Бұл феминисткалардың шығарып жүргені шығар: Бақыт Әліпбаева әйелдердің бейбіт шеруіне қарсылық білдірді

Сұхбатқа өте сирек келісетін актрисаның бірі Бақыт Әліпбаева. Талайды әзілдерімен сусындатын жүрген ханыммен stan.kz тілшісіне сұхбаттасу мүмкіндігі туды.

Бұл феминисткалардың шығарып жүргені шығар: Бақыт Әліпбаева әйелдердің бейбіт шеруіне қарсылық білдірді

Бақыт ханым, сұхбатқа келіскеніңізге рахмет. 8-наурыз қарсаңында бір топ әйелдер қауымының бейбіт шеруге шығып, әйел құқығын талап еткендігін білесіз бе? Ойыңыз қандай?

Мен тіпті мұндай бейбіт шерудің болғанын да білмеймін. Бұл феминисткалардың шығарып жүргені шығар. "Әйелдің құқығы тең","келін күң емес" деп шеруге шығып айқайлау маған ерсі секілді. Алайда, еркектің әйелге қол көтеруі, келінді күң ретінде ұстауы надандық деп ойлаймын. Ондай нәрсеге мен де қарсымын. Алайда, мұндай проблема көшеге шығып айқайлаумен емес, басқа жолмен шешілу керек сияқты.

Әйеліне күйеуінің қол көтеруі біздің қоғамда қалыпты жағдай сияқты. Тіпті, ерлі-зайыптылар төбелесіп жатса адамдар айналып өтіп кетеді…

Әрине, біздің елде ер адамның әйелге қол көтеруі қалыпты жағдай деген өкінішті нәрсе. Аллаға шүкір, еркектің әйелге қол көтерген сәтіне куәгер болып көрмеппін. Егер ондай жағдайға куә болсам, үнсіз шығып кетемін деп айта алмаймын. Мен шамам келгенше әйел жағына көмектесуге тырысатын едім. Бірақ, менің ойымша әйел ер адамның қол көтеруіне жеткізбеу керек. Әрине, әртүрлі жағдай, санқилы адамдар болады ғой. 

Қазір вайнерлердің дәуірі секілді. Тіпті, 2-3 минуттық жарнамалары 1000$ жоғары екен. Бұл өнерге балта шабу немесе кәсіби әртістердің жолын кесу емес пе?

Иә, қазір шынымен де вайнның заманы болған сияқты. Әрнәрсе өз уақытымен дейді ғой. Мұның да сұрауы бір күні жоғалады. Сұраныс болып тұрған нәрсеге ешқандай да бөгет бола алмаймыз. Ал, енді вайн мен өнерді салыстырудың қажеті жоқ. Вайнның жанры бөлек қой. Мұндай вайндар өнерге балта шаба алмайды. Әрқашан да өнер биікте қала береді. 

Болашақта өзіңіз де вайн түсіріп, жаңа бағытта өзіңізді сынау жоспарда жоқ па?

Жоқ, ондай жоспарым жоқ. Негізі бірнеше вайннер азаматтар рөлдерге шақырған еді. Менің уақытым болмай, ондай ұсыныстарды қабылдамадым.

Инстаграм сізге табыс әкелуде ме?

Инстаграмға кеш қосылған адаммын. Парақшамды ашып,  жүргізе  бастағынама екі жылдай ғана уақыт болды. Негізі әлеуметтік желілерге аса белсенді емес едім бұрын. Жақында құрбым өзіңе де, өзгеге де пайдалы дүние жасау керектігін түсіндіріп, түрткі болды. Өзім бұрыннан фейс фитнеспен айналысамын. Ойлап отырсам қазақ тіліндегі фейс фитнес дамымаған екен. Ресейде өте қатты дамыған. Өзім де қатысып көрдім. Содан Жамила деген құрбым түрткі болып, сол бағыттағы парақшаны ашып, жүргізе бастадық. Бірақ, ол оңай дүние емес екен. Кәдімгідей уақытты талап етеді. Құрбымның көмегінің арқасында жүргізіп жатырмыз. Негізі ол парақшаны мұқият дамытып, дұрыс жүргізетін болсақ бұл үлкен табыс әкелетін дүние деп ойлаймын.

Ал, жеке парақшаңыз ше?

Негізі жеке парақшамда аса белсенді емеспін. Кейде бартерге ұсыныстар келеді:сіз бізді жарнамалап беріңізші.Ал біз сізге өзіміздің мынадай қызметімізді ұсынамыз дегендей. Бірақ, аса жиі емес. Бір қызық оқиға болды. Таныс журналист құрбым өзінің жарнамасын парақшама салып берші деді. Мен еш қарсылық білдірмедім.Сүйтсем "қанша?"дейді. Тегін ғой десем"әр нәрсенің өзінің ақысы болу керек, тегін дүние жоқ" деп түсіндіріп жатыр. Сол кезде алғыс ретінде ақша төледі. Көп емес еді. Ал, былай парақшам миллиондап табыс әкеліп жатыр деп айта алмаймын.

Өмірге қайта келсеңіз нені өзгертер едіңіз?

Өмірге қайта келсем ештеңені өзгертпес едім. Өміріме ризамын. Бірақ, мектепте оқып жүргенде домбыра үйірмесіне жазылып, таңертең ерте баруға ерініп бірде-бір рет бармаған едім. Өмірге қайта келсем, сол кезде міндетті түрде домбыра үйірмесіне барар едім.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр