Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

БҚО-да шенеуніктен ақша бопсалаған блогер 3 жылға бас бостандығынан айырылды

БҚО-да шенеуніктен ақша бопсалаған блогер 3 жылға бас бостандығынан айырылды

Видеодан скрин

Батыс Қазақстан облысында шенеуніктен ақша бопсалаған 43 жастағы блогер Айболат Бүкенов 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

25 ақпан күні Орал қалалық соты блогерді Қылмыстық кодекстің үш баптары бойынша кінәлі деп таныды:

- 190-баптың 3-бөлігінің 4-тармағы – "Қайталанған алаяқтық";

- 194-баптың 1-бөлімі – "Қорқытып ақша талап ету";

- 218-баптың 1-бөлімі – "Қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру".

"Сот айыпталушыға орта қауіпсіздік санатындағы мекемеде 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындайды. Сонымен қатар, сот заңсыз жолмен алынған 1 244 000 теңгені тәркілеуге және үйқамақты қамауға алмастыруға шешім қабылдайды", – деді судья.

Іс бойынша тоғыз адам зардап шегуші ретінде танылды. Олардың ішінде – Тасқала, Сырым және Ақжайық аудандарының әкімі, Бәйтерек ауданының әкімінің орынбасары, Жаңғалин ауданы әкім аппаратының басшысы және Сырым ауданының сәулет бөлімінің басшысы бар.


"Магнум" сауда желісінен ақша бопсалаған блогерлер 7 жылға сотталды


Тергеу мәліметтері бойынша, Бүкенов әлеуметтік желідегі танымалдылығын бас пайдасына пайдаланған.

Айыптау нұсқасы бойынша, блогер Жаңғалин ауданы әкім аппаратының басшысынан Facebook-тегі жарияланымдарды өшіру үшін бір миллион теңге талап еткен. Онда блогер шенеуніктің мемлекеттік арнайы техникасын жеке мақсатта пайдаланып жатқанын жазған. Ақшаның бірінші бөлігі төленгеннен кейін, әкім ҰҚК-ға хабарлаған. Бүкенов төлемнің екінші жартысын алып жатқан сәтте ұсталған.

Екінші эпизод – қаражат жинаумен байланысты. Бүкенов танысының кітабын шығару сылтауымен шенеуніктерден, депутаттардан және қала тұрғындарынан 40 мыңнан 200 мың теңгеге дейін ақша жинаған. 

Сонымен қатар, тергеу деректеріне сәйкес, Бүкенов жиналған қаражатты құмар ойындарға жұмсаған, нәтижесінде 1,2 миллион теңге пайда алған. Бұл әрекеттер қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру деп танылған.

Айта кетейік, Айболат Бүкенов – блогер және әлеуметтік желідегі бірнеше пабликтердің иесі. Ол үнемі Батыс Қазақстан облысы билігін сынға алған жазбалар жариялап отырған. Оның Instagram парақшасында 17 мыңнан астам жазылушы бар.

Еске салсақ, осыған дейін ҰҚК-ның Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті блогер Айболат Бүкеновті ұстағанын жазғанбыз.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 25 Ақпан, 2026 18:38