“Бастапқыда іс заңсыз кәсіпкерлік қызмет фактісі бойынша қозғалған еді. Қазір Жанәбіловтер ақша қаражатын заңдастыру (ақшаны жылыстату) бойынша жауапқа тартылып отыр. Ашығын айтсақ, бұл әдетте істі әдейі “ауырлатуға” кіріскен кезде қосылатын ең “ауыр” баптардың бірі”, – деді ол.
Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің 218-бабының 2-бөлігі бойынша 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Ал адвокат іс бойынша заңсыз кәсіпкерлік қызметтің құрамы мүлде жоқ деп санайды.
“Бастапқыда комитет тарапынан хаттама тортырылды. Олар Жанәбіловтердің әрекетін заңсыз лотерея қызметі ретінде бағалады, бірақ заңсыз лотерея бар деп есептесек те, ол ең көбі – әкімшілік айыппұл. Бұл әрекет қылмыс қатарынан шығарылған, яғни ол үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған”, – деді ол.
Оның сөзінше, заңсыз лотерея ойнату Қазақстан тарихында алғаш рет әкімшілік құқықбұзушылық санатынан қылмыстық құқықбұзушылық санатына ауыстырылып отыр. Ол сондай-ақ елімізде лотерея ойнатып жүрген өзге де блогерлердің барын, алайда бәрі тек айыппұлмен құтылғанын алға тартты.
“Алматыда блогерлерді дәл осыған ұқсас әрекеттері үшін әкімшілік жауапкершілікке тартады. Қылмыстық іс қозғауға талпыныс болған, бірақ Алматы қалалық соты прокурордың шешімін бұзып, бұл жерде заңсыз кәсіпкерлік қызмет фактісі жоқ деп таныған. Неге Астанада басқа қорытындыға келіп отыр? Менің ойымша, бұл дұрыс емес, бұл әрі мораль нормаларын, әрі заң талаптарын бұзады”, – деп түйіндеді ол.
