Қазақстандық "Болашақ" бағдарламасымен оқып, елден кетіп қалған: Енді ол Ғылым министрлігін сотқа беріп жатыр
Фото: gov.kz
"Болашақ" халықаралық бағдарламасымен АҚШ-та білім алған қазақстандық міндеттемелерін орындамағаны үшін стипендиядан айырылып, шығындарды өтеуге міндеттелді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Астана қаласының мамандырылған ауданаралық әкімшілік сотының мәліметінше, 2013 жылғы 25 желтоқсандағы Комиссия отырысының хаттамасына сәйкес, қазақстандық магистратура бағдарламасы бойынша Boston University-де оқуға арналған "Болашақ" халықаралық стипендиясы тағайындалған. Кейін ол магистр дәрежесін алу үшін білім алған.
"Оқуын аяқтаған соң, Комиссияның хаттамасына сәйкес, еңбек өтеу міндеттемелерін орындау кейінге қалдырылды, себебі ол тағылымдамадан өту кезеңінде болды.
Тағылымдамадан өткеннен кейін, талапкер жеке ұйымдарда еңбек етті, қазіргі уақытта ол экономист лауазымында жауапкершілігі шектеулі серіктестікте онлайн форматта, икемді кестемен қашықтан жұмыс атқаруда", – делінген сот хабарламасында.
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің жауабында оның 2023 жылғы 1 мамырда Қазақстан Республикасынан тысқары кеткені және сол уақыттан бері елге оралғаны туралы деректердің жоқтығы расталған.
"С-ға Қазақстан Республикасының аумағында еңбек өтеу қажеттілігі туралы бірнеше мәрте хабарламалар жіберілген. Комиссияның шешімімен С. халықаралық "Болашақ" стипендиясынан айырылып, еңбек өтеу бойынша шарттық міндеттемелерді орындамағаны үшін жұмсалған шығындарды өтеу міндеті жүктелді", – дейді сот өкілдері.
Бұл шешіммен келіспеген қазақстандық Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына (МАӘС) халықаралық "Болашақ" стипендиясынан айыру туралы Республикалық комиссияның шешімін заңсыз деп тану және күшін жою туралы талап арызбен жүгінген.
2025 жылғы 1 сәуірдегі Астана қаласының МАӘС шешімімен С-ның Қазақстан Республикасы ғылым және жоғары білім министрлігіне қарсы талап арызы қанағаттандырусыз қалдырылды.
"Сот талапты қанағаттандырудан бас тарта отырып, талапкердің "Болашақ" халықаралық стипендиясы аясында алған міндеттемелерін – Қазақстан Республикасының аумағында еңбек өтеу талабын орындамағанын негізге алды. Шарт пен бағдарлама ережелерінде еңбек қызметін қашықтан орындау мүмкіндігі көзделмеген", – делінген хабарламада.
Сот шешімі заңды күшіне енді.
Сот өкілдерінің түсіндіруінше, стипендия шарттарына сәйкес, стипендиат оқуын толық аяқтап, диплом алған күннен бастап 15 күнтізбелік күн ішінде Қазақстан Республикасына оралуға, Қазақстан Республикасына кіргені туралы белгі қойылған төлқұжат көшірмесін ұсынуға және алған мамандығы бойынша жұмыс берушіде немесе басқа ұйымдарда үздіксіз кемінде 5 жыл еңбек өтеуге міндетті. Шарт пен бағдарлама ережелерінде еңбек қызметін қашықтан орындау мүмкіндігі көзделмеген.

АҚШ-та ауыр жарақат алған қазақстандық дзюдошы хал үстінде жатыр: Ағасы емге 270 миллион теңге қажет екенін айтты
