінсіз. Ақылы курстарда айтып жүрген ақпараттарды тегін бере салдыңыз ғой” деп алғыстарын айтып жатқан кезде қуаныштан көзге жас келді. Себебі бұл курсты біз ұзақ дайындадық. Дамыттық. Сондықтан лайықты бағасын алғанына қуандым.

– “Жалғыздық құдайға ғана жарасқан” дейді. Болашақта тұрмысқа шығуыңыз мүмкін бе?

– Білмеймін. Оны Алла біледі. Қазір ол туралы ойлауға шамам да, уақытым да болып жатқан жоқ. Маған аяққа тұрып, қызымды өсіру керек.

– Тұрмыс құруға ниетті қыздарға отбасылық өмірдің сынақтарына сынбау үшін қандай кеңес берер едіңіз?

– Аруларға толық дайын болған кезде тұрмысқа шығыңыздар деп айтқым келеді. Қоғамның “қашан тұрмысқа шығасың?” деген сұрақтарынан қашып, отау құру дұрыс емес. Болашақ күйеуіңізді толық танып, отбасы, тума-туыстарын біліп алыңыз. Солармен үйлесесіз бе? Олардың өмір-салты сізге ұнайды ма? Олармен бір толқында өсіп-өніп кетуге дайынсыз ба? Осы сұрақтардың бәріне “иә” деп жауап берген кезде ғана тұрмысқа шығыңыз.

– Бала тәрбиесіндегі басты қағидаңыз қандай?

– Бала тәрбиесінде басты бір-ақ қағида бар: ол – махаббат. Бәрін жақсы көріп істеу және мүмкіндігінше бәрін түсіну, ашық айту. Сәйкесінше сондай жауап аламын. Өйткені ертең қызым менен жасырып бірдеңелерді бүлдіріп жүргенін қаламаймын. “Қызы үйде, қылығы түзде” болғанын құптамаймын. Барған жерін бақытты ете алатындай, соған негізделген тәрбие беріп жатырмын. Көп аналардың балаларын бауырына байлап, кіндігін кеспей өсіріп жатқанын байқаймын. Әсіресе ұлдарына сондай тәрбие беруде. “Құдай-ау, ертең ол қандай бала болып өседі?!” деп іштей сұраймын. Сондықтан өз басым қазірден бастап қызымды қоғамда белсенді, бәрімен дос, бәрімен араласа беретіндей етіп тәрбиелеуге тырысудамын. Жалпы, құдай бетін аулақ қылсын, алайда қасында мен жоқ кезде еш сынбастан өзі өмір сүріп кете алатындай, қандай жағдайда да есін тез жинап алып, дұрыс шешім қабылдай алатындай етіп тәрбиелеп жатырмын.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан: Жанар Тайырқызы

Талқылау