Болгария мен Румыния ресми түрде Шенген аймағына қосылды
Болгария мен Румыния ресми түрде Шенген аймағына кірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Euronews басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: depositphotos.com
Болгария мен Румыния 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап ресми түрде Шенген аймағының толыққанды мүшесі атанды. Енді екі елдің басқа Шенген елдерімен ішкі құрлық шекараларында тексеру жүргізілмейді. Осылайша, Шенген аймағына кіретін мемлекеттердің жалпы саны 29-ға жетті.
"Бұл шекара полициясының, әскердің, Frontex қызметкерлерінің және ЕО-дағы барлық одақтастарымыздың арқасында мүмкін болды. Біз бірге Еуропалық Одақтың сыртқы шекарасын әлдеқайда жақсы қорғайтынымызға сенімдімін", – деді Болгария премьер-министрі Димитар Главчев Грекиямен шекарада өткен салтанатты шарада.
Болгария мен Румыния Еуропалық Одаққа 2007 жылы қосылған, ал Шенген аймағына қосылу туралы келіссөздер 2011 жылы басталды.
Еске салсақ, бұған дейін Еуроодақ қазақстандықтарға шенген визасын алуды жеңілдету үшін келіссөзге дайын екенін мәлімдеген еді.