Букмекерлерге ақша тіккен: Алматы әскери академиясында өзіне қол салған курсантқа қатысты ақпарат шықты
Алматыдағы әскери академияның курсанты Саламат Өтегеновтің өліміне қатысты тың деректер пайда болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
ІІМ Кадр саясаты департаментінің басшысы Айдар Сайытбеков өзіне қол жұмсаған Өтегеновтің курстастарынан қарыз алып, букмекер контораларына ақша салғанын айтты.
"Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев комиссиямен техникалық факультеттің 3-курс курсанты Саламат Өтегеннің өліміне қатысты ІІМ академиясын кешенді тексеру үшін келді. Кешенді тексеру барысында әлеуметтік зерттеу жүргізілді. Соған сәйкес Өтегенов өзінің курстастарынан түрлі көлемде қарызға ақша алғаны анықталды. Сондай-ақ ол букмекер конторында онлайн ақша тіккен. Қазір ата-аналар уәжінің шындығы, академиядағы оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыру, ұжымдағы моральдық-психологиялық жағдай тексеріліп жатыр. Министр Өтегеновтің курстастары және педагогтермен кездесті. Оқиғаның құқықтық бағасы сотқа дейінгі тергеу аяқталған соң белгілі болады", - деді Айдар Сайытбеков.
Тергеудің алын-ала нәтижелері белгілі болған.
"Оның айтуынша, оқу орнының тұрмыстық жағдайы, материалдық-техникалық жабдықталуы ғана емес, оқытушылар мен курсанттар арасында моральдық-психологиялық ахуал да зерделенуде. Қазіргі уақытта жүйелі ақша жинауды көрсететін өрескел заңбұзышылықтар анықталмаған. Сонымен қатар, курсанттар туыстарының оқу орнындағы қысым туралы хабарламалары да мұқият қаралуда", - деді ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз.
Еске сала кетейік, ішкі істер министрлігінің Алматыдағы академиясында қайғылы жағдай 13 желтоқсан күні болған. Академия қызметкерлері Саламат Өтегеновтің денесін асылып тұрған жерінен шешіп алыпты.
Марқұм өлер алдында ағасынан қомақты қаржы сұрапты. Курсанттың туыстары мекемеде үнемі ақша бопсалайтыны туралы мәлімдеді.
Мақала жарияланғаннан кейін келесі күні Алматы ІІМ академиясының бастығы Өмірбай Смайылов қызметінен босатылды. Онымен бірге тағы алты қызметкер жұмыстан кетті. Оқу орнын тексеру үшін министрліктің ішкі аудит, кадр саясаты және өзіндік қауіпсіздік департаменттерінің қызметкерлері жіберілді. Келесі жылдың басынан бастап ІІМ-нің барлық оқу орындарында осындай тексерулер жүргізуге уәде берді.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
